Геннадий Головкин Италияның Рим қаласында өткен Конгресте World Boxing федерациясының президенті болып сайланды. Осылайша Қазақстан тарихында халықаралық спорт федерациясын басқарып отырған алғашқы Қазақстан азаматы атанды, деп хабарлады Ұлттық Олимпиялық комитет.
Tengrinews.kz сайтына сұхбатында World Boxing басшысы жаңа қызметін Қазақстан Ұлттық Олимпиялық комитетіндегі жұмыспен үйлестіру жайлы, сондай-ақ әуесқой боксқа оралуының себептері мен жаңа лауазымдағы негізгі бағыттары туралы айтып берді.
– Геннадий Геннадиевич, жаңа қызметіңізбен құттықтаймыз! Сайлау кезінде сіз білім, цифрландыру және спортшыларды қорғау мәселелеріне басымдық беретін бағдарлама ұсындыңыз. Сіздің ойыңызша, бұл әлемдік боксты қалай өзгерте алады?
– Мұның бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Ешбір тармақты алып тастауға болмайды. Цифрландыру да, білім беру де — боксты дамытудағы негізгі бағыттар. Төрешілердің білім деңгейін көтеру, адами факторды азайту, жасанды интеллектіні енгізу, спортшылардың қауіпсіздігін күшейту керек. Біз тек көрермен қызығушылығын ғана емес, спортшылардың бокстан кейінгі өмірін де ойлауға тиіспіз. Бұл халықтың осы спорт түріне деген көзқарасын өзгертеді.
– Сіз Digital Ringside жүйесін енгізуді ұсынып отырсыз. Бұл бастама әуесқой боксқа деген сенімді қайтару және жемқорлықпен күрес жолындағы басты қадам бола ала ма? Сонымен қатар бұл жүйе жанкүйерлер үшін ашық бола ма?
– Иә, солай деп ойлаймын. Қазіргі таңда мұның қажеттілігі айқын. Себебі мұндай жүйелер басқа спорт түрлерінде бұрыннан қолданылады. Ал өткен Олимпиялық ойындар мен турнирлердің нәтижелері көрсеткендей, бұл жүйе қарапайым көрермен үшін түсінікті. Барлығы есептің қалай жүргізілетінін және не болып жатқанын түсінді. Шаршы алаңда болып жатқан жағдайларды түсіну бокстың қызығушылығын арттырады. Ережелер барлығына ортақ. Яғни соққың қарсыласыңа дәл тиген болса, онда ұпай есепке алынады.
– Әділетсіз төрелік көбіне бокстағы жемқорлық жүйесінің бір бөлігі ретінде талқыланады. Қазақстан боксшылары да мұнымен бірнеше рет бетпе-бет келді. Сіз де бұл жағынан тыс қалған жоқсыз – 2004 жылғы Олимпиададағы күміс жүлдеңіз өте даулы болды. Өзіңіздің жеке тәжірибеңіз мұндай жағдайларды түбегейлі жоюға деген ниетіңізге қаншалықты әсер етті?
– Әділетсіздікті кез келген спорт түрінен байқауға болады. Әрдайым бірдеңе жасауға, жүйеден ауытқуға жол табылады. Біздің мақсат — мұндай жағдайды барынша болдырмау және соның алдын алу. Әрине, оны толық жою мүмкін емес. Адами факторды толық жоққа шығару мүмкін емес: біреу жаңа жүйеге де бейімделуге тырысады. Бірақ жүйе неғұрлым ашық әрі түсінікті болса, барлық спортшылар мен командалар тең жағдайда болады, барлығы үшін талап бірдей болады. Біз бақылап, өзгерістерді көріп, жақсартуға қатысамыз – жұмыстың өзі осы.
Маған келер болсақ, дәл осы себеппен мен кәсіби боксқа ауыстым. Иә, бұл менің боксқа қайта оралуыма негіз болды. Мұндай әділетсіз, жемқорлыққа толы жағдайлар өте көп. Бокс — тек шаршы алаңда емес, одан тыс жерде де күресетін спорт түрі.
Олимпиялық комиссияға келгенде, Қазақстан деген құраманың бар екенін көбі есіне алды. Біздің дәстүрімізді, әлемдік деңгейдегі күшімізді қайта мойындай бастады. Дегенмен Олимпиялық комиссияға келгенде, бізге аударылған ерекше назарға сай нәтиже болған жоқ. Спортшыларымыз басқа қарсыластарынан басым екенін дәлелдей алмады. Бірақ соңғы бір-екі жылда ерлер мен әйелдер құрамасының айтарлықтай дамып келе жатқаны қуантады.
Керісінше, мен біздің боксшыларға айтар едім: мен келдім, енді сіздерге ерекше назар аударылады, тиісінше талап та күшейеді. Қазақстан өкілі шаршы алаңға шықса, әр сәтке мән беріледі. Бұл — қосымша жауапкершілік. Головкин келді, бәрін жеңіп алады деп ойлау қате түсінік. Сондай-ақ біздің боксшылар үшін алаңдайтындар да осы жағдайды түсінсе деймін. Енді спортшылар өз деңгейін көрсетуі тиіс, дәстүрімізді қайта қалпына келтіру керек.
– Сіз Қазақстан үшін талай жұмыс атқардыңыз, енді демалуға да болар еді. Бірақ алдымен Қазақстанның Ұлттық Олимпиялық комитетін басқардыңыз, енді әлемдік боксқа үлкен, жеке қатысуды талап ететін, тәжірибесіз іске аспайтын реформалар ұсындыңыз. Сіздің жеке мотивацияңыз неде?
– Жай ғана бір нәрсені жақсы түсінемін, қаншалықты асқақ естілсе де, менің пікіріммен санасады. Адамдар мені тек әйгілі спортшы деп қана танымайды. Мұнда бірнеше фактор бар: әлемге танылған, оң имиджі қалыптасқан әрі халықаралық тәжірибесі бар тұлға. Оған қоса 15 жыл бойы промоутерлік компанияны басқарып, әуесқой және кәсіби боксшылармен жұмыс істеп келемін. Бұл танымалдылық және оң имидж.
Оның үстіне мен бұл жерге шенеунік немесе «біреудің қолдауымен келген адам» ретінде емес, әлемдік спорттың ең жоғары деңгейінде ұзақ жыл тәжірибе жинаған кәсіби спортшы ретінде келдім.
– Сіз Қазақстан үшін кезекті жетістікке жеттіңіз – халықаралық федерацияны басқарған алғашқы Қазақстан азаматы атандыңыз.
– Мен бұған өте қуаныштымын. Ел атынан осындай мүмкіндікке ие болғаныма шын мәнінде мақтанамын. Барлық жанкүйерге және бұл қадамның ел абыройы мен имиджі үшін қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінетін Мемлекет басшысына алғысымды білдіргім келеді.
– Сонымен қатар сіз Қазақстан Ұлттық Олимпиялық комитетін басқарасыз. Екі қызметті қатар алып жүру қиындық тудырмай ма?
– Жоқ. Бір нәрсені айта кетейін: мені дұрыс естісін – мен ҰОК-тен кеткелі жатқан жоқпын. Мұны барлығы анық түсінсін.
Қазақстан – менің Отаным. Мен оны таныстырып, оның намысы үшін күресемін. Бұл – мен үшін үлкен мәртебе. Өз танымалдылығымды еліміздің спорттық беделін көтеру үшін барынша пайдаланып жүрмін. Сондықтан осыған қатысты астыртын әңгімелер тоқтауы керек.
Біз Ұлттық Олимпиадалық комитеттің Халықаралық Олимпиадалық комитетпен өзара байланысын жаңа деңгейге шығардық. Алға қойған нақты мақсаттар мен ауқымды жоспарлар бар. Өз еркіммен кету ойымда жоқ және жоспарымда да жоқ. ХОК-тың толық түсіністігіне, серіктестік және адами қарым-қатынасына, сенімі мен қолдауына сүйене отырып, өзіме одан да биік міндеттер қойып отырмын.
Өкілеттік мерзім бар, халықаралық рәсімдер бар. Өз позициямды және мүмкіндіктерімді жақсы түсіне отырып, ел имиджіне нұқсан келтіргім келмейді.
Мен Қазақстан спорты үшін алаңдаймын. Барлық қазақстандық спортшы үшін уайымдаймын. Өздеріңіз айтқандай, мен көптеген турнирге барамын. Бірақ мен спортшыларды тек қызметкер ретінде қолдамаймын. Олар маған шынымен де бейжай емес, біздің қарым-қатынасымыз өте құнды. Өйткені мен де кезінде дәл солардың орнында болдым. Мен жарыстарға жай ғана жігер беру үшін емес, өз үлгі-өнегем арқылы шабыттандыру үшін барамын.
SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары