Бүгін Түркістан қаласында қазақ күресінен ересектер арасында өткен Азия чемпионаты аяқталды.
Qazaq Kuresi ассоциациясы, Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен облыстық қазақ күресі федерациясының ұйымдастыруымен жалауы көтерілген сарықұрлық додасында Қазақстан құрамасы 16 салмақ дәрежесінде 10 алтын, 4 күміс және 4 қола медаль алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді.
Бүгін чемпионаттың екінші күні де белдесулер аса тартысты және қызықты өтті. Күрес сағат 11.00-де басталып, кеш қарайғанға дейін болды. Осы уақыт аралығында 8 салмақта финалдық белдесулер өтіп, Olympic center спорт кешеніне жиналған жұртшылықты ерекше күйге бөлдіріп, тәнті етті. Расын айту керек, бұрын қазақ балуандарымен ешбір елдің өкілдері иық теңестіріп бәсекелесе алмайтын. Қаракөздеріміз шын қарсылас болмаған соң, алтын жүлденің бәрін санап, арқалап әкететін. Ал бұл жолы тіптен басқаша болды. Өзбек, қырғыз, тәжік елінің споршылары төл күресімізбен шындап айналыса бастағанын көрсетті.
Чемпионаттың бірінші күні қыздар арасында 56 кг салмақта Өзбекстанның өкілі Нозигул Холмирзаева, 65 келіде тағы бір өзбек спортшысы Муслимахон Ахмедова алтын жүлдені алса, екінші күні 52 кг салмақта Ситора Илмуродова, 70 келіде Севинг Туракулова Азия чемпионы атағын жеңіп алды. Бір қызығы, олар финалда отандастарымыздан айласын асырып кетті. Ситора Илмуродова Сағат балғараеваны жеңсе, Севинг Туракулова Ақбота Қыдиалиден басым түсті. Бір қызығы дейміз-ау, егер қыздар күресі осылай тартысты болып, жалғаса берсе, болашақта чемпиондық атақты жеңіп алатын спортшыны алдын ала болжай алмайтын та шығармыз. Бұған әрине, қуану керек. Бұл қазақ күресіне деген қызығушылықтың, бәсекелестіктің артын жатқанын білдереді.
60 келі салмақта қырғыз қызы Бегай Бейшаналидің бағын жанды. Ол өзбекстандық Хуршида Тухлиеваны жеңді. Ал үшінші орын отандасымыз Назерке Асанханға бұйырды.
Бүгін қыздар арасында бір алтын жүлдені алдық. 77 келіден аса салмақта Арайлым Шегенова Өзбекстанның өкілі Покижахон Камолдиновадан мықтырақ болды. Қола медальді үнді спортшысы Иша Бхрат Патил алды. Айтқандай, чемпионаттың екінші күні де Үндістанның балуандары жақсы нәтиже көрсетті.
52 келіде Анжали Анжали үшінші орын алса, 70 келі салмақта қола жүлдені оның тағы бір отандасы Мина Мина қола жүлдені қанағат тұтты.
Қыздар күресі осындай нәтижемен аяқталды.
Ерлер арасында төрт салмақтың үшеуінде қазақ балуандары үстемдік етті.
Нұртілеу Қаракесеков (60 кг), Тілек Тоқтасынов (74), Қайсар Шәмшидинов (+100 кг) өз салмақтарында Азия чемпионы атанды. Ал 90 кг салмақта Хакназар Назаровтың жолы болып, ол алтын медальді жеңіп алды. Бұл сламақтағы күрестің тартысты өткенін айту керек. Тәжік балуаны финалда Иран споршысы Сейедмохаммадреза Саеедимаданиді жеңді. Қола медаль қазақ балуаны Айдар Бескемпір мен өзбекстандық Достонбек Холмахмадовқа бұйырды.
Жалпы айтсақ, ерлер күресінде екінші күні Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Иран мен Қырғызстанның балуандары жүлденің бәрін өзара бөліп алды.
Иран алтын жүлде алмаса да 2 күміс, 1 қола медаль, Тәжікстан 1 алтын, 1 күміс, 2 қола, Қырғызстан 1 күміс, Өзбекстан 2 қола жүлдені иеленді.
Осылайша, Азия чемпионатының екінші күні ел құрамасының қоржынына 4 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль түсіп, жалпыкомандалық есепте 10 алтын, 4 күміс және 2 қола медальмен 260 ұпай жинады.
Өзбекстан (4 алтын, 2 күміс, 2 қола, 250 ұпай) екінші орынға, Қырғызстан (1 алтын, 4 күміс, 2 қола, 189 ұпай) үшіншгі орынға шықты.
Енді 30-31 қазан күндері Түркістан қаласында тағы бір дүрмекті дода болады. Осы жерде қазақ күресінен әлем кубогы жалау көтереді.
Дастан КЕНЖАЛИН,
ТҮРКІСТАН

SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары