• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Жас келсе де жігері кетпеген өр тұлға

    Самбодан 1984 жылғы Әлем кубогының иегері, 1986 жылғы Еуропа чемпионы және алтын белбеудің иегері,  КСРО чемпионатының 1981-1984 жылдардағы чемпионы, 1981-1984 жылдың үздік спортшысы, 1982 жылғы Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері, 1984 жылғы КСРО кубогының иегері, 1980-1984 жылдарғы КСРО Қарулы күштері чемпионатының жеңімпазы, КСРО 4-5-ші ауыл спорты ойындарының чемпионы, дзюдо күресінен КСРО  Ауыл шаруашылығы жоғары оқу орындарының арасында Орта Азия, Кавказ және Қазақстан елдерінің чемпионы, КСРО құрамасы сапында 1976-1989 жылдары өнер көрсеткен. Халықаралық деңгейдегі КСРО спорт шебері, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт шебері, Қазақ күресінен ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы, 1980-1981 жылдары қазақ күресінен екі мәрте  Соцалистік еңбек ері Жазылбек Қуанышбаев атындағы турнирдің жеңімпазы, Самбодан ардагерлер арасында әлемнің 8 дүркін чемпионы, 2 рет күміс, 1 рет қола жүлдегері, Тараз қаласы мен Байзақ ауданының құрметті азаматы, 1986 жылы  АҚШ-та қазақ күресінен федерация ашқан тұңғыш қазақ балуаны Алмас Мұсабековтің өмір жолы.

     Естуімше, күш атасы Қажымұқан қартайған шағына дейін ел аралап күресін тастамаған екен. Ұлы Жеңістен кейін үлкен мереке кезінде Қажекең Шымкент қаласына барып, Жеңіс парадын өз көзімен көріп, спортшылардың өнерін тамашалап қайту үшін арбамен жолға шығады. Арбамен келе жатқан әйгілі балуанды көріп, жұрт жабыла жүгіріп амандасып қаумалап жатады. Анадай жерде қоршаған халықтың арасында екі балуан күресіп жатса керек. Балуан арбаны айдап келе жатқан балаға балуандар күресіп жатқан жаққа қарай бұр дейді. Қаланың танымал балуандары бірінен соң бір шығып күресіп жатады. Бір кезде  бұлшық еті бүлкілдеген, екі иығына екі адам қонғандай денелі, дәу бір жігіт ортаға шығады. Елдің бәрі әлгі дәуден қаймығып жүрексініп ешкім бата алмай тұрады. Бір кезде арбадан түскен Қажекең елді бұзып жарып, әлгі балуанға қарсы жүреді. Көпшілік балуанды құттықтауға бара жатыр екен деп жол ашады. Қажекеңнің бұл балуанмен күреседі деген ой тіпті болмаған еді. Жас балуан қартпен күресуге ыңғайсыз санап, бас тарпақ болмақ кейіп білдіреді. Сонда Қажекең:

    –«Күш атасын танымас» деген. Қорықпа. Қарттық жеңіп күшім тайса да, тағы бір рет сынайын деп тұрмын өзімді, – дейді де белдесе кетеді. Жас жігіттің қарт кісімен күресі әрине, ерсілеу болады әлбетте. Дегенмен де «ұрыста тұрыс жоқ» дегендей, қазақ күресі болған соң бар ережеге сай балуандар күрестерін бастап кетеді.

    Алғашында қарт балуаннан именіп жүрген жас жігіт, қарттың жайбасар шабан қимылын көргеннен кейін еркінси бастайды. Бір сәтте жамбасқа салып лақтырмақ болып еді, қарт балуанды орнынан қозғалта алмай әбігерге түседі. Сөйтіп, барып екеуі де қырындай барып жерге құлайды. Сол кезде жас жігіт жастығын пайдаланып атып тұрып балуанды аударып, үстіне жата кете иығын жерге тигізуіне болар еді. Бірақ ол өйтпеді. Қажекең үсті басын тер басып, жиі-жиі дем алып орынан тұрады. Бір кездері Поддубный, Ульрих, Шамякин секілді әлем күресінің көшбасшыларымен терезесі теңдей күресіп Әлем чемпионы атанған Қажымұқан атамыз алып денесін қарттық келіп басып бара жатқанын сол сәтте сезген еді.

    Жұрт тең түсті деп, шулдасып қоя береді. Өйткені, көрермен халық Қажымұқандай ұлы балуанның жеңілмеуін қалаған еді.

    Сонда Қажекең:

    –Шуламаңдар бос сөз не керек, – дейді, – Менің пенжегімді әперіңдерші, – деп, пежегінен алтын баулы алтын сағатты алып, жас жігітке ұсынады да:

    –Ала ғой, ұлым. Жүлдесіз күрес болмайды, мұның иесі сенсің. Менен де күшті, менен де әулетті, менен де алысты меңзер болыңдаршы! –деп батасын берген екен. Бұл ұлы балуанның соңғы белдесуі, өмірінің нәріне балаған соңғы күреспен соңғы қоштасуы еді. Сол күрестен кейін Қажекең үйіне келген соң, қолына кішкене қоңыр домбырасын алып,

    Бір тас бар Қояндыда балуан тас,

    Жасымда жыл он екі ай болдым мұңдас.

    Қайран күш бір кеткесін қайта қонбас,

    Қаншы жыл болса-дағы жақсы жолдас – деген өлең жолдарын егіле айтып, енді қайтып қайырылмас қимасымен қоштасқандай, домбыра ішегін баяу шертіп қайырған екен.

    Иә, аты әлемге шыққан қазақ даласының күш атасы атанған даңқты балуаны осылайша соңғы белдесуін өткізіп, қарттық құрғырдың күшін ала бастағанын байқап, жаны қатты қайғырса керек. Өмірде өлмейтін адам жоқ. Өзекті жанға бір өлім, ерте ме кеш пе  келетіні хақ. Әйгілі балуан, 1948 жылы 12 тамызда бұл фәнимен қоштасып бақилық өмірге аттанған екен. Қажымұқан атамыздың ізбасарлары бүгінді әрбір күрес түрінен әлем жарыстарында топжарып Қазақстанның атын шығарып келеді. Бірақ та «өзіңдей болып жан тумас», демекші, біртуар, бірегей балуан Қажымұқандай теңдесіз балуан тарихымызда әлі болған жоқ. Ол құбылыс, құбылыс қайталанбасы анық.

    (Мұратқан Тәнекеевтің «Қажымұқан» атты кітабынан үзінді алынған)

    Дегенмен де намысты ту еткен батыр атамыз егде тартқан шақта тұрып қалғанда бұғып қалғанды білмейтіндігін де паш еткен екен.

    Сол секілді қазақ даласында Қажымұқандай өр намыстан жаралған, балуан мінез, батыр ұлдар аз болмаған. Солардың бірі қазір арамызда жүр. Мен сол ардагер балуанды көрген сайын күш атасы Қажымұқан атамызды еске алудан жалықпаймын. Ол азаматтың қарапайымдылығы, адамгершілігі, сабырлылығы, қайраттылығы, намысқойлығы, балуандығы, батырлығы әрбір қазаққа үлгі-өнеге боларлықтай. Жасы 60-тан асса да сол баяғы баз қалпы. Самбо күресінен қаншама асу биікке шықса да тоқтауды бір білмейтін, күреске еш тоймайтын, жасы келсе де қоймайтын, ел құрметтеген атақты ардагер балуан, ардақты әке, ақжарқын азамат – Алмас Мұсабеков.

    Қазақ даласында самбо күресінен шыққан даңқты балуандардың шоғыры көп болғанын білеміз. Айталық, Асқар Шайқиев, Бауыржан Садықанов, Алмас Мұсабеков, Айтжан Шаңғараев, Талғат, Қанат, Жанат Байшолақовтар  сынды апайтөс балуандар қазақ спорт тарихына  өз аттарын алтын әріппен жаздырып кетті десек артық болмас.

     Дегенмен де мен бүгін солардың арасынан әйгілі балуан, ардақты жан Алмас Мұсабековты ерекше бөліп жарып, өмір тарихы туралы қолдан келгенше қамтып айтқым келеді.

    Алмас 1958 жылы Жамбыл облысы, Байзақ (Свердлов) ауданы, «Кеңес» ұжымдық шаруашылығында дүниеге келеді. Мал бағып, қой қоздатқан атасы  Мұсабектің жанында жүріп, қариядан көп нәрсені үйренеді. Мұсабектен Тұрыс, Бестерекбай тарайды. Тұрыстан – Сағымқұл, Жарқымбек, Сауқымбек, Сағымбек деген ұлдар, Нәтипа, Оңласын деген қыздар өрбиді.»Тектіден текті туар», демекші, негізі Оңласын әкпесі – бокстан қазақ жастары арасынан  шыққан тұңғыш әлем чемпионы Болат Жұмаділовтің туған анасы болып келеді. Сондықтан да Алмастың әйгілі былғары қолғап шебері Болатпен  осындай туыстығы да бар екен. Сағымқұлдан Алмас, Гүлназ, Айдар, Айдын, Асқар тарайды. Мұсабектің үлкен ұлы – Тұрыс  Ұлы Отан соғысына  қатысып елге аман-сау оралған  соң  ұзақ  жылдар колхоздың малын бағыпты. Алмастың әкесі Сағымқұл «Кеңес» ауылының жота тұсында орын тепкен  «Қара құм» қыстақта  туыпты. Кейін ауыл шаруашылығы институтын «инженер-механик» мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын жаслғастырған. Ал анасы  Теміркүл Қарабайқызы Жамбыл тері бұйымдары фабрикасында тігінші болған екен. Үйдің тұңғыш немересі болғандықтан Алмасты 7 айлығында атасы Мұсабек қарияға «Кеңес» ауылына беріп жіберіпті. Сөйтіп, әжесі Тасжан апа мен әкесі Сағымқұлдың шешесі – Қашия апаның ортасында бала Алмас еркелеп өскен екен. Тасжан әжесі намаз оқитын, бала емдейтін аздаған емшілігі бар  әрі ауылдың ақылгөй анасы болған дейді.

    Бала Алмас «Кеңес» ауылындағы 8 жылдық мектептің 1966 жылы табалдырығын аттайды. Өзге балалардан барлық жағынан оқшауланып тұратын дарында бала сабақта алғыр, достарының алды болады. Алла бойына берген ерекше қасиетін сезінген Алмас 4-сыныпқа көшкенде Тасжан әжесіне барып: «Апа, мен өстіп ауылда жүре берем бе? Қалаға барып спортпен айналысайын, әке-шешеме барайын, батаңызды беріңіз!», – дейді. Немересінің есі кіріп қалғандығын білген апасы қатты толқып, қолдорбасына ас-дәмін әзірлеп салып, қолына  жиған терген қаражатын қыстырып батасын беріп қалаға шығарып  салды. Сол әжесінің маңдайынан сүйіп тұрып, көзіне жаса алып тұрып берген ақжолтай ақбатасы қабыл болып, Алмасты күні бүгінге дейін желеп-жебеп келеді екен. Алмас алғаш болып өмірінде көше бойын зулаған көліктер мен қаптаған халықты көріп қала деген осы екен ғой деген ойда қалады. Қала өмірімен алғаш танысқан Алмас сол бір балдәурен  шақта бала  махаббаттың отына түсіп, алғаш ғашық болған кездерін былай деп еске алады.

    –Қалаға қара түрси, ақ мәйкемен келгенім әлі есімде… Алдымен Жамбыл қаласындағы №5 «Жамбыл» орта мектебінде, сосын, «Айша бибі» орта мектебінде, 1971 жылы «Жетібай» орта мектебіне барып, 2 жыл оқыдым. Менің алғашқы рет ғашық болып, махаббат отына күйгенім «Жетібайда» оқып жүргенде болған еді. Бір сұлуға ессіз ғашық болып, үздіксіз хат жазып жүрген едім. Бір күні хатым бір ұстазымның қолына түсіп қалып, бүкіл мектептегі оқушылардың жиналысында оқып беріп, мені масқара еткені бар емес пе. Мені қойшы, әлгі қызға обал болды, оны ұятқа қалдырдым. Содан бала махаббатыммен осындай жағдаймен қоштасып, мектептен біржола кетіп қалдым.  Бет алысым Жамбыл қаласы. Қалаға келгенде футболға қатысым жүрдім. Тараз қаласындағы Желтоқсан көшесінде кезінде керемет футбол мектебі болған, сонда Виктор Иосифович деген кісіде жаттықтым.

    –Қазір ол нысан кришнаиттердің шіркеуіне айналдырылғаны өкінішті, – деп, Алмас өткенді еске алғанды бір желпініп, бір налығандай күйде болған еді.

    Дегенмен де іштей футболдан гөрі күреске бүйрегі бұрып тұратын Алмас күрес үйірмесіне баруды жөн санайды. Бала кезінен күрес десе ішкен асын жерге қоятын талантты жас 1972 жылы белгілі бапкер самбо күресінің білікті маманы  Марат Жахитовтың күрес үйірмесіне барып, келіп-кетіп жүреді. Бұл күрес Алмастың оң жамбасына келетін болғандықтан 1973 жылы самбомен шындап айналыса бастайды. Жоғары білім алу қолжетпес арманның бір еді. «Армансыз адам қанатсыз құспен тең», демекші, көкейінде жүрген арманның көп ұзамай орындалар шағына де жетеді. 1976 жылы  Жамбыл гидро-мелиоративті құрылыс институтының Ауыл шаруашылығы факультетіне оқуға түседі. Бұл факультетте сол кезде  ағайынды егіздер Серік, Ерік Қонақбаевтар да оқитын болып шығады. Сөйтіп, әйгілі Мәскеу Олимпиадасының күміс жүлдегері Серікпен  426 тобына бірге түсіп, бір үйдің баласындай жақын араласып кетеді. Айтулы білім шаңырағында студенттің спорттық атақтарымен «дүркіреп» тұрғанына ешқандай жеңілдіктер қоймайтын еді. Білім бірінші орында болғандықтан, тумысынан алған бетінен қайтпайтын қайсар жігіт бірге оқитын достарынан қалыс қалмай талпынып, тартынып үздік оқи отырып, оқу озаттарының қатарынан бір-ақ көрінеді. Осылайша, 1981 жылы, дипломды 1 күнде «5»-ке қорғап шығып, спорт қана емес, білімде де алда екендігін көрсетеді.

    Жалпы, спортта жоғары нәтиже көрсеткен студенттерге, талантты жастарға институт ректоры Марс Фазылұлы Үркімбаев үнемі қолдау көрсетіп, қамқорлық танытып отыратынын Алмас құрметпен еске алады. Ал, сол институт қабырғасынан үлкен спортта бастаған сара жолы үзбей жемісін беріп тұратын мәуелі ағашқа айналдырады. 1976 жылы КСРО жастар құрама командасына  48 кг салмақта кірген дарынды балуан, 1990 жылы Одақ ыдырағанға дейін 14 жыл құрама команда мүшесі, команда капитаны болған екен. Ал, жеңіл 52 кг салмақта 1979 жылдан 1990 жылға дейін күресіп жеңістің бас тұғырынан түспеген балуан ретінде қалды.

    Қазақ  КСР құрама командасының сапында күресіп жүргенде бірге жаттығып, бір дастарханнан ас ішіп күліп-ойнап жүрген достарымның барлығы еліміздің әр облысының саңлақтары еді. Тіпті, бас құрамада ағайындар да күресіп жүрді. Айталық, Жезқазғанның Жаңарқа өлкесінен   Қанат, Талғат, Байшолақовтар мен Алматы облысынан Айтжан мен Қайрат Шаңғараевтар, Тараздан  Манарбек, Манас, Мейрамбек Ағайдаровтарды айтсам болады. Сонымен бірге, Қарағанды облысынан Мәден Қалиеков пен Нәсіпқұл Тыныбаев, Өскеменнен Самат Рамазанов, Оралдан Қасым Ысқақов пен Асқар Шайхиевтер бар еді.Тағы бір қызықты жәйт, самбо әлемінде айшықты із қалдырған, Асқар Шайхиевке менің өзімнің кеудесіне КСРО елтаңбасы бар күртешесін сыйға тарқан екен. Сол күртеше Асқарға бақ шапан болып киіліп, Асқар Әлем және  1989 КСРО чемпионаттарының   жеңімпазы атанады. Кім білсін, қазақтың ырымдам беріп жатататын бағалы сыйлығында мүмкін бір жақсылықтың нышаны жататын шығар. Асқар сол Алмас сыйға берген күртешемен аламан додаларда жеңіске жеткені ақиқат. Дегенмен де «ажал айтып келмес», демекші, самбо күресінің саңылағы Асқардың өмірі қысқа болып, бақилық өмірге аттанып кете барады.

    Алмас алмас қылыштай шағында КСРО құрама командасының сапында  шет елдерге жиі  шығып, байрақты жарыстарда олжа сала бастайды. Айталық, 1984 Венесуэланың астанасы Каракасқа  барған сапары есінен ешқашан шықпайды  екен.

    –Әсіресе, Мұхит үстімен 10 сағат ұшып өтіп, Каракас қаласына жеткенде қуанышым шексіз болды, – дейді балуан.

    Сонда Алмас қасиетті  қара жерді табаныңмен басып жүру, әуеде ұшқаннан әлде қайда жақсы екендігін сезінгенін айтады. Енді өмірінде ерекше өрнектелініп қалған осы сапары туралы Алмас былай деп еске алады.

    –Каракаста біраз ес жиып алғаннан соң Пуэрто де ла Круз (Puerto de la Cruz) қаласына ұштық. Жер шарын орап жатқан Экватор сызығынан 200-300 шақырым екен. Бұл жақта қыс болмайды екен. Одақтан шыққанда -17 градус аяз еді, Каракаста +40 градус ыстықты көрсетіп тұрды. Алып барған жылы тондарымызды қайда қоярымызды білмедік. Мен алғаш 1979 жылы «Бостандық аралы» Кубаға турист ретінде барғанмын. Ол жермен арасы онша алыс емес. Каракаста  Әлем кубогы үшін жарыс өткен еді. Мен қарсыластарымның бәрін тізе бүктіріп Әлем кубогының иегері атандым. Бұл елдің халқы испан тілінде сөйлейді. Көшелерінде сатып тұрған қарбыздары біздегі кауын сияқты сопақша болып келеді екен. Өз елімізді салыстыра отырып, қанша дегенмен «даму деңгейі жоғары ел екен» деп тұжырым жасадым. Қайтарда автобуспен түнімен жүріп келдік. Кеңестер Одағына деген көзқарасы дұрыс көрінеді. Каракаста КСРО елшілігінде болған бір күн біз үшін керемет жақсы бір демалыс болды. Елшілік қызметкерлері барынша қонақжайлығын көрсетіп күтіп алды. Су алабында шомылып, күндіз қыздырынып рахаттандық. Кешкілік уақытта елшілік қызметкерлері жергілікті тұрғындардың тойына бара жатыр екен, мен де  ілесе бардым. Мәдениеттері жоғары екенін байқадым. «Фуршет» дегенді бірінші рет көруім. Біз жақтағыдай  ысырапшылықтың, дарақылықтың, ізі жоқ екенін байқадым. Бұл сапарда Қазақ КСР-ның өкілі болып, кейін Туризм және спорт министрі болған Темірхан Мыңайдарұлы Досмұхамедов те бізбен бірге болған еді. Айтпақшы, менімен бірге осы байрақты жарыста 48 кг салмақта күрескен досым Айтжан Шаңғараев  чемпион болып оралды. Жалпы, осы бір шетелге барған сапарым менің өмірімде ерекше орын алып қалды. Сонымен қатар, әлемге, адамдарға деген көзқарасымды өзгертті десем артық болмас.

     Алмас 1985 жылы Фатима Мырзалиевамен қосылып шаңырақ көтереді. Сүйікті жары сол кезде Тараздағы  Гидро-мелиоративтік Құрылыс институтының  студенті болып оқып жүреді. Фатиманың әкесі Сауытбек Мырзалиев қазақтар арасында «милиция полковнигі» шенін алған ең жас қазақ азаматы болған екен. Алла берген айдай сұлу тұңғышы Сұлу 1986 жылы дүниеге келеді. Әке орнын басар белбаласы  Мұхаммед араға жеті жыл салып  дүние есігін ашып, әкесін қуанышқа бөлейді. Алтын асықтай ұл-қызының екеуі де жоғары білімді. Сұлу Алматыдағы Заң академиясын бітіріп, АҚШ-тың Нью-Иорк қаласында қызмет істеп жатса, ұлы Мұхаммед – Мұхамед Хайдар Дулати атындағы Тар МУ-дің студенті. «Атадан ұлы қалса өзі қалғаны, қызы қалса ізі қалғаны», деген осы болар.

    Алмас үлкен спорттағы салған жемісті жолын аяқтағанымен әлі де күресін тастамай самбо күресінен ардагерлер арасында өтетін байрақты жарыстарды бағын сынап келеді. Сонымен бірге, дарабоз балуан көп жылдар бойы қазақ күресінің дамуына да зор үлесін қосқандығын айтқанымыз орынды. Қазақ күресінен Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы болып жүргенде, жас балуандармен ерекше тіл табысып, талай асқарлы биіктерді бағындырды. Оны Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясында бірталай жыл ақпарат бөлімінде жұмыс жасап келгенде  өз көзіммен көріп күәсі болған едім. Әлі есімде, Қырғызстанның Шолпон-ата жерінде  өткен 4-ші Азия чемпионатына Алмас Қазақстан құрамасын бастап алып барды. Сонда таңазаннан балуандарын оятып алып, Ыстық көлдің жағасына  алып барып жағалауда жүгіртіп, жаттығуларын жасап жатқанын көргенмін. Сонда Ыстық көлде жүзіп жүрген ақ шағаладай ақ кемені алыстан көріп тұрып, «Алмас ана алыстан таң атпай көрінген ақ кеме сендерге бақ кеме болсын, Алла нәсіп етіп барлық алтын-күмісті біздің балуандар жеңіп алсын» – деп тілек айтқан болатынмын. Сонда Алмас: «Рахмет бауырым, Жеңіс тек төккен тердің арқасында келеді, бұйыртса балуандарымыз жарысқа сақадай сай дайын» , деп өзінің жайдары жылы күлкісмен жауап берген еді. Сол Азия жарысында расымен де Бейбіт Ыстыбаев, Айбек Нұғмаров, Нүрзат Бегасыл, Думан Қыздарбеков, Мейіржан Қуанбаев секілді сен тұр мен атайын дейтұғын марқасқа балуандар жеті салмақтың бесеуінде алтын жүлделерді жеңіп алып, қырғыз елінен командалық бас жүлдені иеленіп қайтқан болатын. Осындай сайдың тасындай жауырын жерге тимеген балуандарды шыңдап алып барып, тамаша өнер көрсетулеріне тәжірбиелі бас бапкер ретінде  Алмастың сіңірген еңбегі зор еді. Сол кездегі ұлттық құраманың намысын қорғаған  балуандар, меніңше қазақ күресі тарихындағы  нағыз ержүрек, айлакер қазақ күресінің сөз жетпес майталмандары еді десем қателеспеген болар едім.

    Алмас Сағымқұлы 2010 жылы сәуір айының соңында  АҚШ-та самбо күресінен ХҮІІ АҚШ чемпионатына барады. Бұл сапарға баруына  Бүкіләлемдік FIAS SAMBO федерациясының президенті, КСРО-ның 8 дүркін чемпионы, Әлем чемпионы, Мәскеу қаласындағы «САМБО-70»-тің негізін қалаушы Давид Львович Рудманның арнайы шақыруы себеп болады. Сонда апайтөс балуан әрі білікті бапкер чемпионатқа 62 кг салмақта қатысып, Нью-Йорк, Нью-Джерси қаласында чемпион атанады. Осы жарыстан соң, Америка Құрама Штаттарының Нью-Йорктағы Самбо федерациясы Алмасқа өз елінде қалып жастарды жаттықтыру туралы өтініштерін білдіреді. Ол кезде Алмас туған елінде Қазақстан Республикасының «қазақ күресінен» бас бапкері болып қызмет атқарып жүрген болатын. Тосыннан түскен  мүмкіндікті қалт жібермей, бар күш-жігерін, спорттағы беделін сала жүріп қазақ күресінде осы алып елде насихаттау ойында болған еді. Осылайша, алпауыт АҚШ мемлекетінде қазақ күресінің дәнін қалай егіп, әлемге қалай таратамын деген ой төңірегінде жұмыс жасай бастайды. Америка бара жатқанда  қазақ күресі туралы жарғыны жамбасына басып алған ұлтжанды балуан АҚШ құрама командасымен бір келісімге келіп, керекті құжаттарды Вашингтонға жіберіп іске бел шеше кіріседі. Күрес кілемінде ешкімнен қаймықпаған жолбарысжү.ректі балуан, осы ісінің арты неболарын білмей қатты қапыланып ойға батқан екен. Алла бұйыртып, бір айдай уақыт өткенде Вашингтоннан  көп кешікпей жақсы жағымды хабарды алады. АҚШ-та «Қазақ күресі федерациясы ашылсын», деп шешім шығарылған рұхсат қағаз қолына тигенде қуанышында шек болмаған екен. Тез арада төл күресіміздің мөрін жасатып, «Қазақ күресі» федерациясының президенті болып өзі сайланады. Ал, өзі маңдай терімен жат елде  шапқылап жүріп ашқан қазақ күресінің вице-президенті қызметіне өзінің Америкадағы  шәкірттері  Феликс Свердлин, мен Андрей Струтинский тағайындайды. Америкадай аузын айға білеген алып мемлекетте қазақ күресінің федерациясын ашу тау басына қасықтап су тасығанмен бірдей қиын әрі бейнет ауыр жұмыс екені анық. Дегенмен де құласаң нардан құла,  деп іске кірісіп, ақыры жемісін көру нағыз Алмастай қазақтың қайсар ұлының ғана қолынан келетін тарихи қадам еді. Алмастың бұл ісін ел үшін жасаған ерен ерлікке пара-пар.

    Америкада  2011 жылдың мамыр айында АҚШ-тың самбо күресінен ХVІІІ Пан-Америка чемпионатында Алмас жиылған халықтың алдында қазақ күресінен арнайы семинар өткізіп, қазақ күресінің  тарихы мен ерекшеліктері туралы түсірілген бенебаянды көрсетіп көпшіліктің қазақ еліне,  қазақ күресіне деген ыстық ықыласына бөленеді. Сол бір өткен ХҮІІІ Пан-Америка чемпионатынан Алмас Мұсабеков туған елге  болып оралады. Қазақ елі үшін осындай мұхит асып жеткен жаңалық үлкен қуаныш екенін жасырмаймыз. Самбодан 1984 жылғы Әлем кубогының иегері, 1986 жылы Еуропа чемпионы  атағын жеңіп алған, кезінде қазақ күресінен Ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы болып жүргенде қазақ күресінің дамуына өз тарпынан айырықша үлес қосқан атақты балуан Алмас Мұсабеков АҚШ қазақ күресінен федерация ашыпты деген хабарды естігінде бір жасап қалғанбаз.

    Алла бұйыртып жатса, алдағы әлем чемпионаттарының бірінде  АҚШ-тан  команда  келіп, жанкешті жекпе-жектер көрсетіп жатса, Алмастың еңбегі бекер кетпегіненінің куәсі болармыз. Оған әрине, уақыт өзі сарапшы.

    Алмастың адамгершілігіне  еріксіз тәнті боласаң. Қашан көрсең жайдары жұмсақ күлкісімен кісі көңілін баурап алатын ерекше қасиеті бар. Сонымен қатар, Алмастың тағы бір ерекшелігі күні бүгінге дейін салауатты өмір салтын дәріптеп келе жатқан жанның бірі. Жасы 60-тан асып кетсе, өзінің ортасында көпке үлгі болып келеді. «Талаптың тұлпары тас қиядан таймайды, Саятшының сұңқары салса ілмей қалмайды», демекші, қандай додалы жарысқа бармасын  бір олжасыз қайтпайтын Алмастың әлем чемпионаттарында қанжығасы әркез майланып оралуда. Айталық, самбодан Қазақстанды айтпағанда әлемдік жарыстарда жеңістің бас тұғырынан түскен емес. Мысалы, самбодан ардагерлер арасындағы ( Қазіргі таңда бұл жарыс жоғары спорт шеберлері арасындағы әлемдік бәсеке) әлемдік жарыстарда 8 мәрте әлем чемпионы атанған екен. Сонымен осы әлемдік жекпе-жекте 2 рет күмісін бір қоласын жеңіп алған. Алмастың жемісті  жылдардағы жеңісті жолын айтып тауысыу мүмкін емес. «Тау баласы тауға қарап өседі», демекші, Алмастай даңғыл балуанның даңғыл жолын көріп өскен Тараздық жасөсіпірм балуандардың алар асуы әлі алда. Елдің алғысына ғана бөленіп жүрген аяулы азамат, білікті бапкер, апайтөс балуан, өзі әлі күресіп жүрген самбо күресінен әлем аренасында әлі  талай еліміздің көк туын биіктен желбіретіп, әнұранымызды ойнататыныны бек сенімдеміз.

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

    АЛМАТЫ

    1

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *