Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында тірек-қимыл аппараты, көру қабілеті зақымданған және зияткерлік даму ерекшеліктері бар спортшылар арасында өткен V Азия пара ойындары мәреге жетті.
Биылғы V Азия пара ойындарында ұлттық құрама 50 медаль – 12 алтын, 16 күміс, 22 қола жүлде еншілеп, жалпыкомандалық есепте тоғызыншы орынға тұрақтады. Бір аптаға созылған жарыс барысында жерлестеріміз пара дзюдо, пара велоспорт, пара жүзу, өзге де спорт түрлерінен жүлделі орындарға ие болды.
Пара Азиаданың соңғы күндері Ақтолқын Сейілбекова, Зарина Райфова, Наиль Ермұханбет, Ибраһим Нұрмаханұлы, Бексұлтан Құлмырза, Жұрқамырза Шүкірбеков пен Анастасия Калаус алтын медаль жеңіп алып, ел қоржынының толығуына үлес қосты.
Пара дзюдодан Жанбота Аманжол күміс медаль жеңіп алды. Ғалымжан Смағұлұлы, Ермек Нұрқабаев, Бағланбек Оңалбек, Ерлан Өтепов, Әлфия Тілекқабыл, Даяна Федосова, Аяла Мереке қола жүлдегер атанды. Бұл спорт түрінен спортшылар 5 алтын, 1 күміс, 7 қола медаль иеленіп, жалпы саны 13 жүлдеге ие болды.
Пара жүзуден 1 алтын, 5 күміс, 4 қола медаль жеңіп алып, жалпы саны 10 жүлдені иеленді. Спорттың осы түрінен Диас Кенжебек S10 класында 100 метрге арқамен жүзуден чемпион атанса, 100 метрге еркін жүзу, 200 метрге кешенді жүзу қашықтықтарында күміс, 100 метрге баттерфляй әдісімен жүзуден қола медаль жеңіп алды.
Әли Тұрғанбеков SB4 класында 100 метрге брасс әдісімен жүзуден күміс жүлдеге ие болды. Сонымен бірге ол құрама сапында 4×50 метрге аралас кешенді эстафетаға қатысып, тағы бір күміс медаль иеленді. Бұл жарыста ұлттық құрама намысын Әли Тұрғанбековпен бірге Наталья Звягинцева, Зүлфия Ғабидуллина, Айсұлтан Құлқаев пен Сиязбек Далиев қорғады.
Еліміздің құрамасы 4×50 метрге еркін стильдегі аралас эстафетада да күміс жүлдегер атанды. Бұл сында Наталья Звягинцева, Айсұлтан Құлқаев, Сиязбек Далиев пен Зүлфия Ғабидуллина жарыс жолына шықты. Сондай-ақ Роман Потапов, Виктор Волков пен Алина Синельникова қола медаль жеңіп алып, ұлттық құраманың жүлделер санын толықтырды.
Пара велоспорттан ел құрамасы 4 алтын, 4 күміс, 1 қола медаль еншіледі. Наиль Ермұхамбет ерлер арасындағы B класында тасжолдағы топтық жарыс пен жеке уақытқа жарысудан екі алтын медаль жеңіп алды. Анастасия Калаус та әйелдер арасындағы осы екі бағдарламада чемпион атанды. Сонымен қатар ол тректегі 4000 метрге жеке қуалау жарысында күміс жүлдеге ие болды. Кирилл Илюкевич тасжолдағы топтық жарыс пен жеке уақытқа жарысудан екі күміс, тректегі 4000 метрге жеке қуалау жарысында қола медаль жеңіп алса, Жұлдыз Қайнарова тасжолдағы топтық жарыста күміс жүлдегер атанды.
Пара пауэрлифтингтен спортшыларымыз 1 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль алды. Екі мәрте паралимпиада ойындарының чемпионы, даңқты Давид Дегтярев 54 кг салмақ дәрежесінде 192 кг көтеріп, Азия пара ойындарының рекордын жаңартты. Тұрсынай Қабыл 41 кг, Алина Солодухина 45 кг-ға дейінгі салмақ дәрежесінде күміс медаль иеленді. Станислав Шакиев пен Айжан Берімқұлова қола жүлдегер атанды. Сонымен қатар Ерболат Кәрібай, Давид Дегтярев, Станислав Шакиевтен құралған Қазақстан ерлер құрамасы командалық жарыста қола медальға қол жеткізді.
Пара жеңіл атлетикадан жерлестеріміз 2 күміс, 2 қола медаль жеңіп алды. Ислам Сәлімов T13 класында ұзындыққа секіруден, Дастан Мұқашбеков F36 класында ядро лақтырудан күміс жүлдегер атанса, Иван Залезняк F36 класында, Махамбет Серікқалиев F53 класында ядро лақтырудан қола медальға ие болды.
Айсұлу Сүлейменова әйелдер арасында 100 метрге жүгіруден T62 класында 16,18 секунд нәтиже көрсетіп, Азия рекордын жаңартты. Пара үстел теннисінен ел қоржыны 4 қола медальмен толықты.
Пара садақ атудан 1 күміс, 1 қола жүлде бұйырды. Ерлер арасындағы W1 класында жұптық сында Нұршат Төлеуқасым мен Темірлан Сейіткамал күміс жүлдегер атанды. Бұл – еліміздің Азия пара ойындары тарихындағы пара садақ атудан алғашқы жүлдесі. Сонымен қатар Нұршат Төлеуқасым W1 класындағы жекелей жарыста қола медаль жеңіп алды.
Пара оқ атудан Еркін Ғаббасов R1 бағдарламасында, SH1 класында 10 метр қашықтықтан пневматикалық винтовкамен ату сайысында чемпион атанды.
Пара таеквондо, бочча, арбадағы теннистен сынға түскен спортшыларымыз жүлделі орындарға ие бола алмады.
Туризм және спорт министрлігінің мәлімдеуінше, биылғы Азия пара ойындары ұлттық құрама үшін нәтижелі болды. 2023 жылы Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен IV ойындармен салыстырғанда спортшыларымыз жалпыкомандалық есепте екі орынға көтерілді. Қытайда 8 алтын, 12 күміс, 21 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте 11-орын иеленген болатын. Сондай-ақ биыл ел құрамасы Азия пара ойындарының тарихында алғаш рет пара үстел теннисі мен пара садақ атудан медаль жеңіп алды. Спортшыларымыз бірнеше рекорд жасады.
Еркін Ғаббасов пен Давид Дегтярев Азия пара ойындарының рекордтарын жаңартса, Диас Кенжебек пен Айсұлу Сүлейменова өз кластарында Азия рекордын жасады. Бұл жетістіктер – ең алдымен, мемлекет тарапынан пара спортты дамытуға көрсетіліп отырған қолдаудың, спортшыларымыздың табандылығы мен қажырлы еңбегінің, жаттықтырушылардың жүйелі жұмысы мен тыңғылықты дайындықтың нәтижесі.
Пара Азиаданың жабылу салтанатында еліміздің көк туын көркем гимнастикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы, 16 жастағы Ақмарал Ерекешева алып шықты.
Биылғы Пара Азиадада Қытай құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды. Олар 207 алтын, 117 күміс, 111 қола – барлығы 435 медаль жеңіп алды. Екінші орынды 63 алтын, 60 күміс, 62 медальмен Жапонияның спортшылары иеленді. Үшінші орынға 45 алтын, 49 күміс, 52 қола жүлде алған Өзбекстан өкілдері көтерілді.
Келесі VI Азия пара ойындары 2030 жылы 4–19 қараша аралығында екінші мәрте Қатар астанасы Дохада өтеді.
SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары