Бүгінде футбол миллиондаған, тіпті миллиардтаған жанкүйердің сүйікті ойынына айналған. Ал оның түп тамыры сонау Еуропаның бір шетінде жатқан Англиядан шыққанын білеміз. Бұл елде футболды үйретудің әдіснамасы да мықты дамыған. Сондықтан жер-жүзінде ағылшын тілді теңбіл доп өнері қай елде болсын жақсы дамып келеді.
Қазір елімізде балалар мен жасөспірімдерге спорттың осы түрін ағылшынша үйретіп жатқан «Арландар» деген клуб бар. Ол әріптесіміз Фазылбек ӘБСАТТАРҰЛЫНЫҢ бастамасымен құрылған. Бұл команда Астана қалалық футбол федерациясының ұйымдастыруымен өтетін жарыстарға қатысуда. Жақында аталған клубтың басшысымен кездесіп, балалар футболы туралы әңгімелескен едік.
–Фазеке, ағылшындардың әдістемесін негізге алып, балаларға теңбіл доп өнерінің қыр-сырын үйретіп жатқаныңызды білемін. Бұл өте жақсы іс екен. Енді осыны кеңірек айтып берсеңіз.
–Осы іспен бірнеше жылдан бері айналысып келемін. Себебі, осы күнге дейін елімізде ағылшын тілінде футбол үйрететін команданың бар екенін естімеппін. Ал Астанада мүлдем жоқ. Сондықтан біз балалар мен жасөспірімдерге футболды ағылшынша үйрету керек деген шешімге келдік. Біздің «Арландар» клубын құрғандағы мақсатымыз – шетелдің дамыған елдерінің командаларымен терезесі тең ойнай алатын клуб құру, сол атақты жасақтарға жас таланттарды оқуға жіберу, әлемдік деңгейдегі футболист дайындау. Ол үшін балаларды Еуропаның байқауларына апару керек. Ал егер шәкіртіміз ағылшын тілін біліп тұрса, онда біз оны шетелдік командаға жібере аламыз. Сол кезде ол қиналмай сабағын жалғастыра алады. Сонда ғана біз қазақ балалары арасынан Марадона, Месси, Роналдо, Роналду сияқты футболшыларды шығара аламыз. Қазір сол жоспар бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Португалияның «Брага спорт» клубымен байланыс құрдық. Келесі айда Брага кубогына қатысуға шақырту алдық. Өздеріңіз Франциядағы қазақ жастарының «Париж Қазақ Спорт» командасын жақсы білесіздер. Бұл клуб Париж кубогын ұтып алған. Бұл команда Франция лигасында ойнайды. Солармен байланыс орнаттық. Тағы көптеген Еуропаның белгілі клубтарымен келіссөздер жүргізіліп жатыр.
–Командаңыз Астана біріншілігінде де ойнайды екен. Оған қай кезден бері қатысып жатсыздар?
–Биылдан бастап қатысып келеміз. Оның нәтижелерін футбол федерациясының сайттарынан көруге болады.
Біз әлі ересектер командасын шығармадық. Себебі, жаңа клуб болған соң алдымен балалар командасын құрудан бастадық. Бәрі уақытымен болады. Алдағы кезде жасөспірімдер лигасы, Қазақстанның бірінші және Премьер-лигасына қатысамыз.
–Енді көпшілігіміздің көкейімізде жүрген мына бір сұрақты қойғым келеді. Біздің елде футболды дамытуға қандай кедергілер болып тұр?
–Біз әлі футболды Кеңес одағынан қалған әдіспен үйретіп жатырмыз. Ағылшын тілінде үйретуге тіл жетпейді. Біздің білетініміз орысша. Сондықтан орыс тілінің аумағынан алыс кете алмадық. Футболдың айналасында тек қана орыстілділер. Егер балаларымызды футбол клубтарына берсек тілі орысша шығады. Мені қатты таң қалдырғаны осы болды. Іс-қағаздары толығымен көрші елдің мемлекеттік тілінде жүргізіледі. Клубымызға келген орысша құжатты мемлекеттік тілге аударып, толтырып жіберсек футболға тиісті органдар түсінбей жатады. Қазір Құдайға шүкір біздің клуб бұл стереотипті бұзды. Осылайша, мемлекеттік тіліміздің қолданыс аясын дамытуға өз бетімізше үлес қосудамыз.
–Футбол клубыңыз қашан құрылды?
–Мен Жапонияда біраз уақыт тұрдым. Содан Астанаға қайтып келіп, бизнеспен айналыса бастадым. Ал кәсіпкер болу оңай емес. Шаршайсың, шалдығасын. Осылардың барлығы жүйкеге салмақ салды. Осы психологиялық қиыншылықтарды артта қалдырудың жалғыз жолы денеге салмақ салу деп ойлаймын. Кешке үйге келген соң аулада футбол ойнауды әдетке айналдырдым. Біраз жеңілдей бастадым. Ауладағы барлық балалармен дос болдым. Содан жаз шықты. Балалар «жаз бойы ішіміз пысатын болды» деп жүрді. Бәрінің шетел асып демалмайтыны, лагерьге бара алмайтыны белгілі. Іздендім. Аула клубтарының лигасын таптым. Балаларды жаз бойы жарысқа апарып жүрдім. Бір сәт болса да бос уақыттары болмады. Әр жеңіс сайын дастархан жаятын болдық. Өзіміздің дәстүрлер қалыптаса бастады. Оған көрші аулалар қосылды. Соңында 5-6 аула бір үйдің балаларындай болып шыға келдік. Жарыстан жарыс қоймадық. Қатыса бердік. Бір күні кәсіпқой футболшылардың турниріне қатысатын болдық. Бұл жарыс бізге қызық болды. Барсақ, барлығы спорттық киіммен жүр, дәрігерлері жанында. Ойын алдында ауылдың кір қожалақ балаларындай алабажақ киімдермен мұрындарын сүртіп қойып қатарға тұрдық. Нәтижесінде шеттерінен ұтып шықтық. Барлығы аң-таң. Содан футбол клубын құрамын деген шешімге келдім. Ең басты себеп, осындай талантты балаларды тастап кетуге қимадым. Талай мәрте тастап кеткім келді. Яғни, әркім өз бетінше кете берсін дедім. Еш болмады. Балалар үйді жағалап жүріп алды. Оларды да біраз сынадым. Жүрегіме дейін жеткен нәрсе, ол қыстың қақаған аязында, – 20 градус суығында мені үйден шығарып алып, ауладағы алаңда футбол ойнаттыру болды. Мұрнымыздың ішіне мұз қатып, демала алмай қалғанша футбол ойнадық. Кеш болса да есігіме тыным жоқ. Кейде түн жарымда балалар жиналып келіп «ағай футбол ойнайықшы» деген кезде, бұл балаларға ешнәрсе кедергі бола алмайтынын түсіндім. Ұрса да алмайсың. Балаларым ұйықтап жатыр дегенді түсінбейді. Жасыратыны жоқ, өз басым денсаулық үшін жүгіріп терлегенше ғана ойнадым. Ары қарай зауқым болмады. Жас бар. Бәрі әсер етеді екен. Мені суырып шығарған, белді байлатқан балалар болды. Бірақ бастауын бастадық-ау, балалардың қызуы екі-ақ жылға жетті. Басты себеп, футболдағы әділетсіздіктер болды. Жеңіп тұрса да көзбе көз жеңілді санаған ойындарды өткіздік. Әділетсіздіктерге шыдамай ойын соңы жаппай төбелес болған кездер болды. Психологиялық тұрғыдан балалар сынды. Қолымнан келгенше көмектесуге тырыстым. Бірақ балаларға жемқорлық, әділетсіздік дегендерді түсіндіру маған қиынға, ауырға соқты. Одан қалды қадам аттаған сайын мәселе ақшаға тіреле берді. Балалардың жағдайы жоқ. Ақшаның жоқтығы қатты соққы болды. Ал мен бастап қойған соң, істі жарты жолдан қалдыру әдетімде жоқ. Алға кете бердім. Бірақ Қазақстандағы спорттың былық шылықтарына бата бастадым. Сосын шетелдік футбол ұйымдары мен клубтарымен байланыс орнатуды көздедім. Осылайша «Арландар» футбол клубы құрылды. Бізбен байланыс үшін мына номерге хабарласуға болады: +77754800035
–Әңгімеңізге рахмет! «Арландар» клубы талай асулардан өтіп, биік шыңдарға шыға берсін!
-Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН