• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Жақсы  кітап  – жан азығы

    Қазір Қазақстан ғана емес, дүниежүзі үрей мен үміттің ортасында. Үнемі қорқыныш пен уайым адамның иммундық жүйесін әлсіретеді. Өзіңіз және туған-туысттарыңыз үнемі қорқыныш сезімінде болмауы үшін жағымсыз ақпараттар ағынын барынша шектеу қажет.

    Себебі, адамның ішкі құрылысында кезігетін аурулар психологиямен тікелей байланысты. Көңіл-күйдің түсіңкі болуы, үлкен мидың шаршауы түрлі аурулардың басты себепкері. Медицина ілімінде үлкен мидың жұмысы бүкіл дене организмдеріне тікелей әсер етеді делінген. Негізі адамның миы үздіксіз шынығу арқылы қуаттанып отыратыны, қан тамырдың, өкпе, жүрек және басқа да ағзалардың сау болуы үшін дене шынықтыру маңызды орында тұратыны белгілі. Әлемдік тәжірибе коронавирустың таралуына қарсы күрестің ең жақсы әдісі карантин және қозғалысты барынша шектеу екенін көрсетіп отыр.

    Карантин кезінде үйде «қамалып» отыру кей адамдарды күйзеліске шалдықтырғанын әлуметтік желілерден көзіміз шалып жатады. Бұл уақытша кезеңді күйзеліссіз өткеруге көмектесетін пайдалы кеңестер ұсынып жатқандары да бар. Соның бірі – карантин кезінде уақытты кітап оқуға арнап, бір-біріне челендж жолдаған халықтың игі бастамасын ел Президенті жоғары бағалап, өзі де бірнеше кітапты ақтарып шығуға бас қойғанын баспасөз беттері мен әлеуметтік желі жарыса жазды.

    –Шын мәнінде, кітап оқу – рухани кемелденудің көзі десем артық емес. Қазіргі уақыт – секунд сайын жаңарған ақпарат заманы. Жалған деректің, шындыққа жанаспайтын қауесеттердің де тез тарап жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан мұндай жағдайға мейлінше жол бермеу үшін алтын уақытымызды осындай пайдалы істерге жұмсағанымыз жөн, – деп Мемлекет басшысы Қасы-Жомарт Тоқаев коронавирус пен дағдарысқа қатысты негізсіз ақпараттардың жетегінде кетпей, білімнің сенімді көзі – кітапқа көңіл бөлуге шақырды.

    Ғалымдар күйзеліспен күресте әуен тыңдау, бейне ойындар ойнау, шай, кофе ішу оң әсер беретінін, алайда бұл әдістердің кітап оқығанға қарағанда әсері әлсіз екендігін анықтаған. Яғни, кітап оқу – рухани жетілуге ғана емес, тән саулығына да керемет пайдалы екендігін дәлелдеп отыр. Кітап оқу стресс пен көңілсіздіктен арылуға көмектеседі. Әрбір дана кітапта 100 миллионнан артық ақпарат болады. Кітап оқу кезінде ми осы ақпараттарды есте сақтаумен қатар, зейін қуатын да күшейтеді, сонымен қатар, қатерлі дерттерге қарсы ағзаның қуатын арттыра алады. Ғалымдар жүргізген тәжірибеге өз еркімен қатысқан адамдар күніне кітаптың екі бетін оқып отырғанның өзінде қатысушылардың қан қысымы қалыпқа келіп, бұлшық еттері босаңсып, басқа да оң өзгерістер байқалғанын, кітап оқыған кезде күйзелісті жылдам әрі тиімді еңсеретінін анықтаған. Кітап оқудың тағы бір ерекшелігі – ұзақ өмір сүрудің кепілі екен. Жапония медицинасы осылай қорытынды шығарып отыр. Олардың айтуынша, ең ұзақ өмір сүретіндер – философтар, одан кейінгісі ғалымдар мен көркемөнершілер екен. Олар «кітап оқу – барлық дене мүшесіне әсер ететін үлкен миды үздіксіз қозғалысқа салады. Кітап оқып болған соң да оның адамға сыйлайтын әсері дене шынықтырудан кейінгі массаж секілді адамды рухани қалыпқа түсіріп отырады», дейді.

    Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы – еліміздегі тарихы тереңнен бастау алатын, адамзат тарихының керуенін сүріндірмей әкеле жатқан, шырағы биік, парасаттылық пен білімділіктің киелі ордасы. Қай кез болмасын Ұлттық кітапхана ақпарат және білім орталығы ретінде қоғам мен мемлекеттің дамып-өркендеуіне үлес қосып келеді. Барлық білім салалары бойынша қоры бай. Осы кітапханада 2001 жылдың сәуірінен Құжаттарды электронды жеткізу ( ҚЭЖ) қызметі өз жұмысын бастаған. Қызмет Ұлттық кітапхана қорындағы құжаттардың электрондық көшірмелеріне тапсырс беру мүмкіндігін ұсынады. Тапсырысыңызды edd@nlrk.kz электрондық поштасы арқылы жолдай аласыз. Ұлттық кітапхана қорынан алынған электрондық көшірмелерді ғылыми және білім беру мақсаттарында ғана пайдалануға рұқсат етіледі. Көшірмелерді жеке мақсатқа пайдалануға және үшінші адамға беруге тыйым салынады.

    Бүгінгі күні адам жүйкесіне кері әсер ететін жағдайлардың орын алып отырғандықтан денсаулықты сақтауды алдын алатын әдістердің ішінде кітап оқу ең өнімді тәсіл болып отыр. Карантин уақыты – кітап оқуға таптырмас мүмкіндік. Осыған дейін ойда жүрген кітаптарды оқып, жаңа авторлармен неге таныспасқа?! Жақсы кітап денсаулығыңызды сақтауға септігін тигізумен қатар, оқырманның ұшқыр қиялына қанат бітіріп, кәсіптік бағыт-бағдар жағынан жетілуіне, ілгері өрлеуіне бастаушы болары сөзсіз. Сонымен келтірілген дәлелдер арқылы сіздерді кітапты ең жақын досы етеді деп үміттенемін!

     

    Ләззат АБДРАХМАНОВА,

    Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасы

    Ғылыми-әдістемелік қызметінің маманы

    АЛМАТЫ

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *