• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Жетісуда жеткіншек балуандар белдесуі тартыспен өтті

    Құлжа тас жолымен шығысқа қарай бет алсаңыз, Бәйсейіттен өткен соң алдыңыздан Сөгеті ауылы шығады. Қазіргі атауы – Нұра ауылы.

    Осы елді мекеннің алғашқы қазығын қағып,  іргетасын қалаған жандардың  бірі – Сағыныш Есбергенов. Өнегелі ғұмыр кешкен Есбергеннің ұлының есімін ауылдастары  ықыласпен еске алып, құрмет, ізетін аяған емес.  Халыққа қызмет етуде төккен тердің  қайырымы осы болса  керек.

    Алматы облысының құрметті азаматы, «Сөгеті» деген совхозды тақыр жерден тұрғызып, отыз жылға жуық  абыроймен басшылық жасап, үлгілі  ауылдардың қатарына  қосқан Сағыныш Есбергеновтің есімін ауылдастары әрқашан құрметпен атайды. 2017 жылы  осы ауылда ескерткіші де бой көтерді.

    Елең-алаң шақтарда етігімен су кеше жүріп, ат үстінде азаматтық істерді атқарған  Сағыныш  Есбергеновтің атында қазақ күресінен дәстүрлі турнир ұйымдастырылады. Жылдан-жылға жалғасын тауып, сабақтастық жүлгесі үзілмеген жарыс  биыл да жалауын желбіретті.

    2009-2012 жылы туған жасөспірім жеткіншектер арасындағы күрес бәйгесі облыстық ашық турнир деп жарияланғандықтан да қатысушы балуандардың қатары көп болды. Сонау Семейден де Сөгеті  кілемінде күресу  үшін жас спортшылар келді. Талдықорған, Қызылорда, Түркістан  қаласынан сырт Алматы облысының әр ауданынан жиналған жеткіншектер бәсеке көрігін қыздырды.

    «Өзім жолға шыққанда көлік  күтіп, қол көтеріп тұрған жас балаларды көрсем міндетті түрде аялдап,  көлігіме мінгізіп аламын. Өйткені өзім де кезінде интернатта оқыдым. Ауылдан  қатынау қиын, қазіргідей көліктің ағылып жататын кезі емес, шанда бір мәшине өтеді. Көбіне жүк көліктері, олар тоқтамайды, тоқтағаны алмайды. Жол азабын тартқандықтан да қазір бала көрсем тоқтаймын, ала кетемін. Екі-үш жыл бұрын  Алматыдан ауылға келе жатып жолай көлік тоқтатып қол көтерген жас баланы ала кеттім. Әңгімешіл серігім көрші ауылға бара жатыр екен.

    –Өзіңіз қайда барасыз?, – деді маған.

    –Нұра деген ауылда туғам, сол ауылыма барамын, – дедім.

    –Ой, аға, мен екі жыл бұрын  сол ауылда Сағыныш Есбергенов атындағы қазақ күресінен өткен турнирде чемпион болғам, сіз ол кісіні көріп пе едіңіз? Турнир жоғары деңгейде ұйымдастырылады, – деді  аңқылдап.

    Межелі жерге жеткенде:  «Шырағым, сол сен айтқан Сағыныш деген кісінің баласымын,  турнирді біз ұйымдастырып жүрміз. Мына қарбыздың біреуін саған берейін үйіңе апарып жеңдер», дедім разы болып. Ол да қуанып көлігімнен түсіп қалды.  «Міне, турнирге қатысу арқылы балалар бір-бірімен достасады, сабақтастық байланыс орнайды. Бұл турнирге қатысқан қаншама бала спортта үлкен жетістікке жетіп келеді. Осындай ауылдық жерде өтетін жарыстар талантты балаларды табуға, тануға орай туғызады. Биыл осы турнирдің жоғары деңгейде өтуіне  мұрындық болып,  Шелек ауылындағы №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, іскер бауырым, кикбоксингтен әлем кубогының жеңімпазы, Еуразия чемпионы Елмұрат Қайыпжанов бастаған жігіттер атсалысып орасан көмек жасады. Бұдан сырт қолдау көрсетіп, демеу болған ағайын-туысқа алғысымызыз шексіз», – деді заң саласының білікті маманы  Ұлан Есбергенов.

    –Қазақ күресін дамытып, насихаттау үшін де жарыстардың көбірек ұйымдастырылғаны жеткіншектердің шыңдалуына орасан мүмкіндік тудырады.  Алдымен боксқа, кейін күресқе, ақырында кикбоксинг спортын шыңына шығамыз деп мақсат қойып талаптанған  өзіміз де осындай  турнирге қатысып, шыңдалдық. Карантиндік шектеулерден кейін ұымдастырылған соң ба, биылғы жарысқа қатысушылардың қарасы қалың. Сосын еліміздің әр қиырынан келген балғын  балуандардың белдесуін көріп көңіліміз марқайды. Қазақ күресінің қанат жайып, кеңінен таралуына осындай жарыстарды жиі өткізудің тигізер септігі мол, – дейді турнирді ұйымдастырушы  Шелек ауылындағы №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, кикбоксингтен әлем кубогының иегері, Еуразия чемпионы  Елмұрат Қайыпжанов.

    Облыстың ашық біріншілігінде топ жарып жеңіске жеткен балуандарға ауылшаруашылығы саласының үздік маманы  С. Есбергеновтың балалары медаль, диплом, бағалы сыйлықтары берілді. Алматы облысының Құрметті азаматы «Сағыныш Есбергенұлының есімін ардақтау мақсатындағы дәстүрлі  турнир келер жылы да жалғасын табады», дейді ұйымдастырушылар.

    –Жастардың қазақ күресінің бекзада спорт екенін білгендіктен де қызығушылығы артып келеді. Бүгінгі турнирге қатысқан балғын балуандардың ерік-жігеріне, талабына қарап қуандым. Қазір бұлар бақытты, бәрі бар, жүлде қоры қомақты, сыйлықтары керемет жарыстар да көп. Біз күрескен жылдары мұндай жарыстар жиі өткізілмейтін. Тұлпарды бәйгеде сынап, бабын байқайтын болса, спортшылардың сынақ алаңы осындай турнирлер, – дейді күрес түрлерінен спорт шебері, халықаралық турнирлердің жеңімпазы Асхат Рахметов.

    Турнирдің салтанатты ашылу рәсімінде С.Есбергеновтің   балалары   Нұра ауылының көнекөз қарияларына көпттің алдында құрмет көрсетіп иықтарына оқалы шапан  жауып сый-сияпатын  жасады.  Қазақ күресі қайткенде жалпыхалықтық сипатқа ие болады? Әрине,  әр жас ерекшелігіне орай осындай турнирлер көптеп ұйымдастырылып, насихат, ағарту жұмыстары қарқын алғанда ғана жанданады. Көңіл тоғаятыны, соіңғы жылдары қазақтың төл өнері,  ұлттық спорты  күреске деген жастардың қызығушылығы артып келеді.

     

    Хангелді  ЖӘНІБЕК,

    Фото: Сержан ЖИРЕНБАЕВ

    Алматы облысы,

    Нұра ауылы

    Бір пікір

    1. Мерси, буду пробовать. Что посмотреть вопрос который возникает рано или поздно у всех. Хорошая подборка фильмов и сериалов вот на этом сайте https://kino24.org . Смотрите в онлайн бесплатно.

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *