• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    www.facebook.com/afckairat/

    Футзалдан Чемпиондар лигасы: Қазақстан клубтары элитада ойнайды

    Алматының «Қайрат» клубы мен Семейдің «Семей» командасы UEFA Чемпиондар лигасы элиталық кезеңіндегі алғашқы ойындарын ойнады.

    Бұл жолы «Қайрат» жасағы сырт алаңда Бельгияның «Андерлехт» клубымен күш сынасты.

    Матч басталғанда Алматының командасы жылдам гол соғып үлгерді. Бұл голды 1-минутта Кайо Руиз соқты. Бельгиялық команда да қол қусырып отырмады. Олар үш голмен жауап берді. Ранжел 2-минутта, Грелло 3-минутта допты торға тулатса, 10-минутта Эрик Фанес қақпаны дәл көздеді.

    Дегенмен «Қайрат» өз қақпасынан үш допты санап алса да  бірінші тайм біткенге дейін есепті теңестіріп үлгерді. Атирсон Сильва 11-минутта, Лукас Отанья 12-минутта голдың авторы атанды.

    Екінші таймда алматылық клуб ойын басында тағы гол соқты. Дәурен Тұрсағұлов 21-минутта, Атирсон Сильва 26-минутта, Біржан Оразов 29-минутта көзге түсті. Матчтың соңында Лукас Отанья «Андерлехт» командасының бос қалған қақпасына гол салып, есепті 7:3-ке жеткізді.

    Алматы қаласының клубы негізгі кезеңде төртінші топта Косовоның «Приштина» командасын 4:1, Хорватияның «Ново Вриемені» 3:2 есебімен жеңсе, Португалияның «Спортинг» клубынан 2:7 есебімен жеңіліп қалды.

    Енді командалар 5 желтоқсанда Алматыда ойнайды.

    «Семей» UEFA Чемпиондар лигасы элиталық кезеңінде өз алаңында Польшаның «Пяст» клубымен 3:3 есебімен тең түсті.

    Бұған дейін турнирдің негізгі кезеңіндегі үшінші топта семейлік команда Чехияның «Хрудим» клубын 9:5 есебімен жеңсе, Францияның «Этуаль» 3:4, Испанияның «Пальма» жасақтарынан 4:7 есебімен жеңілген болатын.

    Биыл футзалдан Чемпиондар лигасының элиталық кезеңіне өзгерістер енгізілді.

    Жарыстың аталған сатысында 16 команда сегіз жұпқа бөлінеді. Командалар өз алаңында және сырт алаңда бір-бір матчтан ойнайды. Бұл ойындар 2025 жылдың 24 қараша-6 желтоқсан аралығына белгіленген.

    Одан кейін 2026 жылдың 23 ақпаны мен 6 наурызы аралығында командалар сол ереже бойынша ширек финалда сынға түседі.

    Финал 2026 жылдың мамыр айында Италияның Песаро қаласында болады. Онда төрт команда ойнайды. Алдымен жартылай финал болса, одан кейін финал мен 3-орын үшін матчтар жоспарланып отыр.

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

     

     

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *