«Qazaq Stroy» компаниясының басшысы әрі соның құрылтайшысы Нұрлан Артықбаев «Ақтөбе» футбол клубынының иесі атанды.
ҚазАқпарат агенттігінің хабарлауынша, клубтың баланстық құны — 200 млн теңге.
«Ақтөбе» футбол клубының құжаты бірер айда толық рәсімделеді.
— Жекешелендіру — тікелей президенттің тапсырмасы. Бюджеттен қаржы бөлінбейді. Еліміздің қалталы азаматтары алып, клубты жетілдіреді. Клубқа қызығушылық танылып, өз үлесін қосамын деген кәсіпкер анықталды. Ол — «Qazaq Stroy» компаниясының басшысы, құрылтайшысы Нұрлан Артықбаев. Ақтөбелік, бала кезінен бері «Ақтөбе» футбол клубына жанкүйер болып, ата-анасымен стадионға барған. Ол сол кезде болашақта мүмкіндік болса, үлес қосамын деп армандаған. Өзі хабарласып, президенттің тапсырмасын іске асыруға дайын екенін білдірді.
Бір-екі айдың көлемінде құжатты толық аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Енді қалай болатынын, клубқа қанша бөлінетінін кәсіпкердің командасы айтады. Әрине, біз тыс қалмаймыз, қажетті инфрақұрылым, соның ішінде балалар, жасөспірімдер футболы басты назарда болады. Балалар өскенде үлкен спортқа қадамын осы кәсіпкермен бірге іске асырады, — деді Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров.
Сонымен бірге облыс басшысы бағалау жұмыстарының істелінгенін, қазір клубтың баланстық құны — 200 млн теңге екенін, 35 мың орынға арналған стадионның құрылысы туралы да айтты.
-Құрылысшылардың айтуынша, стадион екі жылда салынады, — деді Асхат Шахаров.
Бұған дейін хабарланғандай, Қызылорда «Қайсар», Астанада «Жеңіс», Петропавлда «Қызылжар» футбол клубы жекешеленген болатын.
«Қайсар» клубы «TAU Group LTD» компаниясының басшысы Исламғали Қозбақовтың жеке басқаруына берілсе, «Жеңіске» Kaspi.kz компаниясының басшысы Михаил Ломтадзе инвестиция салады. Ол Астанада «Жеңіс» футбол клубына әлемдік деңгейдегі балалар академиясын салатынын, онда жас таланттар халықаралық талаптар бойынша тегін жаттыға алатынын, академия «Жеңіс» футбол базасында салынатынын айтты.
Кәсіпкер Сергей Кан «Қызылжар» футбол клубының инвесторы болды. Қарағандының «Шахтер» командасы туралы айтсақ, осы айдың соңында ол аукционға түседі. Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекбаевтың айтуынша, кеншілер қаласының клубы 50 млн теңгеден аса сомаға сатылады. Оны Freedom Holding басшысы әрі Қарағанды облысы футбол федерациясының президенті Тимур Турлов сатып алуы мүмкін.
Одан басқа жекешелендіруге ұсынылған спорт ұйымдарының қатарында «Астана», «Атырау», «Ордабасы», «Тұран» мен «Каспий» клубтары бар.
Бұл командалар Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі дайындаған 461 нысаннан тұратын кешенді тізімге енгізілген. Агенттік төрағасы Марат Омаровтың айтуынша, бұл нысандар алдымен Жоғары реформалар кеңесіне ұсынылады. Кейін оларды жекешелендірудің кешенді жоспарына енгізу қарастырылған. Бұл жұмыстар 2028 жылдың соңына дейін бақылауда болады.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА
SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары