Жақында елімізге белгілі спорт жанашыры, ұзақ уақыт қазақ спортының басында болып, оның дамуына өлшеусіз үлес қосқан қоғам қайраткері Елсияр Баймұхамедұлы Қанағатовты туған күнімен құттықтап шықтым.
Елекеңмен 2000-жылдардың басынан таныспын. Астанаға алғаш рет келгенде ол кісі туризм және спорт агенттігі төрағасының орынбасары болып істеген еді. Міне, содан бері Елсияр аға екеуміз ағалы-інілі болып араласып келеміз. Осы уақытта оның адам баласын алалағанын естімеппін. Қайта керісінше, Елсияр Баймұхамедұлын талай жиында, талай жерде елдің құрметтейтінін көрдім. Мұны мен атадан балаға тарам-тарам ұрпақ арқылы келе жатқан тәрбие мен мінезден, тектіліктен көремін. Соған күні бүгінге дейін куә болып келемін.
Елекең қазір «Қазақстан спорт ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы. Оның бірінші орынбасары да елімізге кеңінен танымал спорт жанашыры. Ол — жарты ғасыр қазақ спортының ыстығы мен суығына төзіп, осы саланы зерттеп, көптеген еңбек жазған жазушы әрі журналист Несіп Жүнісбайұлы ағамыз.
Кездесуде туған күн иесін құттықтағаннан кейін ол жақында өзінің 70 жасқа толуына байланысты шыққан «Көңілден спорт көшпейді» кітабын тарту етті. Бұл еңбектің құндылығы сонда, онда автордың қазақ спортына қатысты ой-толғаулары мен басқа да жақсы дүниелері берілген.
Кітапта автор спорт саласын кеңінен қамтыған. Спортты бала кезінен бері серік етіп, есейе келе елдік жұмыстарға араласып, қазақ спортын басқарған уақыттағы естеліктерін тамаша келтірген. Ал қазір ағамыз жаңа жазғанымдай, қоғамдық бірлестікте істеп, елдік істермен айналысып келеді.
-Біздің бірлестіктің жұмысының бір бағыты — кезінде аты аңызға айналса да бүгінде есімі елеусіз қалып бара жатқан ардақты ағаларымыз бен апаларымызды қолдау. Оларға қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасау. Бұл бір бірлестіктің жұмысы ғана болмау керек. Бұл бүкіл елдің жұмысы болуы керек. Өйткені, сіз бен біз елге еңбек етіп, талай дүрмекті додаларда туымызды тігіп, әнұранымызды ойнатқан спорт ардагерлерін ешқашан ұмытпауымыз керек. Халқымыз «Жаңбырмен жер көгерер, батамен ел көгерер», деп бекер айтпаған. Біз осы мақсатта да қоғамдық бірлестікті де құрып отырмыз, — деді төраға.
Бірлестік басшысы айтса, жөнін айтады. Осы жерде орайы келгенде қоғамдық бірлестікті құруға туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың атсалысып, қолдау көрсеткенін атап өткеніміз жөн. Қазір Елекең бастаған, оны қоштаған Несағаң мен басқа да азаматтар «Қазақстан спорт ардагерлері» РҚБ-ның қызметіне қан жүгіртіп, жұмысын жолға қою үшін қолда бар жағдайдың бәрін жасап келеді. Облыстарда филиалдары ашылып жатыр. Дегенмен қазіргі кезде жасыратыны жоқ, жұмысты алға жылжыту үшін бәрі де қаржыға барып тіреледі.
Енді мен қазақ спортына өлшеусіз еңбек сіңірген бір топ азамат құрған қоғамдық бірлестіктің жұмысы ескерілсе екен деймін. Президент әкімшілігі, Үкімет пен министріліктер, жалпы спорттың айналасында жүрген атымтай жомарт азаматтар жаңадан құрылған» Қазақстан спорт ардагерлері» РҚБ-ті жан-жақты қолдаса екен деп тілеймін!
Қазақта «Бірлік бар жерде тірлік бар», «Көңіл көңілден су ішеді», деп те бекер айтпаған.
Елекеңнің кітабының аты да осыған үндес келеді. «Көңілден спорт көшпейді».
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА

SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары