Белгілі ақын, спорт саласының майталманы, күміс көмей әнші, композитор, өлең сөздің жорғасы, сөз зергері, қол өнерінің шебері Нұрлыбек Рәбілұлының жаңа ғана сиясы кеуіп оқырманынына жол тартқан поэзиялық жыр топтамасы осылай деп атау алған екен.
Кітаптың атауы айтылып тұрғандай бұл кітапта Нұрлыбек өзінің отты да шоқты жырларымен, оқырманды еріксіз баурап алатынын жыр сүйер қауымның қолына тигенде біле жатары анық. Негізі Нұрлыбек ақынның бұл кітапқа дейін баспадан үш кітабы жарық көрген болатын. Арқалы ақынның таңдап алған жанры – поэзия.

Әрбір өлеңінде елге, туған жерге, досқа, ата-анаға деген үлкен маххабатпен жазылған жыр шумақтары оқырманды бей-жай қалдырмайды. Мұзбалақ ақынның өлең жолдарында әсіресе, жастар тәрбиесінде ұлттық салт дәстүр мен ұлттық құндылықтарымызды сүю арқылы туған елге, жерге деген сүйспеншілігін оятуға тырысқандығы көрініп тұрады. Иә, бізде ақындардың көпшілігі бұл тақырыптарды қозғап жазғандарын білеміз. Дегенменде ұлттық патриотизмді қайрап, ұлтымен мақтанауға дайын жас буынға Нұрлыбектің осындай мінезді, отты, терең мағынадағы жырлары дәл қазір қажет деп ойлаймыз.
Хош, сонымен «Тілекке толы жүрек» атты кітабының тұсауы Қазақтың Спорт және туризм академиясының шаңырағында салтанатты түрде тұсауы кесілді. Айтулы спорт шаңырағында кітаптың тұсауының кесілуінің өз мәні бар.

Нұрлыбек Рәбілұлы – ширек ғасыр өмірінде спорттың әсіресе, таеквондо түрімен белсене айналысып үлкен жарыстарда қанжығасы майланған майталман ардагер спортшы. Сонымен қатар ол көптеген елге танымал талантты таеквондо шеберлерін дайындап шығарған білікті бапкер. Нұрлыбекті көп қырлы азаматқа теңесек, тағы ерекші қырының бірі ол шоқпар жасап шығарып, оны әр салада ел үшін қызмет еткен ерен ерлерге тарту етуі. Қол өнер шеберінің қолынан жасалынып шыққан шоқпарды еліміз бен алыс-жақын көрші мемлекеттерден бүгінде 200-ден астам адам алған екен. Бұл да бір ескі дәстүрді жаңғыртып, елім деген ерлерді шабытттандырудың үлкен үлгі-өнегесі деп білген жөн. Сондықтан да спорт пен ақындықтың жолын қоса өрген » сегіз қырлы бір сырлы» десе болады. Осындайда бір адамның бойына бар өнерді үйіп, түйіп берген құдіреті күшті Жаратушы бір Аллаға бас имесіңе шара жоқ. Сонау Біржан сал, Ақан сері мен Балуан шолақ сияқты сал, серілердің осы заманымыздағы жалғасын Нұрлыбектің бойынан көретін сияқтымыз. «Жігітке жеті өнерде аз» деген осы болар. Қолына домбыра мен гитарасын ала салып ән салғанда тыңдаушысын елітіп, ерітіп әкететін туа біткен бір қасиеті бар.

Кезінде Қояндының базарында Карон балуанның жауырынын жерге аунатқан Балуан шолақ Нұрмағанбет бабамыздың атақты «Ғалия» секілді әндері тарихта қалып әлі күнге дейін ел ішінде айтылып келуі жәйден жәй емес. Атақты балуанның күрес өнері мен қатар салған әндері халықтың жүрегінен орын алып ұмытылмастай қалды. Өйткені Балуан шолақ қыр қазағының жүрегіндегі мұң-мұқтажы мен махаббатының нәзік пердесін шерте білді. Жол таба білді. Сол секілді Нұрлыбек те спорттағы салған сара жолына әншілік өнерін, оған қоса ақындық жырларын жалғастыра білген жан-жақты сегіз қырлы бір сырлы жан деп білеміз.
Кітаптың тұсаукесіріне келген халық ақынның жырларымен сусындап, Нұрлыбектің шәкірттерінің тәрбиесінде жаттығатын оқушылары өз өнерлерін ортаға салып көрерменді бір тәнті етті. Көңілді әрі тәрбиелік жағы тұнып тұрған мәні зор кеште Нұрлыбектің туып өскен жері сонау Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданынан келген ағайын-туыс бауырлары ақжарма ақтілектерін айтып, қуанышпен бөлісті. Сонымен қатар спорт саласында жылдар бойы бірге жүрген таеквондо спортының ардагерлері, көптеген дарынды шәкірттерді тәрбиелеген танымал шығыс жекпе-жегінің шебері, қазақтың біртуар азаматы Мұстафа Өзтүріктің бел шәкірті Қайрат Қырғызбаев пен Жетісу таеквондо федерациясының президенті, Жетісу өңіріне белгілі депутат Қайыр Қобыланбайұлы таеквондо федерациясының атынан құттықтау хаттары мен тарту-тарылғыларын кітап авторына тарту етті. Менде Нұрлыбектің спорт жолын көп жылдан бері жақсы білуші едім. Сондықтан да ет жақын таныс әрі жақын дос жанның бірі болғандықтан, өзімнің соңғы шыққан «Алаштың ақберені» атта кітабымды қолына табыс етіп, ата дәстүр салтымен иығына шапан жаптым.

Осылайша салтанатты іс-шараға келіп қатысқан барша халық автордың қолтаңбасы қойылған су жаңа мөрі басылған кітаптарды қолдарына алып, жақсы көңіл-күймен өткен жыр кеші соңына таяды.
Нұрлыбек Рәбілұлының «Тілекке толы жүрек» кітабының тұсаукесер іс-шарасы автордың ғибраты зор, берері мол тартымды өткен шығармашылық кешіне арналғандай әсер қалдырды.

Кітап ол өлмес мұра. Кезінде Уильям Шекспир «Кітап маған тақтан да қымбат», деген екен. Иә, қазіргі таңда кітап шығарамын деген жанға басып шығару еш қиындық тудырмайтын болды. Бірақ оқырманның көңілінен шығатын, бұрынғы кездегідей сөрелерден таба алмай іздеп жүріп оқитын кітартардың саны мен сапасы да азайып бара жатқанын көреміз. Осы орайда Нұрлыбек Рәбілұлы сияқты ақын, жазушы әрі спорт ардагері сияқты ардақты да айбынды азаматтардың отты да шоқты, мағыналы да мінезді жырлары оқырман үшін баға жетпес құнды қазыналы шығармалар деп айтар едік.

Ендеше, оқырманның қолына жол тартқан «Тілекке толы жүрек» атты ақтаңгер ақынның бұл кітабы халық арасында жақсы бағасын алып, айызын қандырып күреп жазар жыр топтамалары жалғасын табар деген үміттеміз.
Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,
АЛМАТЫ
SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары