• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Түрікстан облысы әкімінің баспасөз қызметі

    Түркістанда түркі елдері арасындағы шахмат чемпионаты басталды

    Түркістан қаласында 20-27 қараша аралығында түркі елдері арасындағы шахмат чемпионатына жеті мемлекеттен 24 шахматшы жиналды. Ерлер, әйелдер және сеньорлар жекелеген турнирлерде жеңімпаз атағын сарапқа салады. Ерлер мен әйелдер турнирлерінің жалпы жүлде қоры — 40 миллион теңге, деп хабарлады SportPress.kz.

    Жеңіс тұғырынан көріну үшін Қазақстан, Әзербайжан, Мажарстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Түркия мен Өзбекстан өкілдері бақ сынауда. Қазақстан намысын әр санатта екі ойыншыдан, барлығы алты шахматшы қорғайды. Өзге елдер әр турнирге бір-бір өкілден жіберген.

    «Бүгін киелі Түркістанның төрінде түркі елдері арасындағы халықаралық шахмат турнирі өтіп жатыр. Бауырлас мемлекеттердің ең мықты шахматшылары өз шеберліктерін сынау үшін арнайы келді. Мықтылар жеңіске жетіп, өз елдерінің көк байрағын желбіретсін! Әрине, біз де өз спортшыларымыздың жеңіс тұғырына көтеріліп, Қазақстан Әнұранын шырқатқанын тілейміз. Түркістан облысына тоқталсақ, біздің жас шахматшыларымыз әлемдік деңгейде өздерін танытып үлгерді. Атап айтсақ, Әсия Асылхан мен Айару Алтынбек. Бүгінде өңірімізде 2 200-ден астам спортшы шахмат ойнайды. Олармен 87 жаттықтырушы жұмыс істейді. Осылайша біз өңіріміздегі шахмат спортының дамуына өз үлесімізді қосып келеміз», деді Түркістан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров.

    Астанада 2025 жылы 20 қазанда алты федерация өкілдері Түркі шахмат қауымдастығын құру туралы меморандумға қол қойды. Ұйымға алғашқы болып Түркия төрағалық етті. Ал 2026 жылы төрағалық тізгіні Қазақстанға өтті.

    «Қауымдастығымыздың штаб-пәтері орналасқан көне Түркістан қаласына қош келдіңіздер! Қауымдастығымыз бір жыл бұрын құрылды. Басты оқиға ретінде Астанада өткен алғашқы командалық чемпионатымызды атауға болады, ал бүгін ерлер, әйелдер және сеньорлар арасындағы алғашқы жекелей чемпионатымызды өткізіп жатырмыз. Келіп, елдеріміз арасындағы достықты нығайтуға үлес қосқандарыңыз үшін алғыс айтамын. Барлық ойыншыларға тартысты партиялар тілеймін, шын мықтылар жеңіске жетсін!», деді Түркі шахмат қауымдастығының атқарушы директоры Жазира Ескендирова.

    Түркі шахмат қауымдастығы Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Түркия және Өзбекстанның ұлттық шахмат федерацияларын біріктіреді. Қауымдастық бірлескен жарыстар ұйымдастырып, балалар мен жастарға арналған бағдарламаларды дамытады және федерациялар арасындағы тәжірибе алмасуды үйлестіреді.

    «2030 жылға дейін жаттықтырушылар мен төрешілерді даярлайтын академия құру, бірлескен оқу-жаттығу жиындарын, балалар мен сеньорларға арналған турнирлерді өткізу жоспарланған. Бүгінгі дода да осы бастамаларға өз септігін тигізеді деп ойлаймын. Бұл сында Қазақстан құрамасы лайықты деңгейде танылып отырғанын ерекше атап өткім келеді. Әйелдер турнирінде Самарқандағы Олимпиадада күміс жүлде еншілеген ұлттық құрамамыздың шахматшылары Елназ Қалиахмет пен Зарина Нұрғалиева ойнайды. Ерлер турнирінде Қазақстан намысын құрама ойыншылары Денис Махнёв пен Сауат Нұрғалиев қорғаса, сеньорлар арасында Павел Коцур мен Пётр Костенко бақ сынайды. Сондай-ақ сеньорлар арасындағы әлем чемпионатында жеңіске жеткен Мұртас Қажығалиевті және сол сында қола жүлде иеленіп, бүгін осында өнер көрсетіп жатқан Пётр Костенконы бөлек құттықтағым келеді. Аталған чемпионатта лайықты өнер көрсеткен Павел Коцурдың еңбегін де атап өткен жөн», деді Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Марат Есенов.

    Ерлер чемпионатының жүлде қоры 25 миллион теңгені құрайды. Жеңімпаз 7 миллион теңге, күміс жүлдегер 5 миллион теңге, қола жүлдегер 3,5 миллион теңге иеленеді. Әйелдер чемпионатында 15 миллион теңге сарапқа салынады: бірінші орынға 4 миллион теңге, екінші орынға 3,25 миллион теңге, үшінші орынға 2,5 миллион теңге қарастырылған. Сеньорлар арасындағы турнир жеңімпазына MacBook, екінші орын иегеріне iPad, ал үшінші орынға iPhone табыс етілді. Төртінші және сегізінші орындар аралығында тұрақтаған шахматшылар Garmin сағаттарымен марапатталады.

    «Басты мақсат – түркі елдері арасындағы достық байланысты нығайту. Біз сеньорлар арасында да жеке турнир өткізуді жөн көрдік. Ол чемпионаттың сәнін келтіреді деп сенемін. Қазақстан шахмат федерациясы түрлі санаттағы ойыншыларға арналған жарыстарды тұрақты ұйымдастырып келеді. Жақында дипломаттар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері арасында турнирлер өткіздік. Ал бүгін Түркістанда түрлі елдерден келген шахматшыларды қарсы алып отырмыз. Қолдау көрсеткені үшін Түркістан облысының әкіміне алғыс білдіремін. Бірлесе отырып нағыз шахмат мерекесін ұйымдастыра алдық», дейді Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова.

    Ерлер мен әйелдер турнирлерінде шахматшылар екі айналым бойынша 14 тур ойнайды. 50 жастан асқан ойыншылар қатысатын сеньорлар жарысында айналма жүйе бойынша жеті тур қарастырылған. Барлық нәтиже FIDE рейтингін есептеу кезінде ескеріледі.

    Әйелдер чемпионатында Қазақстан намысын Елназ Қалиахмет пен Зарина Нұрғалиева қорғайды. Қыркүйек айында екеуі де Самарқанда өткен XXXXIV Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында командалық күміс медаль жеңіп алған болатын. Қазақстандық шахматшы қыздар Олимпиадада қатарынан екінші рет екінші орын иеленсе, Елназ Қалиахмет командалық күміс медаль мен жекелей сында алтын медаль иеленді.

    Ерлер турнирінде Денис Махнёв пен Сауат Нұрғалиев ойнайды. Екеуі де Самарқандағы Олимпиадада Қазақстан құрамасы құрамында өнер көрсеткен. Түркістанда Денис Махнёв 2581 рейтингімен бастапқы тізімде екінші орында тұр. Ол бірінші нөмірлі ойыншы, әзербайжандық гроссмейстер Ниджат Абасовтан небәрі төрт ұпайға ғана қалып келеді. Ал 2526 рейтингі бар Сауат Нұрғалиев төртінші сатыға жайғасқан.

    Сеньорлар арасында Қазақстан атынан гроссмейстерлер Павел Коцур мен Пётр Костенко бақ сынайды. Екеуі де 14 қарашада Сербияның Врнячка-Баня қаласында өткен сеньорлар арасындағы әлем чемпионатына қатысты. Онда Пётр Костенко 50+ санатында қола жүлде жеңіп алды. Түркістанда Павел Коцур сеньорлардың бастапқы тізімін бастап тұрса, Пётр Костенко екінші орында.

    Жарыс Қазақстан шахмат федерациясы мен Түркі шахмат қауымдастығының ұйымдастыруымен, ҚР Туризм және спорт министрлігі мен Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен өтіп жатыр. Чемпионаттың серіктесі – Freedom компаниялар тобы.

     

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *