Түркістан қаласында шахматтан жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты басталды, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Дүбірлі сынға еліміздің барлық өңірінен 1052 спортшы тіркеліп, сынға түсіп жатыр. Чемпионаттың ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Қасиетті Түркістан қаласына қош келідіңіздер! Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде зияткерлік спорт түрлерін, оның ішінде шахматты дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Осы мақсатта «2023-2027 жылдарға арналған шахматты дамытудың жол картасы» аясында Түркістан облысында нақты әрі нәтижелі жұмыстар атқарылып келеді.
Қазіргі таңда облыстағы 20 спорт мекемесінде 97 жаттықтырушы 2 мыңнан аса шахматшымен тұрақты оқу-жаттығу сабақтарын жүргізуде. Сонымен қатар өңірде 11 шахмат үйі ашылып, көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары мен саябақтарында ашық шахмат алаңдары орнатылды. Бұл – шахматты бұқаралық деңгейде дамытуға бағытталған маңызды бастама. Түркістан облысы соңғы жылдары шахматтан республикалық және халықаралық жарыстарды ұйымдастыратын орталықтардың біріне айналды. Тұрақты қолдаудың арқасында өңір шахматшыларының жетістіктері де көбеюде. Атап айтар болсақ, Асылхан Асия қарындасымыз 2024 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2025 жылғы Азия чемпионы атанды. Сұлтанхан Нұрислам жасөспірімдер арасында әлем чемпионатының күміс жүлдегері болды. Басқа да жас спортшыларымыз түрлі жарыстарда жеңістерімен қуантып жүр. Түркістандағы дода жаңа таланттардың ашылуына және отандық шахматтың дамуына серпін береді деп сенемін. Жарысқа қатысушыларға сәттілік, әділ ойын және жеңіс тілеймін! – деді Нұралхан Көшеров.
Шахмат федерациясының вице-президенті Марат Есенов Түркістан төріндегі жарыстың ұйымдастырылу деңгейін жақсы бағалады. Шахмат федерациясының президенті Тимур Турловтың ыстық сәлемін жеткізіп, осы чемпионат арқылы Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы жасақталатынын айтты.
Одан кейін облыс әкімі мен Шахмат федерациясының вице-президенті жасөспірімдер арасында топ жарып жүрген чемпиондармен бірге чемпионаттың алғашқы жүрісін жасады. Танымал чемпиондар өз қолтаңбалары қойылған шахмат тақтасын өңір басшысына салтанатты түрде тапсырды.
Шахмат федерациясы, Туризм және спорт министрлігі, Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен өткізіліп жатқан чемпионат 10 күнге созылады. Атап айтқанда, ұлдар және қыздар арасында 6, 8, 10, 12, 14, 16 және 18 жасқа дейінгі санаттар бойынша классика, рапид және блиц түрлерінен медальдар сарапқа салынады. Чемпиондар мен жүлдегерлер медаль, диплом және ақшалай сыйақылармен марапатталады. Жарыстың жлпы жүлде қоры – 15 млн 120 мың теңге. Әр жас санаты бойынша бірінші орынға – 250 мың, екінші орынға – 150 мың, үшінші орынға – 100 мың теңге тапсырылады.
Былтыр жасөспірімдер мен мектеп оқушылары әлем, Азия чемпионаттарында 122 медаль жеңіп алды (52 алтын, 32 күміс және 38 қола). Сол чемпиондар Түркістандағы чемпионатта өз мықтылығын дәлелдеу үшін тағы да сынға түсіп жатыр. Ел чемпиондары мен жүлдегерлері Қазақстан құрамасы сапында халықаралық додаларға қатысады.






SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары