Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Азия ойындарының алтын жүлдегерлеріне берілетін сыйақы бюджеттен тыс қаражат есебінен 40 мың долларға ұлғайтылғанын мәлімдеді, деп хабарлады SportPress.kz.
«Биыл федерациялар мен Спортты қолдау қоры арқылы бюджеттен тыс қаражат есебінен Азия ойындарының чемпиондарына берілетін сыйақыны 50 мың долларға дейін арттырдық. Ал өзге жүлдегерлерге тиесілі төлемдер мемлекеттік органдармен келісу жұмыстары және халықаралық федерациялармен байланысты қажетті рәсімдер аяқталғаннан кейін беріледі», – деді министр.
Жапонияның Аичи префектурасы мен оның орталығы Нагоя қаласында өткен ХХ жазғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы 12 алтын, 24 күміс, 48 қола, жалпы барлығы 84 медаль жеңіп алған еді. Қазақстан құрамасы Азиадада жалпыкомандалық есепте сегізінші орын алды. Ал Пара Азия ойындарында отандастарымыз 12 алтын, 16 күміс, 22 қола жүлде алып, барлығы 50 медаль иеленді. Бұл сында спортшыарымыз жалпыкомандалық есепте тоғызыншы орынға ие болды.
SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары