• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Алматыдағы алтыншы аламан: тастүлектер томағасын сыпырды

    Алматыда бокстан КСРО спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Амалбек Қозыбақұлы Тшановтың халықаралық турнирі алтыншы мәрте жалауын желбіретті.

    Жастар арасындағы додаға еліміздің спортшыларынан басқа Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан мен Түркменстаннан боксшылар қатысты. 2001-2002 жылы туған жастар апта бойы республикалық спорт колледжінің манежіне тігілген шаршы алаңның шаңын көтеріп, көрерменнің қанын қыздыратын жекпе-жектер өткізді. 100-ден аса жуан жұдырық жігіттер он салмақта жүлделерді бөліске салды.

    Қазақ боксының ардагерлері АИБА төрешісі болған Серік Әбдінәлиев, АҚШ-КСРО матчының чемпионы, даңқты боксшы Жандос Көкімов, Еуропа чемпионы, білікті бапкер Кәрімжан Әбдірахманов, Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымов, Михаил Юрченко, әлем чемпионы Галиб Жафаров сынды спортшылар турнирдің құрметті қонағы  болып, бозбала боксшылардың шеберлігін байқады.

    Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымов бұл турнир талай таланттардың томағасын сыпырар тұғыр болғанын, болашақта да бокстың шоқ жұлдыздарын шығаратын додаға айналатынын жеткізді.

    –Биыл алтыншы мәрте ұйымдастырылған турнирге жыл сайын қатысушы командалардың саны да артып, боксшылардың шеберлігі де шыңдалып келеді. Басқа елдерден де таңдаулы боксшылар келіп, шаршы алаңда шиыршық атып айқасуы турнирдің бәсінің жоғары екен айғақтайды. Амалбек Қозыбақұлы басқаратын республикалық спорт колледжі олимпиадалық спорттың бірнеше түрінен талантты да, талапты балаларды өсіріп, қанатын қатайтып, өрісін ашып беруде. Басқаларды айтып мақтанбай-ақ күні кеше Тайландта өткен Азия чемпионатында қола жүлде алған Санатәлі Толтаев осы колледждің студенті.  Осындай білім ордасында оқи жүріп, ұлттық құрама сапына қосылып, ел намысын абыроймен қорғап жүр. Бұл турнир жыл сайын жаңа жұлдыздардың жарыққа шығуына баспалдақ болатыны анық, – дейді Е.Ыбырайымов.

    Алты күнге ұласқан доданың финалдық жекпе-жектерінде үздік шығып, чемпиондық атақты 49 килода Алматы облысынан қатысқан Қайрат Ернұр жеңіп алды. 52 килода қызылордалық Нүркен Қанжардың  қанжығасы майланып, алтын медаль олжалады. 60 кг салмақта өзбекстандық Хаирулла Алмиатов, 64 килода алматылық Бегзат Боранбаев, 75 кг салмақта астаналық Әбдікерім Бекболат,  81 килода қырғызстандық Ислам Абдыкадыр улуу, аса ауыр салмақта ақтөбелік Ернар Наурызов чемпион атанды.

    Республикалық спорт колледжінің үш студенті халықаралық турнирде оза шауып, жанкүйерлерін желпінтіп, алтыннан алқа тағынды. Олар: 56 килода Мирас Қанабек.  69 кг салмақта Арна Қуанов мен 91 килода Бегзат Таңатар.

    «Шаңырақ» спорт мектебінің боксшысы Балтабай Мұхаметкәрім «жеңіске деген жігері үшін» аталымымен марапатталды.

    Турнирдің үздік боксшысы атағын Бегзат Таңатар иеленді. Әділ төрелігімен тәнті еткен өзбекстандық Қамбар Дүйсеновке «үздік төрешінің» сый-сияпаты берілді.

    Республикалық спорт колледжінің директоры, қоғам қайраткері, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Амалбек Тшанов турнирдің дүркіреп өтуіне қолдау көрсетіп, мұрындық болған Мәдениет және спорт министрлігіне, Алматы қаласының әкімдігіне және ұйымдастырушы комитет мүшелеріне зор алғысын білдірді.

     

    Н. РАХМЕТ,

    Фотоларды түсірген Қ.САПАРОВ

     АЛМАТЫ

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *