Шаңғы қоссайысшысы Бекарыс Атыбек елде өнер көрсетіп, құрмет тұғырының ең биік сатысынан көрініп жүрген талантты спортшы. Ол Финляндия, Норвегия, Польша мен Ресейде жалауы көтерілген жарыстарға қатысып, көзге түскен.
Қазір Тараз қаласынан шыққан спортшы ұлттық құрама деңгейіне дейін көтеріліп, FIS және Continental Cup жарыстарына қатысып жүр. Бұл деңгейде Скандинавия мектептері мен қысқы спорт түрлерінің ең мықты өкілдері басымдыққа ие.
Шаңғы қоссайысында кездейсоқ старттар болмайды. Егер спортшы Финляндия немесе Норвегиядағы трамплиндер мен трассаларда жарысқа шықса, бұл оның аталған спорт түрінің әлемдік жүйесіне енгенін білдіреді. Бүгінде Қазақстан Республикасының спорт шебері, ұлттық құраманың мүшесі Бекарыс Атыбек дәл осы деңгейде бақ сынап жүр.
Ол 2003 жылдың 4 сәуірінде Тараз қаласында туған. Бұл қала үлкен қысқы спортқа апаратын негізгі орталықтардың қатарына кірмейді. 2015 жылы Алматы қаласына қоныс аударып, сол жылы Бекарыс шаңғы қоссайысын таңдады. Бұл — трамплиннен секіру мен шаңғы жарысын біріктіретін, нәтижеге жету жолы сырт көзге көрінгеннен әлдеқайда ұзақ спорт түрі.
Алғашқы табысты қадамдар жасөспірімдер деңгейінде байқалды. 2015 жылы ол Қазақстан Республикасының II қысқы жасөспірімдер ойындарында жеңімпаз әрі жүлдегер атанды. Ал 2019 жылы ҚР III қысқы жасөспірімдер ойындарында топ жарды. Бұл жарыстар оның жастар және ересектер спортына өтуіне берік негіз қалады.
2019 жылы Бекарыс спорт шеберіне кандидат нормативін орындады. 2020 жылы Қысқы спорт түрлері бойынша Олимпиадалық даярлау орталығына қабылданып, Қазақстанның жасөспірімдер құрамасына енді. Ал 2021 жылы Қазақстан Республикасының спорт шебері атағын алып, Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиадалық комитеті арқылы ұлттық құрама сапына қосылды.
Осы кезеңнен бастап оның спорттық мансабындағы халықаралық кезең басталды. 2021 жылы Бекарыс Ресейдің Нижний Тагил қаласында өткен Continental Cup жарыстарында дебют жасады. Бұл жарыстарда дәстүрлі түрде Ресей мен Еуропаның ең мықты спортшылары қатысады. Сол жылы ол Финляндияның Рука қаласында өткен Continental Cup кезеңдерінде де өнер көрсетті. Рука — Скандинавиядағы шаңғы қоссайысының басты орталықтарының бірі.
2022 жылы спортшы Польшаның Закопане қаласында өткен FIS Junior World Ski Championships әлем чемпионатына (оның ішінде командалық жарыстарға) қатысты. Сонымен қатар Норвегияның Нотодден қаласында өткен FIS Cup кезеңдерінде бақ сынады.
Халықаралық старттармен қатар, Бекарыс ел ішіндегі жарыстарда да өз деңгейін тұрақты түрде дәлелдеп келеді. 2018–2024 жылдар аралығында ол Қазақстан Республикасының чемпионаттары мен кубоктарында үнемі жүлделі үштікке еніп, ел біріншілігі мен ұлттық кубок жарыстарында жүлделі орындарға ие болды.
Бекарыс Атыбектің спорттық қалыптасуында Алматы қаласының шаңғы трамплинінен секіру бойынша аға жаттықтырушысы Курганский Владимир Викторовичтің еңбегі ерекше.
-Атыбек Бекарыс соңғы жеті жыл бойы менің жетекшілігімде жаттықты. Осы уақыт ішінде ол өзін ең жақсы қырынан көрсете білді. Оның еңбекқорлығы, жаттығу процесіне деген жауапкершілікті көзқарасы және жаттықтырушы мен спортшы арасындағы адами қарым-қатынасы әрдайым жоғары деңгейде болды, — деді жаттықтырушы.
Дайындық процесі жасөспірім жастан басталып, кезең-кезеңімен жүргізілді. Уақыт өте келе Бекарыс үлкен трамплиндерге ауысып, республикалық жарыстардан бастап жастар және ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаттарына дейінгі деңгейге көтерілді. Нәтижесінде ол бұл жарыстарда жүлделі орындарға ие бола бастады.
Бапкердің айтуынша, Бекарыс 90 және 120 метрлік үлкен трамплиндерде өзін ерекше жақсы қырынан көрсетті. Бұл оның жарыстардағы нәтижелерімен толық дәлелденеді. Жаттығу процесі Алматы қаласындағы заманауи спорттық кешенде өтті, бұл сапалы дайындыққа толық мүмкіндік берді.
-Біздің спорт түріміз спортшыдан жоғары деңгейдегі шоғырлануды талап етеді. Бекарыс бұл талаптарды толық орындай білді. Ол жаттықтырушылар құрамымен тиімді жұмыс істеп, берілген бағдарламаны адал әрі толық орындады, — деп атап өтті Курганский.
Айта кетерлігі, спорттық мансап Бекарыс үшін жалғыз бағыт болған жоқ. Ол Республикалық спорт колледжін тәмамдап, кейін Нархоз университетінің Экономикалық колледжін «Банк ісі» мамандығы бойынша аяқтады.
Бүгінде Бекарыс Атыбек — Қазақстанның FIS және Continental Cup жарыстарындағы тұрақты қатысуын қалыптастырып жүрген спортшылардың бірі. Оның жолы — бір сәттік табыстың емес, өңірден шығып, норвегиялықтар мен финдермен, сондай-ақ әлемдегі ең мықты қысқы спорт мектептерінің өкілдерімен бәсекеге түсетін деңгейге жүйелі еңбек арқылы жетудің айқын үлгісі
Рүстем ЖҰМАН,
АСТАНА
SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары