Қазақ күресінің әлемдік деңгейде насихатталып, қанат жаюы үшін жан аямай тер төгіп жүрген Серік Төкеев туралы толғам.
Қазір спорттан хабары бар мыңдаған адам қазақ күресі десе, Серік Төкеевті ауызға алады. Халқымыздың ардақты азаматы, Олимпиада чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіров: «Серік Төкеевтің көп жылғы жанкешті еңбегінің арқасында қазақ күресі дүние жүзіне таныла бастады. Ұлттық спортымыздың жанашыры Серік Адамболсынұлының қазақ күресіне сіңірген еңбегіне бір адамдай қанықпын. Егер Секеңнің табанды, белсенді әрекеті болмағанда ұлттық күресімізден әлем және Азия чемпионаттары өтер ме еді, өтпес пе еді, ол жағын бір Құдай біледі», деуі тегін айтылған сөз емес. Қазақ күресі мен Серік Төкеев туралы баспасөз бетінде аз жазылған жоқ. Бүгін бұл азаматтың ұлттық күрестің тізгінін ұстағанға дейінгі өмір жолына біршама тоқталғанды жөн көрдік.
Серік Төкеев өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Шымкенттегі олимпиадалық ізбасарлар мектебінің директоры болды. Секеңнің кезінде бұл мектептің аты дүркіреп тұрды. Әлі есімде, тоқсан төртінші жылы Хиросимада өткен жазғы Азия ойындарынан оңтүстік спортшылары мол олжамен оралды. Сол ойындардан кейін Шымкент қаласында жеңімпаздар мен жүлдегерлер құрметіне ұлан-асыр той болды. Сол тойдың негізгі ұйымдастырушыларының бірі Төкеев болғанын да айта кетейік. Сол қуаныш үстінде Серік ағаның өз кәсібіне, қарамағындағы бапкерлер мен спортшыларға қандай құрметпен қарайтынын аңғардық.
Сол жылдары Алматыда самбо күресінен Азия чемпионаты ұйымдастырылды. Қазақ күресінің білікті маманы Бауыржан Жаналиннің Азия самбо федерациясының президенті болуына және республика астанасындағы құрылық чемпионатының биік деңгейде өтуіне Серік Төкеевтің белсене атсалысқанын көзімізбен көрдік. Ол кісі ұйымдастыру жұмыстарына араласумен қатар, Азия чемпионатын атқаруға демеушілер тартуда көп еңбек сіңірді.
Осы жерде Серік Адамболсынұлының көпшілік біле бермейтін тарихи еңбегіне тоқтала кетейік. Жиырма жасында Олимпиада чемпионы атанған Бекзат Саттархановтың 1999 жылғы Азия чемпионатындағы жеребесінің ойдағыдай болуына жан аямай кіріскен азаматымыз осы Төкеев екенін реті келгенде айта кеткенді жөн көрдік. Бекзат ұлттық құрамаға енгенде оның бапкері Анатолий Визирякинді өзіне шақырып алып, Қазақстан құрамасындағы белді жаттықтырушы Александр Апачинскийді Саттархановтың екінші бапкері қылып жаздырған осы Секең болатын. Бекзат батырдың болашағы үшін Апачинскиймен бірнеше мәрте жолығып, көкөрім боксшыға үнемі бас-көз болуын тапсырып отыруы да көкірек көзі ояу, алысты болжайтын адамның тірлігі екені анық.
Серік Төкеев Шымкенттегі спорт мектебін басқарған кезде осы мекеменің дзюдошылары мен самбошылары талай асуларды бағындырды. Оңтүстік дзюдосы алға басуы үшін Өзбекстаннан Юрий Ким атты тәжірибелі маманды Шымкентке шақырғанын бір адамдай білеміз. Юрий Самсонұлы бастаған бапкерлер баптаған шымкенттік дзюдошылар республика бойынша мықтылар қатарында тұрды. Мұрат Қыпшақбаев 2004 Азия чемпионатында топ жарып, Афины Олимпиадасында ел намысын қорғаса, Рауан Инатиллаев Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды. Ал Иван Бағлаев Азия ойындарының күміс медаліне ие болды. Бұлардан басқа республика чемпиондары атанған және халықаралық жарыстарда маңдайы жарқыраған бірталай балуандар болды.
Осы тұста Төкеев тізгінін ұстаған мектептің самбошылары да жанкүйерлерін дүркін-дүркін қуантып жатты. Секеңнің шәкірттері Қазақстаннан асып, әлемдік жарыстарда олжа салды. Қорған Тұрымбетов әлем чемпионатында қола жүлде алып, Азия чемпионатында бес мәрте жүлдегерлер қатарынан көрінсе, Ғалымжан Сапарғалиев Азия біріншілігін екі мәрте ұтып алды. Қорған мұнымен шектелмей, «әлемнің кіші чемпионаты» саналатын Харлампиев турнирінің бас жүлдесіне қол жеткізді, әлем кубогы бәсекесінде бірнеше рет жүлдегер атанды. Әлем чемпионатында екінші, үшінші орынға табан тіреді. Ал Құралбай Орынбасар ересектер арасындағы Азия чемпионатында үш рет жеке-дара шықты. Түйе балуан Қуат Байқожаев Азия чемпионатының күміс тұғырына табан тіреді. Сонымен қатар, Берік Нұрғалиев, Нұржан Рыскиев, Мақсат Пазылбеков, Серік Құлтаев, тағы басқа балуандар Қазақстан чемпионаттары мен ірі жарыстарда табыс биігінен көрінді.
ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарының ортасында Серік Төкеев оңтүстік күресінің қуатын еселей түсу үшін самбо күресінен әлем чемпионатының жүлдегерлері, Әлем кубогының иегерлері, Азия чемпиондары Сәлкен Жартыбаев пен Әлисұлтан Волобуевты Шымкентке шақырды. Әлемдік деңгейде танымал қос балуан біраз уақыт оңтүстіктің намысын қорғап қана қоймай, жергілікті балуандармен бірге жаттықты. Мұның өзі біле білген адамға мол тәжірибе көзі, жастар үшін шыңдалу, жетілу мектебі болғаны анық.
Төкеев басқарған спорт мектебі балуандарымен ғана күшті болған жоқ. Бұл мектептің намысын қорғаған боксшы Мырзағали Айтжанов жастар арасындағы Еуропа чемпионы, Совет Одағы кубогының жүлдегері, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы. Мырзағали Құланұлы бапкерлік қызметін осы мектепте бастап, республика құрамасының бас бапкеріне дейін жоғарылады.
Мектептің ауыр атлеттері де мықты болды. Сергей Копытов пен Вячеслав Ню – 1994 жылғы Азия ойындарының жеңімпаздары.
Серік Адамболсынұлы 2000 жылы республикалық Спорт агенттігінің Штаттағы ұлттық құрамалар және спорт ізбасарлары дирекциясының басшысы қызметіне тағайындалды. Төкеев Сидней, Солт-Лейк-Сити,Турин Афины олимпиадаларына және бірнеше әлем чемпионаттары мен Азия ойындарына Қазақстанның спорттық делегацияларын бастап барды. Осы қызметті алты жылдай атқарған Серік Адамболсынұлы Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы республикалық спорт интернатының директоры лауазымына ауысты. Осы жерде сөз кезегін Төкеевтің өзіне берсек.
«Қазақ күресін ілгері сүйреуге тоқсаныншы жылдардың ортасында кірістім. Ал 2000 жылдың күзінен 2006 маусым айына дейін республикалық штаттағы ұлттық командалар және спорт ізбасарлары дирекциясын басқарған кезде бұл шаруа жандана түсті. Шынымды айтайын, сол жылдары қолда күш тұрғанда облыстық спорт басқармалары басшыларына арнайы хабарласып, жоғары спорт шеберлігі мектептері мен басқа да спорт мекемелерінде қазақ күресінен бөлімдер ашылуына, жаттықтырушыларға штаттық бірлік бөлінуіне шама жеткенше атсалыстым. Ол кезде біраз облыста қазақ күресі жоққа тән еді. Солтүстік пен батыстағы кей облыстардың спорт басшылары Қазақстан чемпионаттарына команда жіберудің өзін мойындарына артық жүк санайтын. Оңтүстік Қазақстандағы Қажымұқан Мұңайтпасұлы және Бақыт Жаңбырбаев турнирінен басқа ауыз толтырып айтатын жарысымыз да болған жоқ. Біздің табанды әрекетіміздің арқасында ұлттық күреске шекеден қарап келген біраз облыста қазақ күресі үйірмелері жұмыс істей бастады. Қысқасы, бұл жылдары біраз аймақта қазақ күресінен бөлімдер ашылып, ондаған жаттықтырушылар ұлттық күрестен шәкірт баптауға кірісті. Соның нәтижесінде кейінгі жиырма жылда ұлттық күрестің ауқымы кәдімгідей кеңейіп, елдің әр қиырында өтетін жарыстар саны көбейе түсті. Осы жерде баса мән беретін жағдай: 2005 жылғы Азия, 2006 жылғы әлем чемпионаттарынан кейін қазақ күресінде үлкен сілкініс пайда болды. Әуелде Бауыржан Жаналин, Марат Жахит, Диқанбай Биткөзов, Бақыт Жаңбырбаев, тағы басқа азаматтармен тізе қосып бастаған іс уақыт өте келе өрісі кеңейіп, арналы жолға түсті. Ұлт мүддесі, ел мұраты жолында іргелі шаруаларға атсалысқан барлық бауырларға шын пейілден алғыс айтамын».
Серік Адамболсынұлы 2004 жылы Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті болып сайланып, бұл қызметті 2017 жылдың наурыз айына дейін абыроймен атқарды. Былтыр көктемде федерация тізгіні ұлт жанашыры, қазақ күресінің талай тірлігін көптен бері қайыспай көтеріп келе жатқан Ислам Әбішевтің қолына көшті. Республикалық Су комитетінің төрағасы Ислам Әбішев бұған дейін ұлттық күрестен өткен бірнеше әлем және құрылық чемпионаттарына демеуші болды. Ислам Әлмаханұлының келуімен федерация жұмысы тіпті жандана түсті. Әбішевтей серкенің соңынан ерген федерация қызметкерлері кейінгі бір жылдың ішінде қыруар шаруа тындырды. Беларусьтағы әлем чемпионаты, Сан Паулудағы Оңтүстік Америка біріншілігі, Кейптаундағы Африка чемпионаты, Сербиядағы Еуропа біріншілігі, Ашхабадтағы жабық кешендегі Азия ойындары, Тарбағатайдағы үшінші Әлем кубогы… Жалпы алғанда, 2005-2017 жылдары Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының ұйымдастыруымен 7 әлем чемпионаты, 11 Азия чемпионаты, 3 Әлем кубогы, 3 Еуропа біріншілігі, Иран мен Бразилияда кадеттер мен жастар арасында әлем чемпионаттары және Оңтүстік Африкада 2 Африка біріншілігі, Бразилияда Оңтүстік Америка чемпионаты ұйымдастырылған екен. Бұл бәсекелерді халықаралық құзырлы орындардың (ФИЛА, кейін UWW ) бақылаушылары арнайы қадағалап отырды. Ислам Әбішев қазақ күресін жақын жылдары олимпиадалық емес спорт түрлерінен Дүниежүзілік және Панамерика, Еуропа ойындары бағдарламасына енгізуге бел буып отыр. Жер шарының 45 елімен ынтымақтастық меморандумға қол қойған федерацияның бұл мақсатқа жетуіне миллиондаған алаш баласы тілектес десек, артық айтқандық болмас. Атының тұяғы жеткен жерде апталап оқу-жаттығу жиындары мен семинар-кеңестер ұйымдастырып, қазақ күресінің ереже кітабын, киімін таратып жүрген федерацияға, осы ұжымның басшылары Ислам Әбішев пен Серік Төкеевке тірліктеріңіз баянды әрі берекелі, ұлттық күресіміздің мәртебесі әрдайым биік болсын, деп тілек айтамыз.
Қыдырбек РЫСБЕК