• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Қазақстан футбол федерациясы

    Қазақстан құрамасына жаңа жаттықтырушы келеді

    Футболдан ұлттық құрама команданың бас жаттықтырушы тағы ауысатын болды. Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Скотт Манн айтты. Ол сейсенбі күні ҚФФ кеңсесінде еліміз құрама командасының Ұлттар лигасындағы нәтижесіне қатысты мәлімдеме жасап, бас жаттықтырушысы Джон ван’т Шкиптің осы аптаның соңында қызметінен кететінін ескертті.

    Қазір ҚФФ оның орнына басқа бапкерді іздеп жатыр. Скотт Манның айтуынша, жаңа бапкер келесі жылы наурыз айында белгілі болады. Ал жаңа бас жаттықтырушының жерілікті маман бола ма әлде шетелден келе ме ол жағы әлі белгісіз.  Осы жерде ол Ұлттар лигасында сүреңсіз нәтиже көрсеткен құрама команда үшін кешірім сұрап, бар жауапкершілікті өз мойнына алатынын айтты.

    «Джон ван’т Шкипті қызметке шақырғаныма өкініп қалдым. Біз оны уақыт тығыз болған соң, командаға шақырдық. Ол қолынан келген жұмысты істеді. Бірақ оның жұмысына көңіліміз толған жоқ. Сондықтан ол қызметінен алынады», деді ол.

    Сонымен бірге ол соңғы 10 жылда 11 адамның еліміздің бас командасының тізгінін ұстағанын, ұлттық құрама жаттықтырушысының жиі ауысуы футболға кері әсерін тигізетінін  атап өтті. Оның пікірінше, алдына үлкен мақсат қойған команда бапкерді жиі ауыстырмау керек. Қазір басты міндет – әлемдік рейтингте үздік 75 құраманың қатарына жақындау. Ол осы мақсатқа жету үшін құраманы жаңарту керек екенін атап айтты.

    «Бізге жас таланттар керек. Команданың тамырына қан жүгіртетін жас жігіттер қажет. Соңғы төрт жылда рейтингіміз 110-120-орындардың арасында құбылып келеді. Сондықтан бізге команданы жаңартып, 75-орынға көтерілуді мақсат етуіміз керек», деді ол.

    Скот Маннның айтуынша, Қазақстанда футболды дамыту үшін  нақты жоспары мен стратегиясы бар. Ол дәл қазір Фарер аралдарының деңгейі біздің елден биік екенін,  өйткені бұл команданың негізгі құрамындағы футболшылардың 90 пайызы Данияда ойнайтынын, ал Қазақстан командасындағы ойыншылардың 90 пайызы Қазақстан чемпионатында доп тебетінін айтты.

    «Оның өзінде жергілікті футболшылар клубтарында көп ойнамайды. Себебі командаларда легионерлер көп», деді ол.

    Осы жерде ол бүгінде барлық ел 17-19 жас аралығындағы жас футболшыларға үлкен сенім артатынын, ал Қазақстанда керісінше, жас таланттарға ересек футболшылармен ойнауға мүмкіндік берілмейтінін ескертті.

    «Шындықтың бетіне тура қарасақ, 17 және 19 жастағы үздік ойыншылар болуы керек. Қазір Қазақстан футболының басты проблемасы лайықты бас жаттықтырушының болмауы мен жас таланттардың ашылмауы. Бізге ұлттық құраманы жаттықтыруға мықты маман ғана емес, жасы да, менталитеті де сәйкес келетін, осындай ауыр жауапкершілікті көтеруге дайын бапкер қажет.

    Егер тәжірибесі аз жас маманды бірден ұлттық құраманың жаттықтырушысы етіп қойсақ, бұл үлкен тәуекел болады. Сондықтан бізге Байсуфинов сияқты тәжірибесі мол, жүйеде ұзақ уақыт жұмыс істегенін адам керек. Мен шынын айтқанда оның қызметтен кеткенін қаламадым», деді ол.

    ҚФФ бас хатшысы ұлттық құраманың сәтсіз ойындарына қарамастан қызметтен кетпейтінін, келісімшарт бойыша әлі 2023 жылға дейін жұмыс істейтінін, Қазақстанға футболды дамыту үшін келгенін мәлімдеді.

    Еске сала кетсек, 52 жастағы аустралиялық Скотт Манн биыл 27 сәуірде Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы қызметіне тағайындалды. Ол қызметке келгеннен кейін Қазақстан ұлттық құрамасы сегіз матчта бірде-бір рет жеңіске жете алмады. Ұлтық құрама төрт ойында тең ойнап, төрт матчта жеңіліп қалды.

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *