• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Алматы облысында «Алатау арланы» анықталды

    Алматы облысында жаурыны жерге тимеген балуандар белдесуі өтті, деп хабарлады өңірлік баспасөз қызметі.

    «Алатау арланы» деп аталған білектілер додасы «Қазақстан барысы» республикалық турниріне жолдаманы сарапқа салу үшін ұйымдастырылған.

    Аталған жарыстың ашылу салтанатына облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.

    Алматы облысы білекті де, жүректі балуандарға кенде емес. Тұңғыш Қазақстан Барысы Ұлан Рысқұл да біздің өңірдің тумасы екені баршамызға мәлім. Былтыр «Қазақстан Барысы» жобасы өзінің 10 жылдық мерейтойын атап өтті. Осы жылдар бойы Алматы облысы дүбірлі додаға өзінің апайтөс балуандарын қосып келеді. Ал, өңірдегі кіл мықтыдан кім мықты екені дәл осы «Алатау арланы» сайысында анықталады.

    Сондықтан, қатысушыларға сәттілік тілей отыра, Республикалық деңгейде Алматы облысының мерейін асқақтатын, нағыз шебер жеңіске жетсін деймін, — деді аймақ басшысы Марат Елеусізұлы.

    Қонаев қаласының орталық алаңында өткен турнирге аймақтың түкпір — түкпірінен салмағы 90 келіден жоғары 28 балуан қатысты. Олардың барлығы өз өңірлерінде үздік үштіктен көрінген спортшылар.

    Айта кетейік, алыптар сайысының өтуіне Алматы облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы мен бұқаралық — спорттық іс — шаралар өткізу Орталығы мұрындық болды.

    Сағаттар бойы боз кілемде белдескен балуандар облыстың дарабоздарын анықтады.

    Жарыс қорытындысына келер болсақ, қарсыластарын тізе бүктірген, «Алатау арланы» атанған Қонаев қаласының атынан боз кілемде белдескен  Мәди Еділбаев алтын белбеудің иесі атанып,

    5 000 000 теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Республикалық турнирде Мәди Еділбаев Алматы облысының намысын қорғайтын болады.

    Ал, Еңбекшіқазақ ауданының атынан шыққан балуан, Нұрғали Жолтаев екінші орын алып, 1 000 000 теңгеге сертификатқа ие болса, жүлделі үшінші орынға Балқаш ауданынан келген Әлімжан Жұмахметов табан тіреді. Ол 500 000 теңгеге ақшалай сыйлыққа ие болды.

    Барша жеңіс тұғырынан көрінген спортшыларға арнайы дипломдар табыс етілді.

    Осылайша, облыстың арландары лайықты тұғырынан көрінді.

     

    Толқын МҰСАБЕКОВА,

    Елдар ЖАҚЫПБЕК,

    Алматы облысы,

    Қонаев қаласы

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *