Жақында белгілі шаңғышы Мағжан Аманкелдіұлымен сұхбаттасудың сәті түсті. Ол халықаралық жарыстарда қысқы спорт түрлерінен ел намысын қорғап, талай сындардан сүрінбей келе жатқан жас спортшы.
Мағжан жастайынан қысқы спортты өзіне серік етіп, биылға дейін елішілік турнирлер мен халықаралық дүрмекті додаларға қатысып, құрмет тұғырының ең биік сатысына шығып отыр. Жарыста жеңімпаз болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ол көп еңбекті талап етеді. Маңдай термен келген жеңістің дәмі де бөлек екенін спортшылар жақсы біледі. Сондықтан Мағжан әңгіме кезінде спортқа қатысты да айтар ойы бар екенін айтты. Енді сол шағын сұхбатты оқырманның назарына ұсынуды жөн көріп отырмыз.
-Мағжан, ашығын айтсақ сенің деңгейіңдегі спортшыны дайындау қанша тұрады?
-Шынын айтқанда, кәсіби қысқы спорт — өте қымбат. Бір маусымның өзіне шетелдік жарыстар, оқу-жаттығу жиындары, құрал-жабдық, қызмет, медицина, қалпына келу кіреді.
Әлемдік деңгейде дайындалатын бір спортшыға жылына ондаған миллион теңге қажет. Бұл артық шығын емес — бәсекеге қабілетті болу үшін ең төменгі қажетті деңгей.
-Ал Қазақстанда спортшыға нақты қанша қаржы бөлінеді?
-Көп адам ойлағандай емес. Мемлекеттік қаржыландыру бәрін толық жаппайды. Көбіне тек базалық жиындар мен жарыстардың бір бөлігі ғана қамтылады. Қалғанының бәрі — жеке дайындық, қосымша жарыстар, кейде тіпті жол шығындары спортшының немесе отбасының мойнында болады.
-Демек, «спортшылар толық қамтамасыз етілген» деген ойдан шығырылған ба?
-Иә, бұл — миф. Ойдан шығарылған. Егер сен Олимпиада чемпионы немесе тұрақты түрде медаль алып жүрген спортшы болмасаң, ресурс іздеуге мәжбүрсің.
Қазақстанда алдымен нәтиже талап етіледі, содан кейін ғана қолдау болуы мүмкін.
Еуропада керісінше — алдымен инвестиция, кейін талап.
-Әлем кубогы мен әлем чемпионатына қатысу табыс әкеле ме?
-Жоқ. Алғашқы кезеңде халықаралық жарыстар табыс емес, таза шығын әкеледі. Жүлде қаржысы тек жоғары орындардан басталады. Ал оған дейін сен өз атыңа, рейтингіңе және еліңе инвестиция саласың.
-Онда неге көпшілік сияқты спорттан ертерек кетіп қалмадың?
-Себебі мен өз деңгейімді білдім. Мен Қазақстан бұрын болмаған деңгейде бәсекеге түсе алатынын көрдім.
Осы деңгейге бір рет шыққаннан кейін, «қиын» деген сылтаумен кету — мен үшін әлсіздік.
-Шаңғы қоссайысы жабылған соң мансапты аяқтауға болатын еді. Неге жалғастырдың?
-Себебі, спорт — тек бір дисциплина емес. Бұл — класс.
Мен шаңғы трамплинінен секіруде бәрін нөлден бастадым да бірінші маусымда-ақ Қазақстан кубогын жеңіп алдым.
Бұл менің жүйеге берген жауабым болды: мәселе менде емес.
-Қазір саған не маңыздырақ — қаржы ма, әлде назар ма?
-Маған ең керегі — тұрақты әрі түсінікті қолдау.
Спортшы ертеңгі жарысты қалай қаржыландырамын деп емес, нәтиже туралы ойлауы керек.
Спортқа салынған инвестиция — қайырымдылық емес, бұл стратегия.
-Қазақстандағы жас спортшыларға не айтар едің?
-Мінсіз жағдай күтпеңдер. Ол болмайды.
Бірақ егер сен шынымен мықты болсаң, жүйе сені ерте ме, кеш пе мойындайды.
Ең бастысы — сені елемеуге болмайтын деңгейге жету.
-Соңғы сұрақ. Өзіңнің басты мақсатыңды қалай тұжырымдайсың?
-Қазақстанның ең қиын қысқы спорт түрлерінде қатысуы қалыпты құбылысқа айналуы керек.
Мен алғашқы қадамды жасадым. Енді келесі қадамды кім жасауға дайын — сол маңызды.
-Әңгімеңе рахмет!
Әңгімелескен, Рүстем ЖҰМАН
SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары