Бокстан әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай елге келісімен Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында Олимпиада чемпионы болуға тырысатынын, соған талпынатынын айтты.
Осы сәтті көп күттік. Жеңіске жету — әр спортшының арманы. Атап айтқанда, Ташкентте жанкүйер ретінде келген қазақтар көп болды. Шаршы алаңда тұрғанда, жаттықтырушылардың емес, көрермендердің дауысы басым шықты. Жалпы, жекпе-жекті тамашалауға келген адамдардың қолдауын күшті сезіндік. Осы орайда олардың баршасына алғысымды айтқым келеді. Енді Аллағ жазса, Олимпиада чемпионы болуға тырысамын. Соған талпынамын, — деді С.Тәшкенбай.
Сонымен бірге ол алдағы жоспары туралы айтып берді.
Әр спортшы Олимпиада чемпионы атануға талпынады. Сондықтан мен де осы мақсатқа жетуді көздеп отырмын, — деді әлем чемпионы.
Мұнымен қоса Санжар Тәшкенбай жарыс чемпиондарына қомақты сыйақы берілетінін айта келе, бұл жүлдені ата-анасына және өзінің бапкеріне де бөліп беретінін жеткізді.
Бапкерімнің де зор еңбегі бар. Жалпы, сыйақыны ата-анама беремін, олар өздері шешеді, — деді ол.
Мәдениет және спорт минимстрлігі әлем чемпиондарының әрқайсына 15 мың доллардан береді. Олардың бапкерлеріне де 15 мың доллар қарастырылған. Қазақстан бокс федерациясынан – 100 мың доллар, AIBA жағынан 200 мың доллар беріледі.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА