• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Ұлттық Олимпиялық комитет

    Геннадий Головкин World Boxing президенті болып сайланды

    Геннадий Головкин Италияның Рим қаласында өткен конгресте Халықаралық World Boxing федерациясының президенті болып сайланды. Бұл туралы Ұлттық Олимпиялық комитет хабарлады.

    Ол халықаралық спорт федерациясын басқарып отырған алғашқы Қазақстан азаматы ретінде тарихқа енді. Өкілеттік мерзімі — үш жыл.

    -Мен боксқа қатысты жолдың барлық кезеңінен өттім. Спортшы болып, Олимпиялық ойындарда ел намысын қорғадым. Кейін әлем чемпионы атандым. Енді міне, спорт саласында көшбасшы ретінде қызмет етіп келемін.

    Мен мұнда бокстың болашағы үшін жұмыс істеуге келдім.

    Халықаралық Олимпиялық комитет Olympism365 комиссиясының мүшесі әрі World Boxing Олимпиадалық комиссиясының төрағасы ретінде жақсы білетінім: әділ басқару — спортшыларды және біздің спортты қорғайтын басты тетік.

    Бүгін біз алға қарай маңызды қадам жасап отырмыз. Біз спортшылар сенетін, Олимпиялық қауымдастық құрметтейтін федерацияға айналуымыз керек.

    Әрбір боксшы әділ әрі қауіпсіз спортта өсіп, дамыса деймін. Біз тәуелсіз боламыз. Бірақ Олимпиялық құндылықтарды құрметтеп, әділдік, теңдік және спортшыны қорғау қағидаларына сай жұмыс істейміз.

    Қолдау көрсетіп, сенім білдіргендеріңіз үшін бәріңізге алғыс айтамын, — деді Геннадий Головкин.

    Конгрессте World Boxing ұйымының басқару органдарына сайлау болды. Сонымен қатар федерация регламентіне қатысты мәселелер, халықаралық күнтізбе және ұйым құрылымын дамыту тақырыптары қаралды.

    Қабылданған барлық шешім ұйым жарғысына толық сәйкес өтті. Әр мәселе жеке дауысқа салынып, делегаттардың басым бөлігі қолдағаннан кейін ғана бекітілді. Дауыс беруге барлығы 58 ұлттық федерация өкілі қатысты.

    World Boxing — 2023 жылдың сәуір айында құрылған халықаралық бокс федерациясы. 2024 жылдың қыркүйегінде Геннадий Головкин ұйымның жаңа Олимпиялық комиссиясының төрағасы болды.

    2025 жылдың ақпанында Халықаралық Олимпиялық комитет World Boxing ұйымын уақытша мойындап, оған боксты әлемдік деңгейде басқару құқығын берді. Ал наурыз айында ХОК боксты Лос-Анджелесте өтетін 2028 жылғы Олимпиада бағдарламасына ресми түрде енгізу туралы шешім қабылдады.

    Қазіргі таңда World Boxing құрамына 136 ел кіреді.

    Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Геннадий Головкинді World Boxing халықаралық бокс федерациясының президенті болып сайлануымен құттықтады.

    -Бұл — Геннадий Головкиннің ерен еңбегіне берілген лайықты баға. Даңқты отандасымыз олимпиадалық спорт түрі бойынша халықаралық федерацияны басқаратын Қазақстанның алғашқы өкілі атанды, — деді ол.

    Геннадий Головкин халықаралық спорт федерациясын басқаратын алғашқы Қазақстан азаматы болып отыр. Өкілеттік мерзімі — үш жыл.

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *