• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Көсемсөз шеберінің конференциясы

    Бүгін Астанадағы Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және Саясаттану факультеті Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасында қазақ спорт журналистикасының негізін қалаған көрнекті қаламгер Сейдахмет Бердіқұловтың 90 жылдығына арналған «Қазіргі қазақ спорт журналистикасы және медиакоммуникация мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып, ел спортын насихаттауға телегей-теңіз еңбек сіңірген қаламгердің құрметіне спорт журналистикасы аудиториясы ашылды.

    Конференция мен аудиторияның ашылу салтанатына Еуразия ұлттық университетінің ректоры, ҰҒА-ның академигі, тарих ғылымдарының докторы Ерлан Сыдықов, мемлекет және қоғам қайраткері, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сауытбек Абдрахманов, ҰҒА-ның академигі Уәлихан Қалижан, спорт журналистикасының ардагері Несіп Жүнісбайұлы, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаров, профессор Серік Негимов, белгілі қаламгерлер Қыдырбек Рысбекұлы, Талғат Батырхан, Ілияс Омаров, Altyn Qyran Foundation қоғамдық қорының директоры Ринат Кертаев, QazSport телеарнасының директоры Нағи Бақытбек, Сейдахмет Бердіқұловтың жиені Мәди Әміржанов, Өзбекстан Ресейблткасы мен Ресей Федерациясының Башқұртстан Республикасынан келген оқытушылар қатысты.

    Конференцияны университет ректоры кіріспе сөзбен ашты. Жиынды Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ жүргізіп отырды. Ал басқосуды кіріспе сөзбен ашқан оқу орнының ректоры Ерлан Бәтташұлы қаламгердің шығармашылығы мен оның қазақ спорт журналистикасының қалыптасуына сіңірген еңбегін айтып, газет редакторы болған кездегі тақырып қоюы, материалды жеріне жеткізіп, қызықты да тартымды етіп жазуы кез келген қалам ұстаған адамға үлгі болатынын айтып, бүгінгі жиынның мәні мен маңызына кеңірек тоқталды. Сонымен бірге ол Сейдағаңның атындағы аудиторияның ашылуына қолдау көрсеткен Altyn Qyran Foundation қоғамдық қорына, оның басшысы белгілі меценат Исламбек Салжановқа алғыс білдірді. Содан кейін Сейдағаңмен қазақ басылымдарында тізе қосып, жұмыс істеген қаламгерлер Уәлихан Қалижан, Сауытбек Абдрахманов, Бердіқұловтың бешпетінен шыққан шәкірттері Несіп Жүнісбайұлы, Бауыржан Омаров пен Қыдырбек Рысбекұлы сөз алып,  ұстаздарының адами қасиетін, редакторлық мектебі, азаматтық болмысы, қызмет жолы, өзінен кейінгілерге көрсеткен жанашырлығы, ұйымдастырушылық қабілеті мен шығармашылығы туралы айтты.

    Белгілі публицист Уәлихан Қалижан «Лениншіл жас» газетінің бас редакторы болған. Ол Сейдағаңмен бірге істеген кездерін еске алып, оның қаламгерлігі мен қайраткерлігін айтып берді. Оның айтуынша, Бердіқұлов иедяға бай адам болған. Оның тұла бойы идея еді. Жазушының жолжазбалары мен очерктері кезінде оқырман іздеп жүріп оқитын дүниелерге айналған. Сол себепті қазіргі журналистер Сейдағаңның еңбектерін жата жатсанып оқып, одан көп нәрсе үйренсе қалың оқырманның ықыласына бөленіп, нағыз майталман қаламгерге айналар еді. Ал қайраткерлігі туралы айтқанда ол Бердіқұловтың жоғары қызметтегі көздің астымен, көзілдіріктің үстімен қарайтын «қайраткерлерге» қарсы тұра алатын мінезін мысал етіп келтірді.

    Мен бір ғана мысал келтірейін, Сейдағаң КОКП ОК жанындағы Орталық бақылау комиссиясының төрағасы Михаил Соломенцевке саусағыңды шошайтпа деген.  Комсомолдың Орталық Комитетінің бюросы өтіп жатқан. Бюроға КПСС Орталық комитетінен Соломенцев қатысты. «Қазақстан комсомолының Орталық Комитеті жастардың арасында интернационалдық тәрбие жүргізбеген. Жоғары оқу орындарына кіл қазақ ұлтының өкілдері қабылданады. Қазақ ұлтшылдығына сендер тосқауыл қоя алмадыңдар»» деген мазмұнда сөйлеп, саусағын бірінші хатшы Серік Әбдірахмановқа қарап шошайтты. Үнсіздік. Осы кезде Сейдағаң паңдау, сырбаз мінезінен айырылып қалды.

    – Жолдас Соломенцев! Сіз саусағыңызды шошайтпаңыз. Бізді тұқыртып келе жатқан да осы нұсқағыш саусақтар. Қазақ ұлтшылдығы деген – жабылған жала. Дәл осы кезеңде Сейдағаң баспаға директор болып ауысып бара жатқан. Үндемей қалуға да болар ма еді. Бірақ мұндайда ол үнсіз қала алмайды. Міне, мінез, — деді ол.

    Кездесуде Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сауытбек Абдрахманов та Уәлихан Қалижанұлының ойын әрі қарай жалғап, Бердіқұловтың қаламгерлігімен қоса қайраткерлігін, оның басшылық қызметін, редакторлығын жан-жақты қызықты етіп айтты.

    Сейдахмет Бердіқұлов көзі тірісінде аңызға айналған адам. Ол ешқашан ұмыт қалған жоқ. Сейдағаң жан-жақты кісі еді. Оның редакторлығының өзі бір төбе. Редактор деген жазу жазып қана қоймай, ұжымды ұйыстыра алатын ішкі жұмысты ұйымдастырушы, қабілет-қарымы мол, жанашыр адам болу керек. Сейдағаң сондай адам болған. Ол КСРО кезінде Одақтық деңгейге көтерілген. Одақ кезінде 30 спорт журналисі болса, соның бірі Бердіқұлов болған.

    Сейдағаң спорт ұғымын өзгертті. Ол кісі футболды спорт түрі ғана емес, ұлттың ұлы ұғымына айналдырып, бүкіл қазақ журналистеріне стандарт жасап берді. Ол қазақ жастарының бойына намысшылдықты сіңіру жолында ерекше еңбек етті. Футбол феноменін қазаққа алғаш түсіндіріп берген де — Сейдахмет Бердіқұлов. Бүкіл спорт әлемі оның намысшылдығын ерекше бағалайды, — деді С.Абдрахманов.

    Келесі кезекте сөз алған ғалым Серік Негимов Сейдағаңның тәлімгерлігі мен адамгершілігі туралы естелігін айтты.

    Конференцияда қаламгердің төл шәкірті, бүгінде өзі қазақтың талай спорт журналистерінің жолбасшысына айналған Несіп Жүнісбайұлының да ұстазы туралы естелігі қызықты да тартымды болып шықты. Несағаң осы жиынға арнап 60 беттік материал дайындап келген екен. Бірақ уақыттың тығыздығына байланысты оның бәрін оқып жатпады. Бұл естелікті ол Сейдағаң туралы шығатын естеліктер жинағына дайындап беретінін айтты. Ал басқосуда Несағаң жиналған қауымға Бердіқұловтың қайталанбас тұлға екенін, оны еліміздегі номері бірінші журналист санайтынын, оның адами болмысын, жанашырлығын, қамқорлығын айтып, ұстазымен бірге қызмет еткен жылдарын, онымен бірге өткізген уақытын еске алды. Сол естеліктен бірнеше оқиғаны айтып берді.

    Сейдахмет Бердіқұлов мен үшін өмірде жол көрсетіп берген әкеммен бірдей адам. Мен оны өмір бойы солай сезініп келе жатырмын. Өмір ойы солай жазып келе жатырмын. Ал енді бұл кісінің қазақ спорт журналистикасында мен үшін орны бөлек. Қазір менімен таласатын адамдар да табылып қалар, бірақ Сейдахмет Бердіқұловтан асқан журналистті мен қазақ халқынан көрген емеспін. Бұл кісі кезінде өзі қойған тақырыпқа сай, журналистикадағы төрт аяғы тең жорға болатын. Журналистикада өзі жазған, өзі ұйымдастырған, өзі басқарған адамды көрген жоқпын. Мен үшін Сейдахмет Бердіқұлов қазақ журналистикасында номері бірінші адам болып кетеді. Ал ол кісінің атқарған жұмысы, жазған дүниелері, ол — бір ғылыми-зерттеу институтының шаруасы. Ол кісінің тақырып қойысы, ол кісінің кеудесі толған идея болатын. Аяқ астынан табатын. Мен ол кісімен 16 жыл бірге істедім. Сол кезде бұл кісінің идеясы бір күн таусылған емес. Кешке үйге кетіп, таңертең жұмысқа келгенде бір идеяны тауып келеді. Бірден шақырып алып, тапсырма беретін. Ол кісі журналистикада құдірет адам болды. Жазғандары қандай… Сол кезде «Лениншіл жас» газеті 300 мың тиражға жетті. Қазақ баспасөзінде ондай тиражға жеткен газет болған жоқ. Осының бәрі Сейдахмет ағаның керемет ұйымдастырушылық қасиеті еді. Мен өзім тағы да айтамын, Сейдахмет Бердіқұлов секілді журналисі болған қазақ баспасөзі ешқашан тұтам тартпау керек деп ойлаймын. Ол кісі спорт журналисі болды дегендер қателеседі. Спорт журналистикасы ол кісінің мың өнерінің бірі болды. Ол кісінің жазғандары қандай… «Тұйғын» повесі қандай…Құдай-ау соны оқып отырып, бір адамның ішінен мың қазына шығады деп ешкім ойламайды, — деді ол.

    Одан әрі Несаға ұстазының мың өнерінің бірі мақалаға тақырып қоюын айтып, бір-екі мысал келтіре кетті.

    Бұл кісі тақырып қоюдың үлкен шебері еді. Тақырып қоюда алдына жан салмайтын. Мақаланың тақырыбы нашар болса, қарамайтын. Бір күні «Лениншіл жаста» Шыңғыс Айтматовпен кездесу болды. Келесі күні газеттің айқара бетіне «Адамзаттың Айтматовы» деген дүние жарыққа шықты. Мен 1979 жылы боксшы Серік Қонақбаев туралы мақала дайындап, өз тақырыбымды ұсынғанда ол материалды қарап, «Барды. Көрді. Жеңді» деп тақырыбын өзгертіп шығарған. Одан кейін де «Кілемнен кетіп барады…», «Келімсектер құрама командасы», басқа да материалдар Сейдағаңның тақырыбымен шыққан, — деді Н.Жүнісбайұлы.

    Осы ретте қаламгер ұстазымыз адамға жанашыр, қарамағындағы қызметкерге қамқор бола білген басшы болғанын да тілге тиек етті.

    Ол тілші шетелде іс-сапарда жүрсе редакцияның телефонынан хабарласып, қал-жағдайын біліп отыратын. Оның адамгершілігі туралы көп әңгіме айтуға болады. Ол бесаспап журналист еді. Ол нағыз қазақтың қайраткер ұлы еді. Қазіргі жастар, жастар ғана емес, басқа да жасы келген адамдар Сейдағаңның еңбектерімен танысып, оқыса көп нәрсені үйренер еді. Ең бастысы сөзді, сөйлемді орны орынмен қолдануды үйренетін еді. Жалпы, Бердіқұлов туралы айтатын адам көп, бірақ дөп айтатын адам аз. Ұстазымыз саналы ғұмырында еліне еңбек еткен, журналистика саласына жанын берген, спорт журналистикасын қалыптастырған, басшылық қызметтерді атқара отырып, ізбасарларын дайындап, шәкірт тәрбиелеген ерекше қайраткер. Оның шәкірттерге деген жанашырлығы, қамқорлығы көпке үлгі, — деді ол.

    Сөз соңында Несіп Жүнісбайұлы Еуразия университетінің ұстазына арнап конференция өткізіп, Altyn Qyran Foundation қоғамдық қорының қолдауымен аудиторияның ашылып жатқанына ризашылығын білдіріп, келесі жолы Сейдағаңның кафедрасы да ашылса деген тілегін айтты.

    Кездесуде қаламгердің тағы бір шәкірті, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі,  ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Омаров та естелігін айтты. Ол ардақты ұстазының он алты жыл «Лениншіл жасты» басқарғанын, осынау кезеңде қазақ журналистикасында екі мектеп қалыптастырғанын, алғашқысы – жазу шеберлігінің мектебі болса, екіншісі —  қазақ спорт журналистерінің мектебі екенін атап өтті.

    Сейдағаңның жазу шеберлігінің мектебінің өкілдері көбірек. Ал оның екінші талабы аса қатал еді. Осы жолға түскен адамның не белі, не белбеуі кететін-ді. Сондықтан аз болды оның шынайы шәкірттері. Тіпті бір қолдың саусағы да жетіп қалады түгелдеуге. Бар-жоғы үшеу-ақ. Несіп Жүнісбаев, Дүрәлі Дүйсебаев, Қыдырбек Рысбеков. Сұңғыла Сәкеңнің өз кіндігінен тараған, түр-түсіне, мінез-құлқына, іс-әрекетіне дейін өзінен аумай қалған туған шәкірті осы үшеуі ғана. Бұлардың жолы басқалардан сәл бөлектеу. Өзгелердің еңбектенуі еңбекке ұқсайды. Ал бұлардың еңбектенуі жан алып, жан беріскен жанкешті жаттығуға ұқсайды. Ұстаздың көзін көрді. Үлгісін үйренді. Жолын жалғады. Таяғына жон терісін тілдірді. Қамшысына қыр арқасын тосты. Найзасына шаншылды, шоқпарына жаншылды. Қиын сынақтың бәріне шыдады. Бердіқұловтың алдына бөлтірік боп кіріп, бөрі боп шықты. Бүгінде азуы алты қарыс абаданға айналды. Бердіқұловтың бар болмысын бойына сіңірді. Біз оларға қызығамыз. Қуанамыз. Құрметтейміз! Амандығын тілейміз! Енді олардың шәкірттері Сейдағаңның дәстүрін әрі қарай жалғайды деп сенеміз!

    Ал, біздер, Бердіқұловтың бешпентінен шыққан өзге шәкірттері, сірә, баспасөздің бапкерінен ерекше стиль іздеуді, тосын тақырып қоюды, кейіпкерді аялай білуді, мақаланы тартымды етіп жазуды, өмір мен юморды үйлестіруді үйренген шығармыз. Егер үйренсек, әрине…, — деді ол.

    Одан әрі Бауыржан Жұмаханұлы «Жас алашта» сегіз жыл жұмыс істегенін, соның бір жылға жетер-жетпес уақытында ғана Сейдағаңның қарамағында болғанын, шеберлікті санаға сіңіру тұрғысынан келсек, сол бір жыл ана жеті жылды он орап алатынын жасырмады.

    Бердіқұловтың сол қолымен жазылған соңғы бұйрықтары арқылы қызметке алынған біз шынында да шексіз бақытты едік, — деді қаламгер.

    Оның айтуынша, Сейдағаң батыр бас редактор болды. Ешкіммен ықпады. Туын жықпады. Сарбаздарын әркез қорғап жүрді. Кезінде бір облыстың басшысының аты-жөнінен өрескел қате жіберіп, мойны қылқиып, әне-міне жұмыстан кетем ғой деп көзі мөлиіп отырған Әнуарбек Әуелбековті жазалауға ұсынғандардың екпінін басты.

    Ол аса батыл, қажырлы қайраткер болды. Бір кезде Алматы қаласының басшысы болған, біз білетін жердегі Шулико ма, әлде «шығысым батыс боп кетті» дегендей, кейінгі версиядағы Соломенцев пе, мәселе онда емес, шікірейген шоң шенеунікке елдің көзінше «Саусағыңызды шошайтпаңыз, бізді құртқан осы сұқ саусақтар» деу үшін де арыстанның айбаты, жолбарыстың жүрегі керек шығар, — деді ол одан әрі.

    Сонымен бірге ол Бердіқұловтың керемет макетші болғанын, «Лениншіл жастың» әр саны тойға баратын қыздай жасанып тұратынын, оның макетке талабы жоғары екенін білетін секретариат қызметкерлері басылымды әрлеуге барын салатынын, Сейдағанның тақырып қоюға өте шебер болғанын да жеткізді.

    Оның тапқан тақырыптары алшысынан түскен асықтай шиырыла қалатын. «Осындай тақырып, Тұрады өзіне шақырып» деген тіркес Сейдағаңның ғаламат қабілетіне арналғандай көрінетін.

    Ол інілерге қамқор, ақылшы аға болды. Өз басым елу үштегі Сейдахмет Бердіқұловтың отыз бестегі Несіп Жүнісбаевқа кабинетіндегі 33-92-56 нөмерлі тікелей телефонынан «Әй, қарағым, Несіпжан, шетелдесің, абайлап жүр», – деп ағалық мейірімін төгіп, сонау Мексикадағы футбол тойынан репортаж беріп жатқан жас әріптесін сақтандырып отырғанын өз құлағыммен естідім.

    Біз оны ұстаз санадық. Ол кісі бізді шәкіртім деп есептеді ме, жоқ па, онша маңызды емес. Жалпы, өнегелі ұстаздың ешкімді де шәкіртім деп жарияға жар салмағаны жақсы. Егер ұстазды мойындаса, сол сөзді шәкірттің өзі айтқаны жөн. Міне, біз де сөйттік…, — деді ол сөз соңында.

    Бердіқұловтың бешпетінен шыққан тағы бір қаламгер, Туризм және спорт министрлігінің Дене шынықтыру және спорт бойынша республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығының директоры Қыдырбек Рысбекұлы да ұстазы туралы жылы естеліктерін айтты.

    Біз оқырманның назарына баяндаманы толық беруді жөн көріп отырмыз.

    «Намыс сардары»

    Халқымен бірге ғұмыр кешетін тұлғалар болады. Қазақтың спорт журналистикасы мен әдебиетінің негізін қалаған ардақты ұстазымыз Сейдахмет Бердіқұл осындай бақытқа кенелген адам. Бұл Алла Тағаланың Сейдахмет Бердіқұлға жасаған ұлы сыйы, ерекше тағдыры.

    Сейдағаңды қазақ спорты атты ғажап саланың көшбасшысы, рухани көсемі  десек, артық айтқандық емес. Ұстазымыз ұлтымыздың ақтангер ұлдары Шоқыр Бөлтекұлы, Хамза Мұхамеджанов, Октябрь Жарылғапов, Ғұсман Қосанов, Тимур Сегізбаев, Әбдісалан Нұрмаханов, Олег Түсімханов, Жақсылық Үшкемпіров, Серік Қонақбаев, тағы басқа саңлақтар туралы керемет тартымды, көркемдік қуаты күшті, сезімге толы дүниелер жазды.

    Мысалы, қазақтың тұңғыш кәсіби спортшысы, ең алғашқы ССРО спорт шебері Шоқыр Бөлтекұлы туралы әңгімеге аялдайықшы. Небары төрт беттік  әңгіме. Оқи бастағаннан  Бөлтекұлына деген құрметіңіз еріксіз оянды. Себебі, ер Шоқаң тек құрғақ күштің, сойқан жұдырықтың  ғана иесі емес, ауыз әдебиетіне жүйрік, рухани бай адам екен. Сейдағаң қалың оқырманына аңызға айналған атақты боксшының, айтулы бапкердің осы қасиетін алдымен көрсетеді. Сондағы меңзегені спортшы ақыл-ойдың иесі, ұлт мәдениетінен хабардар, білімді болсын дегені. Енді осы әңгімеден үзінді оқып көрейік.

    Мақсұт екеуміз Ремарк пе, әлде Сомосед Моэм бе, әйтеуір сол екеуінің біреуі туралы айтып қоймадық. Сонда Шоқаң орнынан жолбарысша лып тұрып кетті де… бір кезде:

    Қалмақтан шыққан батырдың

    Ең кенжесі мен деді,

    Қазақтан шыққан батырдың

    Екіншісі сен деді,

    Кезегімді бер деді,

    Қайратымды көр деді,

    Аттың басын бұрады,

    Кезегіңді ал деді,

    Қасқайып қарап тұрады.

    Бізге ту сыртын беріп зулата жөнелді. Оқыс бұрылды да «бұл кім туралы хисса» демесі бар ма? Екеуміз де екі елі төмендеп қалдық. Шалқая тастап тағы айта жөнелді.

    Қалың қазақ үшін аңызға айналған Шоқыр Бөлтекұлын Сейдағаң осылайша мүлдем басқа қырынан суреттеп берді. Бұл жерде жұртқа сесті көрінетін айбарлы Шоқаң ұлт мұрасынан хабары мол интеллигент бапкер, нәзік жанды азамат. Қазіргі көп спортшы, көп бапкер Шоқаңның осы биігіне жете алмай жүр.

    Бұл әңгіменің атауы «Бастау барын мұхит та біледі». Қазақ спортының тұма бұлағын, бастау көзін өз қолымен ашқан адам туралы бұдан артық тақырып табу мүмкін еместей көрінеді бізге.

    Октябрь Жарылғапов. Сейдағаңның кейіпкері. Бүтін алаштың ардақты ұлы. Волейболдан ССРО құрамасының бапкері болған айтулы маман. ССРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы атанған бірінші қазақ жаттықтырушысы. Ол негізін қалаған «Буревестник» командасы 1968-1971 жылдары дүние жүзіндегі ең күшті волейбол клубының бірі болды. Октябрь туралы Сейдахмет Бердіқұлдың «Алдымен сені құттықтар едік» деген шынайы сезімге толы әдемі әңгімесі бар.

    «Тау шайқалған жекпе-жек». Халқымыздың еңсегей бойлы, атақты боксшысы Әбдісалан Нұрмаханов туралы әңгімесін Сейдағаң осылай атапты.  Ал мына жолдар қазіргі комментаторларға керемет үлгі дер едік: «Гильдин әлі де жаза баспай, тап-тап беруде. Бұрынғыдай кірш-кірш, гүрс-гүрс соққы жоқ, майысқақ. Әбдісалан әруақтанып алған. Кес-кестеп жүріп, қапысыз тигізеді. Рингті билеп-төстеп алған. Керменің сыртына секіріп кетпесін деп жолын тарылтады. Гонг екеуін қақ ортада бірін бірі қақырата соққан күйде тоқтатты. Сәл бөгелістен кейінгі хабарлаушы төрешінің: «Жеңіске айқын басымдылықпен Әбдісалан Нұрмаханов ие болды», деген ділгер сөзін ешкім естіген жоқ».

    Қадірлі ағайын, бізде Сейдағаңнан қалған осындай ғажап мұра бар. Өкініштісі, қазіргі жас журналистер ұстазды оқымайды. Тіпті елге танымал, орта буын қаламгерлердің көбінің жазуы жадағай, сұйық, татымсыз сорпа тәрізді.

    Сейдахмет ағаның «35 001-ші жанкүйер» деген әңгімесіндегі мына жолдарды шын жанкүйердің бей-жай оқуы мүмкін емес: «Стрельцов ойқастап дара шыққан Батановтың аяғына допты дәл түсірді. Батанов сұр жебедей ортаны бұзған Бредневке асырды. Степанов жеткенше Бреднев перді де жіберді. Косенков екі тізесін ұстаған күйі төмен қарады. Стадионның  түгел басы салбырады». Нағыз суреткер шеберлігі осындай-ақ болар!

    Мен комментатор болсам, Сейдағаңның осы әңгімедегі мына үзіндісін жаттап алып, футбол матчының оңтайлы сәтінде сәл өңін өзгертіп айтып жіберер едім: «Жетінші минутта бір қиырдан Стрельцов көлбете жіберді дейсің допты. Добы доп емес, радиомен басқарған авиамодель. Ұш десе — ұшып, тоқта десе — кідіріп, Батановтың аяғына әдемі ілікті. Ол жазған да шірене тартты. Гол!»

    «Тимур және оның командасы». Қазақстың тұңғыш кәсіби футболшысы Тимур Сегізбаев туралы әдемі, мөлдіреген деректі әңгіме. Сөз кезегін тағы ұстазға берейік: «Ченцовтың көлбей жіберген добын Тимур жерге түсірмей іліп алып, бұрқырата жөнелгенде Иван Варламов ышқына қуды. Қос қапталдан тағы екі спортшы. Футболдың нәзік зергері, керегінде тікірейген көкжал Игор Нетто, қайдан келгені белгісіз, көлденеңдей бергенде, Тимур дем сағатта шешім қабылдады. Секунд аялдаса доп жоқ. Шірене тартты. Шамамен 27-30 метр. Мына кереметті қойсаңызшы, тағы да доп оң жақтағы «тоғыздыққа» кірш ете қалды. Атылуға үлгіре алмаған Владимир Лисицын көп жыл бірге ойнаған досына, бейтанысқа қарағандай ұзақ тесіліп тұрып алды…» Футболдың қан қызу сәті, қым-қиғаш арпалысы көз алдыңда көлбең еткендей бір сезім. Жазушы шеберлігі, суреткер тапқырлығы дегенміз осындайақ болар.

    «Желаяқ». Қазақтың тұңғыш Олимпиада жүлдегері Ғұсман Қосанов туралы. Бұл әңгімеде автор Ғұсман ағаның «менің стартым онша емес» деген сөзін келтіреді. Олимпиада жүлдегері, ССРО чемпионының стартында қандай кемшілік болуы мүмкін, деп біраз ойландым. Ақыры, шешімін тапқандай болдым. Эстафетада Қосанов желдей еседі. Ал сөреден ытқып жарысудан Әмин аға тәрізді ұшқыр емес. Әмин Тұяқов алты рет одақта топ жарса, Қосанов бір мәрте ғана ССРО чемпионы болды. Эстафетада. Сейдағаң осыны бізге жұмбақ қылып қалдырған екен.

    «Соңынан қос ат мініп қусам ба екен?» Серік Қонақбаевтың Мәскеу Олимпиадасындағы өкінішті сәтін суреттейді. Оқып отырып Серіктің күйін кешесің, Серік болып Патрицио Оливамен айқасасың, Серікпен бірге Олимпиада дуына түскендей күй кешесің. Сейдағаң сізді дедектетіп жетелеп отырады.

    Жақсылық Үшкемпіров. «Қызық, Олимпиада чемпионы! Алдағы уақытта біздің ауылда да сансыз көп болады олар. Бірақ, әттең, басқа бір тұлғасы келіскен қазақтың нар көтерер жігіті бастаса қайтер еді, мен бастамай бұл тізімді…»

    Алды қозғалған керуеннің соңы кідірмейді. Сейдағаңдай сардары бар қазақтың спорт әдебиеті Алла жазса, әлі талай асулардан асады.

    Қаламгер Қыдырбек Рысбекұлы ұстазы туралы баяндамасын осылай аяқтады.

    Жиында белгілі қаламгер, Egemen Qazaqstan газеті бас редакторының орынбасары Талғат Батырхан сөз сөйлеп, саналы ғұмырында көпке үлгі болған қаламгер-қайраткердің шығармашылығы мен басшылық қыры, адами және ұстаздық болмысы туралы ойларын ортаға салды.

    Осыдан кейін туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевтың, Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұловтың «Қазіргі қазақ спорт журналистикасы және медиакоммуникация мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға арнаған құттықтау хаттары оқылса, Парламент Сенатының депутаты, Шетелдегі қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдары ассоциациясының төрағасы Нұртөре Жүсіп онлайн арқылы Сейдағаңның қазақ журналистикасын дамытудаға өлшеусіз еңбегі туралы айтты. Одан әрі Qazaqstan телерадиокорпорациясы құрамындағы Qazsport телеарнасының директоры Нағи Бақытбек, Қазақстан спорт журналистері федерациясының атынан Ілияс Омаров, Өзбекстан Республикасының Ферғана мемлекеттік университеті мен РФ Башқұртстан Республикасынан келген оқытушылар спорт журналистикасы тақырыбында сөз сөйлеп, баяндама жасады.

    Конференция кешке таман аяқталды. Онда «Сейдахмет Бердіқұлов -қазақ баспасөзінің қайталанбас тұлғасы», «Сейдахмет Бердіқұлов – қазақ спорт журналистикасының атасы», «Сейдахмет Бердіқұлов негізін қалаған спорт журналистиканың бүгінгі аяқалысы», «Сейдахмет Бердіқұлов қазақ әдебиетінің жаңа бағытын ашқан жаңашыл қаламгер», «Сейдахмет Бердіқұловтың әдеби шығармашылық мұрасы», «Қазақ спорт журналистерінің тіл шеберлігі», «Қазақ спорт журналистикасын а спорттық терминдер еңгізген тұлға», «Қазіргі спорт журналистикасын ың өзекті мәселелері», «Спорт тақырыбындағы медиа материалдар: дерек және пікір бірлігі», «Саламатты өмір салтын дәріптеудегі спорт журналистикасының ролі мен орны», «Дүрәлі Дүйсебайдың спорт журналистикасына қосқан үлесі және «спорт журналистикасы» мамандығын ашудағы рөлі» мен басқа тақырыптарда баяндама жасалды. Осы жерде Сейдахмет Бердіқұловтың шәкіртерінің бірі Дүрәлі Дүйсебай ағамыздың да спорт журналистикасына қосқан өлшеусіз еңбегі туралы баяндама жасалғаны қуантты.

    Конференция соңында қарар қабылданды.

    Келесі жылы Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде көрнекті қаламгер, қоғам қайраткері Сейдахмет Бердіқұловтың оқулары өткізіліп, жинақ шығады. Сонымен бірге студенттерге жазушының атындағы стипендия тағайындалады, — деді Журналистика және саясаттану факультеті телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Серікзат Дүйсенғазы.

    Сонымен бірге ол конференцияда Сейдахмет Бердіқұлов  атындағы спорт журналистерінің аудиториясының ашылуына қолдау көрсеткен Altyn Qyran Foundation қоғамдық қорына және оның басшысы Исламбек Салжановқа алғысын айтты.

    Біз аудиторияның ашылуы туралы ұсыныс айттық. Оны Altyn Qyran Foundation қоғамдық қоры бірден қолдады. Ұсынысты  Журналистика және саясаттану факультеті телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының оқытушысы, белгілі спорт комментаторы Ермұхамед Мәулен айтты. Енді келесі жылдан бастап Сейдахмет Бердіқұловтың қазақ журналистикасына еңбегі одан сайын насихатталып, дәріптеліп, оқулары өткізіліп, естелік жинағы шығып, студенттерге жазушының атындағы стипендия тағайындалса бұл біз үшін үлкен жұмыстың бірі болады, — деді ол.

    Конференция басталар алдында Altyn Qyran Foundation қоғамдық қорының қолдауымен ашылған Сейдахмет Бердіқұлов  атындағы спорт журналистерінің аудиториясы тартымды етіп безендірілген екен. Дизайны да өте жақсы шығыпты.  Оның бір жағынан студия етіп безендірілсе, екінші жағынан қаламгердің өмірбаянынан сыр шертетін дүниелер қойылған бұрыш болып ашылған. Аудитория студиясында қонақтарымен сұқбат алуға, оны насихаттауға жағдай жасалған.

    Сейдахмет Бердіқұлов 1933 жылы 9 мамырда Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарақастек қыстағында туған. 1994 жылы Алматыда қайтыс болды.

    1956 жылы ҚазМУдің журналистика факультетін бітірген.

    1965 – 1970 жылдары «Қазақстан пионері» газетінің редакторы, 1970 – 1986 жылдары «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінің редакторы, 1986 – 1994 жылдары «Жалын», «Балауса» баспаларының директоры болды.

    Ол 1960 жылдан бастап әдебикөркем шығармалар жазумен айналысқан. Орыс тілінде «Острый клинок» жинағы жарық көрді. Бірталай туындылары туысқан халықтар тіліне аударылды.

    Сейдағаң «Құрмет Белгісі» орденімен, медальдармен марапатталған. Ол «Сол орамал жоғалмайды», «Жүрек ұйықтауды білмейді», «Егеулі найза», «Жұмыр жерде теңбіл доп», «Аспаннан шұға жауған күн», «Мұңайып оянған қала», «№3 подъезд. Повестер, әңгімелер», «Пердесіз көңіл», «Арбаған мені бір сиқыр» кітаптарын жазған.

    Сейдахмет Бердіқұлов – 1966 жылы Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Корольдігінің астанасы – Лондон қаласына, одан кейін 1970 жылы Мексикаға барып, футболдан әлем чемпионаты жайлы қалам тартқан алғашқы қазақ. Сейдағаңның қазақ спорты әдебиеті мен журналистикасына қосқан үлесі, өлшеусіз еңбегі ешқашан ұмытылмайды!

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

    ФОТО: Ілияс ОМАРОВ, Маржан ӘБІШЕВА

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *