• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    astanatv.kz

    Серік Жарасбаев: «Шетел спортшыларына жыл сайын жұмсалған 3,5 млрд теңге қысқартылды»

    Астанада Спорт күніне орай «Спортшылар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Қазақстандағы спорт: реформалардан нәтижелерге дейін» атты конференция басталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

    Осы жиында қаржыны оңтайландыру мәселесі туралы сөз болғанда туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев Қазақстан клубтарында ойнайтын шетелдік спортшыларға жыл сайын жұмсалған 3,5 млрд теңге мүлдем қысқартылғанын айтты.

    Басқосуда ол мемлекеттік ақшасы легионерлерге емес, балалар спортына жұмсалатынын атап өтті.

    «Биылдан бастап қаражат балалар мен жасөспірімдер және бұқаралық спортты дамытуға арналады», деді сөз сөйлеуші.

    Конференцияда реформалардың қорытындылары мен саланы дамытудың алдағы жоспарлары талқыланып жатыр. Биыл елімізде бірнеше дүрмекті доданың да болатыны, оған қазірден бастап дайындықтың басталып кеткені де айтылды.

    «Қазанда Астанада спорттық күрес түрлерінен әлем чемпионаты, қараша айында Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) Атқарушы комитетінің отырысы болады. Келесі жылы бокстан, дзюдодан, таеквондодан, үстел теннисінен және киберспорттан әлем чемпионаттары, шорт-тректен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты өткізіледі. Бұдан бөлек, елімізде УЕФА-ның 51-конгресі өтеді.

    Алдағы күнтізбеде — 2029 жылы Алматыда өтетін қысқы Азия ойындары және 2030 жылы Астанада жеңіл атлетикадан жабық ғимараттағы әлем чемпионаты бар», деді С. Жарасбаев.

    Конференция жұмысы үш пленарлық сессия бойынша болып жатыр. Сессиялар реформалар және басқару тиімділігі, медицина, ғылым және цифрландыру, ұрпақтар сабақтастығы және бұқаралық спорт тақырыбына арналып отыр.

    Қазір министрлік «Денешынықтыру және спортты дамыту туралы» заңды басшылыққа алып, жұмыс істеуде. Бұл құжат Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың IV отырысында спортты дамыту мәселесін ерекше назарға алғаннан кейін Парламентте екі оқылымда қаралып, мақұлдаған еді.

    Аталған заң спорттың басым түрлерін айқындауға, оларды қаржыландыруға және денешынықтыру мен спорт субъектілерімен өзара іс-қимылға бағытталған.

    Осыдан кейін командалық спорт түрлерінен клубтар бірте-бірте легионерлерден бас тарта бастады. Мысалы, Қызылорданың «Қайсар» жасағы футболдан былтырғы маусымда алғашқылардың бірі болып легионерсіз ойнады. Сол сияқты «Атырау» футбол клубынан да біраз легионер кетті.

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *