Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында жалауы көтерілген V Азия пара ойындарының үшінші жарыс күнінде Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары пара садақ атудан, пара оқ атудан, пара үстел теннисінен, пара дзюдодан, пара велоспорттан (трек), пара жүзуден, пара пауэрлифтингтен, арбадағы теннистен, пара таеквондодан, боччадан, волейболды отырып ойнаудан және пара жеңіл атлетикадан сынға түсті.
Пара оқ атудан Еркін Ғаббасов 10 метр қашықтыққа пневматикалық винтовкамен нысана көздеу (R1) сайысында 249,1 ұпай жинап, алтын медаль алғаннан кейін пара пауэрлифтингтен Қазақстан құрамасының спортшылары бір алтын, екі күміс және екі қола медаль иеленді.
Ерлер арасында 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Давид Дегтярев 192 келіні басынан асырып, Азия Пара ойындарының чемпионы атағын жеңіп алды. Сонымен бірге ол Азия Пара ойындарының рекордын жаңартты. Ал әйелдер арасында 41 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Тұрсынай Қабыл 104 келіні көтеріп, жарыстың күміс жүлдегері атанды.
45 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Алина Солодухина 103 келі нәтижемен күміс медальді жеңіп алса, Айжан Берімқұлова 101 келіні көтеріп, қола жүлдеге ие болды. Сондай-ақ Станислав Шакиев 59 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 181 келіні көтеріп, жарыстың қола медалисі атанды. Осылайша, пара пауэрлифтингтен бес спортшымыз жеңіс тұғырынан көрінді. Ерболат Кәрібай Ерболат пен Фархат Мутунов жүлдегерлер қатарына іліге алмады.
Пара дзюдодан жарыстың алғашқы күнінде татамиге жеті спортшы шықты. Оның төртеуі жүлдеге таласты. Соның ішінде J2 санатында 70 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Ибрагим Нұрмаханұлы финалда өзбекстандық спортшыны жеңіп, алтын медаль иеленді. Ал Әлфия Тілекқабыл жарыстың қола жүлдегері атанды. J1 санатында 52 келіге дейінгі салмақта сынға түскен отандасымыз Қырғызстан өкілінен басым түсті.
Айғаным Жанатбек (J1, 60 кг) қола жүлде үшін белдесіп, индонезиялық спортшыдан жеңілсе, Эльнара Абдиназарова (J1,60 кг) өзбекстандық спортшыға есе жіберді.
Одан басқа Динара Құжылова (J1 -70 кг ), Бауыржан Арыстанбеков (J1 -81 кг ), Даяна Федосова (J2 -60 кг ) мен Ғалымжан Смағұлұлы (J2-81 кг) да жүлде алуға әлі де мүмкіндік бар. Бұл спортшылар қола медаль үшін сынға түседі. Ал пара велошабандоздар да жарап тұр. Олар жарыста екі жүлдеге ие болды.
Әйелдер арасында 4000 метрге жекелей қуу жарысында Калаус Анастасия (стокер) мен Полина Братчикова (пилот) күміс жүлдегер атанды. Ал ерлер арасында дәл осы қашықтықта Кирилл Ильюкевич (стокер) пен Глеб Бруссенский (пилот) қола медаль иеленді.
Әзірге ел қоржынында жеңіл атлетикадан бір медаль бар. Ядроны серпуден F35 классында өнер көрсеткен Еламан Жоламан 12.09 м нәтижесімен күміс жүлде алды. Оның қарсыласы өзбекстандық Хусниддин Нурбеков 15.43м көрсеткішімен бірінші орынға ие болды. Ал Дастан Ордабай Т20 классында 400 м жүгіруде 58.10 нәтиже көрсетіп, финалға шықты.

(Пара Азиаданың күміс жүлдегері — ядро лақтырушы Еламан Жоламан)
Пара жеңіл атлетикадан 14 пара спортшы ел намысын қорғауда. Жарыста Азия елдерінен 600-ге жуық пара атлет қатысуда.
Жүзуден Диас Кенжебек S10 санатында 100 метрге еркін стильде жүзуден күміс медаль жеңіп алды. Сондай-ақ ұлттық құрама 20 ұпайлық санатта 4х50 метрге кешенді жүзуден аралас командалық сайыста екінші орын алды.
Роман Потапов S11 санаты бойынша 100 метрге шалқалай жүзуден үшінші орынға жайғасты. Виктор Волков те S13 санаты бойынша 100 метрге еркін стильде жүзуден үздік үштікті түйіндеді.
Анастасия Калаус әйелдер арасында 4000 метрге жекелей із кесу жарысында күміс жүлдеге ие болды. Дәл осы қашықтықта ерлер арасында Кирилл Ильюкевич қола медальға ие болды.
Пара таеквондодан Қазақстан құрамасының атынан Милана Красавцева К44 классында 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсті. Ол алғашқы жекпе-жекте Өзбекстан өкілі Умида Мамараджабоваға есе жіберді. Жұбаныш жүлдесі үшін өткен жекпе-жекте Милана Красавцева Иранның өкілі Роза Ибрахимиге 0:2 есебімен жеңілді. Осылайша, спортшымыз V Азия Пара ойындарындағы жарыс жолын аяқтады. Ал К44 санатында 63 келіге дейінгі салмақта сынға түсіп жатқан Айбек Жұманғали жарысты сәтті бастады.
Отандасымыз ауған спортшысы Мұхаммед Тамам Шарифиден 2:0 есебімен басым түсті. Келесі жекпе-жекте Айбек Жұманғали моңғолиялық Ганбат Боле-Ерденмен жартылай финал жолдамасын сарапқа салады.
Боччадан жекелей сында Қуаныш Асқарбеков Қытай спортшысы Ло Гуаньчжунды 4:3 есебімен жеңді. Әйелдер арасында Итана Шыңғысханова Гонконг өкілі Ю Хиу Ламға 0:6 есебімен есе жіберді. Ерлер арасында Ерхат Алмат Гонконг спортшысы Чау Чанмен кездесіп, 3:3 есебімен тең түсті. Сондай-ақ Азамат Аязбаев Таиланд өкілі Пончок Лапьеннен 0:12 есебімен жеңілсе, Эльмира Мусралиева Гонконг спортшысы Юэнь Чёнға 0:11 есебімен жол берді.
Пара садақ атудан W1 класы бойынша жекелей сайыстың ширек финалында Нұршат Төлеуқасым Оңтүстік Корея өкілі Хам Тейджинді 7:3 есебімен жеңді. Енді ол алдағы күндері қола жүлде үшін таласады.

(Садақ атушы Нұршат Төлеуқасым)
W1 классында жекелей сында Темірлан Сейтқамал да ширек финалға шықты.
V Азия Пара ойындарында пара садақ атудан ұлттық құрама сапында 9 спортшы өнер көрсетуде. Олар жекелей, жұптық және аралас жұптық сайыстарда бақ сынайды. Бұл спорт түрінен жарысқа 19 елден 100-ге жуық спортшы қатысуда.
Қазақстан пара үстел теннисінен Азия пара ойындарының алғашқы медальдарын ала бастады.
Ардақ Нұрмағамбетов Үндістан спортшысы Сандип Дангиді 3:0 есебімен жеңсе, Әли Махулбеков жартылай финалда Қытай Гонконгінің өкілі Чжао Шуайға 0:3 есебімен есе жіберіп, үшінші орын алып қалды. Сөйтіп, екеуі де қола жүлдені қанағат тұтты. Бұл – еліміздің спорттың осы түрінен Азия Пара ойындары тарихында жеңіп алған алғашқы медальдары.
V Азия Пара ойындарында пара садақ атудан ұлттық құрама сапында 9 спортшы өнер көрсетуде. Олар жекелей, жұптық және аралас жұптық сайыстарда сынға түсіп жатыр. Өкінішке қарай, Жасұлан Кішен, Маржан Сәбит, Арлан Атейбеков, Жанат Әйтімова, Айзада Сейдан мен Темірлан Сейітқамал қарсыластарынан жеңіліп қалды. Ал Төлеуқасым Нұршат үшінші орын үшін бақ сынайды.
Бұл спорт түрінен жарысқа 19 елден 100-ге жуық спортшы қатысуда.
Волейболды отырып ойнаудан Қазақстан құрамасы алғашқы ойында Тайланд командасын 3:0 есебімен жеңгеннен кейін енді бүгін Иран командасымен ойнайды.
Арбадағы теннистен Қазақстан құрамасының спортшылары жарысты сәтті бастады.
Ерлер арасындағы жекелей сында Ердәулет Қадымбергенов қытайлық Тайбэй өкілі Ван Вэйсюаньді 7:5, 2:6, 6:3 есебімен жеңіп, екінші айналымға жолдама алды. Евгений Быков та алғашқы кездесуінде Оңтүстік Корея спортшысы Ли Ёнбэден 6:4, 6:2 есебімен басым түсті. Енді ол ширек финалда Тайбэй өкілі Хуан Чу-инмен сынға түседі.
Жалпы, Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында тірек-қимыл аппараты, көру қабілеті зақымданған және зияткерлік даму ерекшеліктері бар спортшылар арасында өтіп жатқан V Азия пара ойындарына 45 елден 4 мыңға жуық спортшы қатысып, спорттың 18 түрінен 502 медальды сарапқа салып жатыр.
Еліміздің ұлттық құрамасы сапындағы 150 ойыншы спорттың 12 түрі бойынша күш сынасуда.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА
SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары