• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Ауыл адамдары ауылында отыру үшін не істеу керек?!

    Бұл енді аудан,облыс әкімдіктеріне өтініш;

    …Ең әуелі, ауыл адамдарының азық-түлікпен қамтамасыз етілгенін жіті әрі жиі бақылап отыру керек! Көп ауылда бұрынғыдай азық-түлік дүкендері де тапшы. Әрі,бүгінде орталық сауда деген жоқ,бәрі меншік иелерінің қолында. Яғни, әкімдіктер олармен келісімге отырып, аптасына бір рет көлік-керуен сауда топтарын жіберіп отыруы керек. Бұл баяғы біздің заманымыздағы АВТОЛАВКАЛАР секілді болады. Оған көлік те,баратын ұжымдар да табылады, ең бастысы ұйымдастыру!

    Ең үлкен мәселенің бірі – жұмыссыздыққа байланысты ауыл адамдарының көбісі өздерінде бар ауыл шаруашылығы,үй шаруашылығы өнімдерін күнделікті қалаға әкеліп сатып,соған қант-шай,ұн-кеспе алып кететіндігі ақиқат. Ол қалаға жақын ауылдар ғана емес! Мысалы қаладан 200 шақырымдай жердегі біздің ауыл тұрғындары Балқаш көлінен балық аулап, күн сайын соны Үштөбеге иәкеліп сатады! Біреулер ет, біреулер сүт, біреулер жұмыртқа, май, айран, қымыз, құрт-ірімшік әкеліп, күн көретіндер де аз емес. Яғни оны тоқтату үшін ауылдарға баяғы жүн алатын,тері алатын,май алатын қызметтер секілді ауыл тұрғындарының өнімін ауылынан қабылдап алатын кірелер ұйымдастыру керек!!! Бұл да оңай емес. Бірақ басқа мынадай ауыр күн түсіп жатқанда ауырлықтан қашсақ қатерге ұрынбаймыз ба?!

    Тағы бір өзекті мәселе – жанар-жағар май мәселесі! Бүгінде ауылдағы тұрғындардың құрығанда бір-бір көлігі бар. Екі-үшеу де кездеседі. Ал ауылдардың көбісінде,егер күре жолдың бойында болмаса,май құю бекеттері жоқ! Мысалы біздің ауыл 200 шақырым жердегі Үштөбеден құяды майды! Мен қайта-қайта өз ауылымды айтқанда, білген соң мысал үшін ғана айтып жатырмын. Олай болса ауылдарға аптасына бір рет май құю қызметін жіберіп тұру керек! Сол кезде бөшкесіне,шелегіне,етегіне толтырып алады. Ауылдарда ақша алатын терминалдар жоқ! Көп ауыл тұрғыны ақшаны қаладан келіп алады. Баяғыдағыдай почта қызметі де ел айлығын бере алмайды. Төлем картасын түске ақша сонда қалады. Яғни, бұл мәселені де ақылды бастар ойланып барып,шешкені дұрыс. Осылардың бәрі ауыл адамдарын қалаға айдайды! Ең маңызды мәселенің бірегейі – ауыл-ауылға дәрі-дәрмек, медициналық құрал-жабдық, сақтық шараларына арналған дүниелер жібере беру. Ертең, әлгі пәле белгі берсе емес, бүгін-ақ, ай мен күннің аманында!!! Мүмкін ауыл-ауылға бір-бір білікті дәрігер бөліп,осы бір кезең өткенше жібере тұру керек бола ма?! Ол жандар ұнаса кейін сол ауылдарда қалып та қалады! Кезінде біздің ауылға осындай бастамамен келген 5-10 жас әйел мұғалімдер,бірнеше медбике,дәрігерлер сол ауылға келін болып қалып,бүгінде жарты ауылдың бала-шағасын өргізіп отыр!

    ОЙЛАНАЙЫҚ, АҒАЙЫН, ТОЛҒАНАЙҚ, ДОСТАР! Осыны қолы ұзын, мүмкіндігі бар қыз-жігіттер тиісті адамдарға, мекеме-ұйымдарға жеткізіп, ЕЛ БЕСІГІ – А У Ы Л Д А Р Ы М ЫЗ Д Ы қауіпке ұшыратпай сақтай білейік!!!

     Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ, журналист-жазушы, спорт қайраткері,

    Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері.

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *