• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Толғамы мол тоқсан! /Ғылыми емес баяндама/

    Бүгін Астанадағы Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультеті телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасында қазақ спорт журналистикасының негізін қалаған көрнекті қаламгер Сейдахмет Бердіқұловтың 90 жылдығына арналған «Қазіргі қазақ спорт журналистикасы және медиакоммуникация мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып, ел спортын насихаттауға телегей-теңіз еңбек сіңірген қаламгердің құрметіне спорт журналистикасы аудиториясы ашылды.

    Осы жиынға Сейдахмет Бердіқұловтың шәкірті, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі,  ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Омаров та қатысып, сөз сөйледі. Оқырман назарына қаламгердің баяндамасын толық беруді жөн көріп отырмыз.

    Сейдахмет Бердіқұловтың туғанына – 90 жыл! Тұғырлы тоқсан! Тағылымды тоқсан! Торқалы тоқсан! Толғамы мол тоқсан! Сөйтіп, бүгін Сейдахмет ағаның рухын тоқсанның төрінде тербетіп отырмыз. Бәріңізді осы мерейлі күнмен құттықтаймын!

    Ардақты ағамыз алпыс бір жыл ғұмыр кешті. Оның он алты жылын «Лениншіл жасты» басқаруға арнады. Ол осынау кезең ішінде қазақ журналистикасында екі мектеп қалыптастырды. Алғашқысы – жазу шеберлігінің мектебі. Ұстаздың өзінен үлгі алып, өзгеше стильмен қалам сілтейтін үрдіс пайда болды. Сол дәстүр әлі күнге дейін өріс алып, қанат жайып келеді. Бұл мектептің өкілдері көбірек. Екіншісі – қазақ спорт журналистерінің мектебі. Оның бұл тұрғыдағы талабы аса қатал еді. Осы жолға түскен адамның не белі, не белбеуі кететін-ді. Сондықтан аз болды оның шынайы шәкірттері. Тіпті бір қолдың саусағы да жетіп қалады түгелдеуге. Бар-жоғы үшеу-ақ. Несіп Жүнісбаев, Дүрәлі Дүйсебаев, Қыдырбек Рысбеков. Сұңғыла Сәкеңнің өз кіндігінен тараған, түр-түсіне, мінез-құлқына, іс-әрекетіне дейін өзінен аумай қалған туған шәкірті осы үшеуі ғана. Бұлардың жолы басқалардан сәл бөлектеу. Өзгелердің еңбектенуі еңбекке ұқсайды. Ал бұлардың еңбектенуі жан алып, жан беріскен жанкешті жаттығуға ұқсайды. Ұстаздың көзін көрді. Үлгісін үйренді. Жолын жалғады. Таяғына жон терісін тілдірді. Қамшысына қыр арқасын тосты. Найзасына шаншылды, шоқпарына жаншылды. Қиын сынақтың бәріне шыдады. Бердіқұловтың алдына бөлтірік боп кіріп, бөрі боп шықты. Бүгінде азуы алты қарыс абаданға айналды. Бердіқұловтың бар болмысын бойына сіңірді. Біз оларға қызығамыз. Қуанамыз. Құрметтейміз! Амандығын тілейміз! Енді олардың шәкірттері Сейдағаңның дәстүрін әрі қарай жалғайды деп сенеміз!

    Ал, біздер, Бердіқұловтың бешпентінен шыққан өзге шәкірттері, сірә, баспасөздің бапкерінен ерекше стиль іздеуді, тосын тақырып қоюды, кейіпкерді аялай білуді, мақаланы тартымды етіп жазуды, өмір мен юморды үйлестіруді үйренген шығармыз. Егер үйренсек, әрине…

    «Жас алашта» сегіз жыл жұмыс істеппіз. Соның бір жылға жетер-жетпес уақытында ғана Сейдағаңның қарамағында болдық. Шеберлікті санаға сіңіру тұрғысынан келсек, сол бір жыл ана жеті жылды он орап алады-ау деймін… Бердіқұловтың сол қолымен жазылған соңғы бұйрықтары арқылы қызметке алынған біз шынында да шексіз бақытты едік.

    Ол батыр бас редактор болды. Ешкіммен ықпады. Туын жықпады. Сарбаздарын әркез қорғап жүрді. Біздің тұсымызда бір облыстың басшысының аты-жөнінен өрескел қате жіберіп, мойны қылқиып, әне-міне жұмыстан кетем ғой деп көзі мөлиіп отырған Әнуарбек Әуелбековті жазалауға ұсынғандардың екпінін басты.

    Ол аса батыл, қажырлы қайраткер болды. Бір кезде Алматы қаласының басшысы болған, біз білетін жердегі Шулико ма, әлде «шығысым батыс боп кетті» дегендей, кейінгі версиядағы Соломенцев пе, мәселе онда емес, шікірейген шоң шенеунікке елдің көзінше «Саусағыңызды шошайтпаңыз, бізді құртқан осы сұқ саусақтар» деу үшін де арыстанның айбаты, жолбарыстың жүрегі керек шығар.

    Ол керемет макетші болды. «Лениншіл жастың» әр саны тойға баратын қыздай жасанып тұрар еді. Бердіқұловтың макетке талабы жоғары екенін білетін секретариат қызметкерлері басылымды әрлеуге барын салатын.

    Ол тақырып қоюға өте шебер болды. Оның тапқан тақырыптары алшысынан түскен асықтай шиырыла қалатын. «Осындай тақырып, Тұрады өзіне шақырып» деген тіркес Сейдағаңның ғаламат қабілетіне арналғандай көрінетін.

    Ол інілерге қамқор, ақылшы аға болды. Өз басым елу үштегі Сейдахмет Бердіқұловтың отыз бестегі Несіп Жүнісбаевқа кабинетіндегі 33-92-56 нөмерлі тікелей телефонынан «Әй, қарағым, Несіпжан, шетелдесің, абайлап жүр», – деп ағалық мейірімін төгіп, сонау Мексикадағы футбол тойынан репортаж беріп жатқан жас әріптесін сақтандырып отырғанын өз құлағыммен естідім.

    Біз оны ұстаз санадық. Ол кісі бізді шәкіртім деп есептеді ме, жоқ па, онша маңызды емес. Жалпы, өнегелі ұстаздың ешкімді де шәкіртім деп жарияға жар салмағаны жақсы. Егер ұстазды мойындаса, сол сөзді шәкірттің өзі айтқаны жөн. Міне, біз де сөйттік…

    Ағамыздың рухы шат болсын! Бүгінгі конференцияның жұмысына жеміс тілеймін!

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *