Бүгін V Азия Пара ойындарында пара дзюдодан Бексұлтан Құлмырза еліміздің қоржынына төртінші алтын медальді сыйлады.
Ол J2 санатында 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Оңтүстік Корея спортшысы Ким Донхунды жеңіп, чемпионы атанды.
Сонымен бірге ерлер арасында кешенді жүзуден өткен финалдық жарыста Диас Кенжебек 200 метрді 2 минут 21.61 секундта жүзіп, күміс медаль иеленді.

Бірінші болып мәреге жапониялық спортшы Минай Акито 2:18.11 секунд нәтижесімен жетті. Ал үшінші орынды 2:23.44 секунд уақыт көрсеткен ирандық спортшы Сина Зейхаминиджад иеленді.
Одан бөлек, пара дзюдодан J2 санатында 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Даяна Федосова сингапурлық Хун Джоан Хуэй Синді иппонмен жеңіп, қола жүлдегер атанды.

Пара дзюдошы Ғалымжан Смағұлұлы қола медаль иеленді. Ол J2 санатында 81 келіге дейінгі салмақта ширек финалда Өзбекстан өкілін қосымша уақытта жеңді. Алайда жартылай финалда Корея Республикасының спортшысына есе жіберді.
Қола жүлде үшін өткен белдесуде Ғалымжан Смағұлұлы Иран өкілі Реза Голамиден басым түсіп, жарысты үшінші орынмен аяқтады.

Бұған дейін пара дзюдошы Ибрагим Нұрмаханұлы J2 санатында 70 келі салмақта үздік шықса, Давид Дегтярев пара пауэрлифтингтен алтын медаль жеңіп алып, құрлықтық рекордты жаңартты.
Пара Азия ойындарында алғашқы жүлдені оқ атудан пневматикалық винтовкадан 10 метр қашықтыққа нысана көздеуден R1 дисциплинасында Еркін Ғаббасов 249.1 ұпай жинап, чемпион атанды.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА
SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары