• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Туризм және спорт министрлігі

    Қазақстан құрамасы XXV жазғы Сурдлимпиадада 25 медаль алды

    Бүгін Жапонияның астанасы Токиода XXV жазғы Сурдлимпия ойындары мәресіне жетті. Қазақстан ұлттық құрамасы 8 алтын, 4 күміс және 13 қола медаль жеңіп алды, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігі.

    -Ең көп жүлдеге сурдо дзюдо спортшылары ие болды. Аталған спорт түрінен отандық спортшылар 5 алтын, 2 күміс және 4 қола медаль алып, барлығы 11 жүлдені иеленді. Осы нәтижемен Қазақстан дзюдошылары жалпыкомандалық есепте бірінші орынға шығып, тарихи әрі рекордтық жетістікке жетті. Бұл – еліміздің сурдо дзюдо тарихындағы ең үздік нәтиже, — делінген хабарламада.

    Балуандар да ел қоржынына бірнеше жүлде салды. Атап айтқанда, еркін күрес шеберлері 1 алтын, 1 күміс және 3 қола медальға ие болса, грек-рим күресінің өкілдері толық медаль жиынтығын (алтын, күміс және қола) еншіледі.

    Жеңіл атлетикадан Қазақстан құрамасы 1 алтын және 1 қола медаль иеленді. Фаина Мейірманова биіктікке секіру сайысында 1,79 метр нәтижемен Сурдлимпиада чемпионы атанып, жарыстың рекордын жаңартты. Бұған дейінгі рекорд – 1,75 метр болатын. Оны 2013 жылы Болгарияда өткен Сурдлимпиадада Беларусь спортшысы Маргарита Хралко тіркеген еді.

    Ұлттық құраманың қоржынына таеквондо шеберлері 3 қола медаль салса, үстел теннисінен ерлер командасы командалық есепте қола жүлдегер атанды.

    -Еліміздің сурдо спортшылары халықаралық жарыстарда бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеді. Жарыстың алғашқы күнінен бастап Қазақстан құрамасы 81 елдің ішінде үздік бестіктің қатарынан көрінді. Бұл – мүмкіндігі шектеулі жандар спортының жүйелі дамуы мен мемлекеттік қолдаудың нәтижесі. Алдағы уақытта спортшыларымыздың әлеуетін арттыруға және жоғары нәтижелерге жетуіне жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастырамыз, – деді ТСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Есембаев.

    XXV жазғы Сурдлимпия ойындары Жапония астанасы – Токиода жалауын желбіретті. Есту қабілеті бұзылған спортшылар арасында ұйымдастырылатын бұл беделді халықаралық дода төрт жылда бір рет өткізіледі. Байрақты додада 81 елден келген 3 000-ға жуық спортшы 21 спорт түрі бойынша 209 дисциплинада өзара мықтыны анықтады. Қазақстан құрамасынан 78 спортшы 8 спорт түрінен сынға түсті.

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *