• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Жамағат жарысының жалауы желбіреді

    Алматы қаласы мешіттерінің жамағаты арасындағы спартакиаданың жыл өткен сайын ауқымы кеңейіп келеді.

     Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетініӊ алаӊында өткен бұл шараға 2000-ға жуық мешіт жамағаты жиналды. Жарысқа қатысушылар арқан тарту, армрестлинг, кір тасын көтеру,  қошқар көтеру, асық ату, петанк, допты қақпаға тебу секілді спорт түрлерінен бақ сынады.

    Жиналған жамағаттың назарын өзіне аударған – «Қошқар көтеру» сайысы болды. Шын мықтылар бәсекесінде қошқарды иыққа салып 101 рет көтерген Бауыржан Әбдіқайым жеңімпаз атанса, Евгений Ким 2-орынды иеленді. 3-орынға Нұрбалат Ертас көтерілді. Кір тасын көтерген білекті жігіттер де көпшілікті тамсандырды. Тасты 81 рет әуелеткен Еркін Ерімбетов бас жүлделі болса, 80 рет көтерген Ақжол Жолдасбаев екінші, 60 рет серпе көтерген Урматбек Ибрагимов үшінші орын алды.

    Арқан тартқанда ұйымшылдық танытқан Төле би мешітінің жамағаты топ жарды. Финалда есе жіберіп алған Абай мешітінің командасы 2-орын, әл-Мұхамед мешітінің жамағаты 3-орынға тұрақтады. Допты қақпаға тебуде Жандос Тұрысбек мергендік танытса, құрамында Азамат Дүйсенбай, Бекзат Рижанов және Саят Мұхаметкәрім өнер көрсеткен «Нұр-Мүбәрәк» командасы петанк ойынында жеңіске жетті.  Ұлттық ойын – асық атуда Раис Жеңісұлы жеңімпаз болды. Ал білекті жігіттердің бәсекесі – армрестлингте Төле би мешітінің намысын қорғаған Абзал Тілеубаев мықты екенін дәлелдеді.

    Жеңімпаздар мен жүлдегерлер жарыс соңында бағалы сыйлықтармен марапатталды.

    «Жамағат арасындағы жарыстарға деген көпшіліктің ықыласы жыл санап артып келеді. Биыл футбол, волейбол және мереке күндеріне орайластырылған түрлі спартакиадалар өтті. Бастысы осындай игі шаралар арқылы елдің руханияты көтеріліп, мешіт жамағатының бірлігі нығая түссе деген тілек бар», – деді жарысты ұйымдастырушы Әлия Шайхан.

    Шараның негізгі мақсаты да мешіт жамағаты арасында дене шынықтыру мен спортты, саламатты өмір салтын насихаттау. Сонымен қатар исламның дәстүрлі емес ағымының жетегінде жүрген жандарға асыл діннің оң жолын көрсету.

    Жамағат арасындағы биылғы жарыстарды үстел теннисінің шеберлері түйіндейді. Алдымен ауданаралық бәсекеден іріктелгендер 21 қарашада өтетін финалда бақ сынайды.

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

    Фото: Ольга АПЕЛЬГАНЕЦ

    АЛМАТЫ

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *