Қазақстан құрамасы грек-рим күресінен Таиландтың Сирача қаласында өткен халықаралық турнирде U17 санатында екі медаль иеленді.
Марлен Төлеш 71 келіге дейінгі салмақта жеңімпаз атанса, 110 келіге дейінгі салмақта күш сынасқан Арыстан Темірғали құрмет тұғырының ең биік сатысына көтерілді.
Бұған дейін Еркебұлан Анапия (82 келіге дейін) мен Данияр Қанағатбек (72 келіге дейін) U20 санатында алтын жүлде алған болатын.

Теннисші Елена Рыбакина WTA тұжырымы бойынша жылдың үздік ойыншысы атағына үміткер бес спортшының қатарына енді.
2026 жылғы маусымда Рыбакина Australian Open, US Open, Штутгарт пен Нинбо турнирінде жеңімпаз атанды.
Отандасымыз «Үлкен дулыға» санатындағы екі турнирдің финалында Беларусь өкілі Арина Соболенконы жеңді.
Нью-Йорктегі жеңісінен кейін Рыбакина алғаш рет әлемдік рейтингте көш бастап, маусымды бірінші орында аяқтады.
Жылдың үздік теннисшісінің есімі желтоқсан айының ортасында жарияланады.

Астанада ауыр атлетикадан Қазақстан чемпиондары анықталды.
Ерлер арасында Әлібек Өтепберген (60 кг, БҚО), Мұхаммедәли Қойшыбек (65 кг, Қызылорда облысы), Сайрамкез Ақмолда (70 кг, Жетісу облысы), Петр Хребтов (75 кг, Алматы), Ақжол Құрманбек (85 кг, Жетісу облысы), Александр Уваров (95 кг, Шымкент), Артем Антропов (110 кг, Қарағанды облысы) мен 110 келіден аса салмақта Бағдат Маматқұл (Шымкент) чемпион атады.
Әйелдер сынында Айнұр Әбдіқалықова (49 кг, Жамбыл облысы), Әйгерім Әуелбек (53 кг, Жетісу облысы), Екатерина Алякина (57 кг, Қарағанды облысы), Инабат Өмірзақ (61 кг, Қызылорда облысы), Маргарита Ермакова (69 кг, Астана), Аянат Жұмағали (77 кг, Алматы), Сания Орманбаева (86 кг, Алматы) мен 86 келіден аса салмақта Любовь Ковальчук (Қарағанды облысы) алтын медаль алды.

Астанада конкурдан FEI әлем кубогінің Еуразиялық лигасы мәреге жетті.
Халықаралық жарысқа Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Грузия мен Ресей шабандоздары қатысты. Онда биіктігі 155 см болатын кедергілері бар негізгі маршрутта Өзбекстан өкілі Бекзод Курбанов (Matts V.G.) жеңімпаз атанса, отандасымыз Олег Соколенко Cinderella сәйгүлігімен екінші, Ксения Хайрулина (Gentleman De Beaulieu) үшінші орын алды.
Қазақстан қоржынына тағы бір жүлдені Аян Ғани салды. Ол биіктігі 135 см болатын кедергілері бар маршрутта Quattro VDB сәйгүлігімен екінші орынды иеленді. Қырғызстандық Ринат Галимов (Enrique PKZ) жеңіске жетсе, үздік үштіктен Өзбекстан өкілі Бекзод Курбанов (Santos Hipica) көрінді.

1-7 желтоқсан аралығында Орал қаласында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты өтеді.
Ел чемпионатында барлық өңірден 700-ден астам балуан бақ сынап, 30 салмақ дәрежесінде жүлделерді сарапқа салады. Чемпион атанған спортшылардан 2027 жылы халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайтын ұлттық құрама жасақталады.
Қазақстан чемпиондары грек-рим күресінен 55, 60, 63, 67, 72, 77, 82, 87, 97, 130 кг салмақта, еркін күрестен 57, 61, 65, 70, 74, 79, 86, 92, 97, 125 кг салмақта және әйелдер күресінен 50, 53, 55, 57, 59, 62, 65, 68, 72, 76 келі салмақта анықталады.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА
SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары