Қазақстан футбол федерациясы отандық төреші Татьяна Сорокопудова әйелдер арасындағы УЕФА төрешілерінің бірінші санатына көтерілгенін хабарлады.
-Бұл шешім Татьяна Сорокопудованың кәсіби деңгейінің өскенін көрсетеді және оның көп жылдық еңбегі, жүйелі дамуы мен ұлттық әрі халықаралық деңгейдегі тұрақты жұмысының нәтижесі саналады.
УЕФА-ның бірінші санатына көтерілуі – оның жеке жетістіктерінің мойындалуы ғана емес, сонымен қатар Қазақстандағы төрешілік жүйенің біртіндеп дамып келе жатқанын және әйелдер арасындағы төрешіліктің халықаралық аренадағы позициясы нығайып отырғанын айқындайды, — делінген хабарламада.
ҚФФ-ның хабарлауынша, осыған дейін Татьяна Сорокопудова УЕФА аясындағы халықаралық матчтарды басқарып, сондай-ақ ел ішіндегі жарыстарда тұрақты түрде төрешілік етіп келді. Оның халықаралық ойындарға тағайындалуы дайындық деңгейінің жоғары екенін және еуропалық төрешілік талаптарына толық сай екенін көрсетеді.
-Арбитрдің УЕФА-ның бірінші санатына көтерілуі – елдегі төрешілер корпусының дамуындағы маңызды кезең. Бұл жетістік, сонымен қатар, әйелдер футболындағы төрешілерді жүйелі түрде дайындау мен қолдаудың нақты нәтижесін айқындайды, — делінген одан әрі материалда.
Қазақстан футбол федерациясы мен Kazaips.kz және SportPress.kz ақпараттық-сараптамалық спорт сайттары Татьяна Сорокопудованы осы жетістігімен құттықтап, халықаралық деңгейде алдағы жұмысына сәттілік тілейді.
SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары