• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Qazaq Kuresi Ассоциациясының баспасөз қызметі

    Азиялық Qazaq Kuresi ассоциациясы құрылды

    Түркістан қаласында қазақ күресінің дамуына серпін беретін маңызды жиын – Qazaq Kuresi ассоциациясы Атқарушы комитетінің отырысы өтті.

    Азия чемпионаты аясында ұйымдастырылған бұл басқосу ұлттық спорттың стратегиялық бағытын айқындап, халықаралық деңгейдегі жаңа бастамалардың негізін қалаған тарихи іс-шара болды, деп хабарлады Qazaq Kuresi ассоциациясының баспасөз қызметі.

    Жиынға Түркістан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров, Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Қайрат Пазылбек, United World Wrestling ұйымының техникалық делегаты Онур Шимшек, чемпионаттың бас төрешісі Эдмар Абдулаев, сала ардагерлері Марат Жақит пен Серік Түкеев, сондай-ақ қазақстандық және шетелдік федерациялардың басшылары мен өкілдері қатысты.

    Отырысты алғысөзбен ашқан Qazaq Kuresi ассоциациясының бас директоры Дамир Бекбосынов өз баяндамасында қауымдастықтың жұмыстарына тоқталып, соңғы жылдары төл күресіміздің халықаралық деңгейде танымал бола түскенін атап өтті.

    Дамир Әсенғазыұлының айтуынша, ассоциацияның бастамасымен 11 әлем чемпионаты, 13 Азия чемпионаты, 6 Әлем кубогы, 6 Еуропа және 2 Африка чемпионаты лайықты деңгейде болды. Сонымен қатар төрешілер мен жаттықтырушыларға арналған бірыңғай аттестациялау мен біліктілікті арттыру жүйесі енгізілді.

    Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелеу үшін ассоциация құрамында 8 комитет пен 3 департамент құрылып, төрешілік, медицина, халықаралық ынтымақтастық, маркетинг және даму бағыттары бойынша нақты міндеттер бекітілген.

    Азия ойындарына жол ашатын бастама

    Жиында қазақ күресін Азия ойындарының бағдарламасына енгізу мәселесі де талқыланды. Олимпиадалық кеңестің (OCA) талабына сай қазақ күресі Азияның кемінде 25 елінде дамып, 12 мемлекет қазақ күресінің чемпионаттарына тұрақты қатысулары қажет. Сондай-ақ, допингке қарсы саясат, гендерлік теңдік және бірыңғай төрелік жүйе болуы міндет.

    Оның айтуынша, бүгінгі таңда қазақ күресі бұл талаптардың басым бөлігін орындап отыр. Яғни, қазақ күресі Азияның 15-тен астам елінде тұрақты дамуда, төрешілер UWW жүйесімен лицензиялануда, ал қазақ күресінің жаңартылған Ережесі халықаралық стандарттарға сай.

    Басқосудың басты жаңалығы – Азиялық Qazaq Kuresi ассоциациясының құрылуы болды. Жаңа құрылымның басты мақсаты – Азия құрлығындағы барлық ұлттық федерациялардың жұмысын үйлестіру, бірыңғай жарыс күнтізбесін бекіту және спортшылардың халықаралық деңгейде аттестациядан өтуін қамтамасыз ету.

    Жаңадан құрылған Азиялық Qazaq Kuresi ассоциациясының президенті болып Хариш Тияги (Үндістан), ал бас хатшысы қызметіне Парвин Тияги (Үндістан) сайланды.

    -Қазақ күресі – ұлттық рухтымыздың айнасы, ұлт болмысын, рухын, ерлік пен әділдік дәстүрін бойына сіңірген асыл мұра. Біз осы мұраны әлемдік деңгейде танытып, болашақта оны Олимпиадалық қозғалыстың бір бөлігіне айналдыруды мақсат етіп отырмыз. Қазақ күресін Азия ойындарының бағдарламасына енгізу – бұл ұлттық идеологияның жеңісі болмақ. Бүгінде қазақ күресі 40-тан астам елде дамып келеді. Ал Азия аймағында 15 ел ресми түрде ұлттық федерацияларын тіркеген. Біздің міндетіміз – осы кеңістікте бірлесіп әрекет етіп, ортақ мақсатқа жету. Сол үшін Азия деңгейіндегі біртұтас басқару жүйесін құру аса маңызды, – деді Дамир Әсенғазыұлы.

    Болашаққа бағдар

    Жиын соңында Qazaq Kuresi ассоциациясының басшысы Дамир Бекбосынов қазақстандық және шетелдік федерацияларға нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, 2026 жылдан бастап әр шетелдік федерация өз елінде чемпионат өткізуі, ал тоқсан сайын онлайн отырыстарға қатысуы тиіс екендігі атап айтылды.

    -Біздің мақсат – қазақ күресін ел ішінде ғана емес, бүкіл әлемдік спорт қауымдастығында мойындату. Бұл бағытта мемлекет, федерациялар мен бапкерлер бірлесіп жұмыс істеуі керек. Қазақ күресі – біздің ұлттық брендіміз, оны әлемдік деңгейде өркендету – әрқайсымыздың абыройлы борышымыз, – деді ассоциация басшысы сөзін қорытындылай келе.

    Бұл жарысқа Азия құрылығының 12 елінен келген 150-ге жуық спортшы қатысып, 16 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсуде.

     

     

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *