• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Самбошы Рамазан Мамаев — әлем чемпионы

    Маңғыстау облысында соңғы жылдары самбо және дзюдо күрестері ерекше қарқынмен даму үстінде. Әсіресе, «Жас батыр» спорт мектебінің директоры Манарбек Бисекенов  бастаған облыс самбошылары мен дзюдошылары күрестің осы түрлерін дамытуға бар үлестерін қосып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, еңбек етуде.

    Міңе, сол еңбек өзінің алғашқы жемісін берді. Бүгін Сербияның Нови-Сад қаласында өтіп жатқан самбодан жастар арасындағы әлем чемпионатында маңғыстаулық самбошы Рамазан Мамаев – Маңғыстау облысы тарихында тұңғыш рет әлем чемпионы атанды. Қазақ елінің самбошылары жастар арасында соңғы 7 жылда әлем біріншіліктерінен алтын жүлдені ала алмай жүрген болатын. Рамазан ел үмітін ақтады.

    Рамазан 62 кг салмақта алғашқы белдесуінде голландиялық палуанды ұтса, екінші белдесуде болгар жігітін қапы қалдырды. Финалға шығар жолда тәжікті жарыс жолынан шығарып, финалда моңғол палуанынан басым түсті. Сөйтіп, өзінің әлем чемпионатындағы алғашқы алтын жүлдесін жеңіп алды.

    Рамазан бұған дейін дзюдо күресінен Қазақстан Республикасының спорт шебері атанып, Азия және Еуропа кубогының иеленген еді. Самбо күресінен Қазақстанның 3 дүркін чемпионы және кубогының иегері атанып, жастар ойындарын ұтып, Азия чемпионы атағын иеленді.

    «Жас батыр» спорт мектебінің директоры Манарбек Бисекенов республикалық «Спорт жұлдыздары» журналының биылғы №3 санында «Мақсатымыз – Азия және Әлем чемпиондарын тәрбиелеп шығару» деп сұхбат берген болатын. Іскер басшы, шебер ұйымдастырушы, білікті бапкер Манарбек Бисекенов сөзінде тұрды. Рамазан Азияны да, әлемді де бағындырды. Бұл маңғыстаулық самбошылар мен дзюдошылардың болашақ жеңістеріне бастайтын жол деп білеміз. Ендігі меже – Олимп шыңын бағындыру. Егер, мұнайлы түбекте самбо мен дзюдоға деген көзқарас дәл бүгінгі бағытта жалғаса беретін болса, ол арманға да қол жеткізуге болады деп білеміз.

    Ертең Сербия боз кілеміне 72 кг салмақта Жалғас Қасбаев деген тағы бір маңғыстаулық палуан шығады. Рамазанның жеңісті жолын Жалғасымыз жалғастырып әкетсе деп тілейік, ағайын!

    Мұсағали ТАСҚАЛИЕВ

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *