• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Шынықсаң шымыр боларсың…

    Қазақстан халықтарының бірлігі күні қарсаңында Алматы қаласының «Көктем» санаториясының спорт залында алғаш рет журналистерге арналған волейболды отырып ойнаудан инклюзивті турнир өтті. Мүгедектігі бар спортшылармен бірге ойнап көру және Париж 2024 Паралимпиада ойындарының алдында атлеттерге қолдау көрсетуге арналған сайысқа «Ситибанк» демеушілік жасады.

    Ойынға қатысатын волейболшылар бес командаға іріктеліп, ойын алдында түрлі дене жаттығуларын жасады, қатарға тұрып еліміздің әнұранын шырқады, журналистер ойын тәртібімен танысты. Жарысқа мүмкіндігі шектеулі спортшылардан құралған волейболдың ұлттық құрамасы, Алматы және Тараз қаласының командалары қатысты.

    –«Тараз-Арена» спорткешенінде 12 мүгедектігі бар азаматтарды жаттықтырамын. Олардың екеуі ұлттық құрамаға енді. Біз солардың ойнағандарын көріп, жанкүйер болуға келдік, – деді жаттықтырушы Нұрғазы Әбілдәбекұлы.

    –Волейболды отырып ойнауға арналған федерация ең басында 1988 жылы Ауған соғысының қатысушыларына арналып ұйымдастырылған болатын. 1989-1999 жылдарға дейін, яғни он жыл бойы оларды қажырлықпен әйгілі волейболшы Жәнібек Сауранбаев жаттықтырып жүрді. Ұлттық құрама 1994-1998 жылдары Таиландта өткен Азия ойындарының жеңімпазы атанды. Осыдан кейін-ақ төрт жылда бір рет өтетін Олимпиадаға қатысуға командалар ынталы бола бастады,  – деді ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы, Паралимпиада волейбол федерациясының вице-президенті Бауыржан Тахауов мырза.

    Әуесқой волейболшылар ішінде еліміздің қалаларында өтетін жарыстарға қатысып, Қазақстанның кубогін жеңіп алып жүретіндері бар. Жалпы Паралимпиада мүшелерінің бәрі де тірек-қимыл аппараты зақымдалғандар көрінеді. Қазіргі таңда 8 ойыншы волейболдың осы түрінен спорт шеберлігіне үміткер. Отыз жылдан астам уақыт мүгедектігі бар азаматтардың спортпен айналысуына мүмкіндік жасап, ынталандырып, өмірден түңілмеуге, әрдайым сергек жүруге жол ашатын федерацияның жасап жатқан жұмыстары көңілге қонды.

    –2018 жылы Паралимпиада федерациясы құрылды, – деді федерацияның жаттықтырушысы Нүсірет Ақылбаев мырза. Классикалық волейбол ойнап жатқан спортшылардың доптары да ерекше. Алты бөлікке бөлініп көркемделген, өзге доптарға қарағанда сапасы жоғары, қол терлемейтіндей материалдан жасалынған.

    Волейболды отырып ойнап жатқан жігіттерге қарасаңыз жүрегіңіз еріксіз шым ете қалатыны анық. Барлығы дерлік бір аяқтан айрылғандар, қара санынан кесілген шолақ аяқты бола тұра шеттерінен жігерлі көрінді. Аптасына 2-3 рет болатын жаттығулардан қалмауға тырысатыны ғажап. Өйткені, қозғалыс өмір. Шынығады, өздері секілді адамдармен араласады, ойын барысында бір-бірін тани түседі, өмір сүруге құлшыныстары артады.

    Жаттықтырушы Нүсірет Асырұлының рұқсатымен волейболды серік еткен азаматтармен сөйлесіп көрдік.

    –Жасым 47-де. Төрт ұлдың әкесімін. Екінші топ мүгедегімін. Осылай екен деп құр босқа қарап отыра беруге бола ма? Келісім-шарт бойынша екі жерде жұмыс істеймін. Жекеменшік мектептің балаларын сосын «ФрутАрт» дейтін заводтың адамдарын өз көлігімен әрі-бері тасимын, – деді Болатжан Қайыркенов дейтін жігіт ағасы.

    Шығыс Қазақстанда университет бітіріп, құрылыс инженері болып еңбек етіп жүрген кезімде жол апатына түсіпті. Нәтижесінде аяқтан айрылды. Бірде санаторияда ем-дом қабылдап жүрген кезде бапкер жұмыс істейтін Әбдіғани Айқынбаев деген жігітпен танысады. Ол кісі садақ ату спортымен айналысу туралы кеңес береді. Осылайша кездейсоқ танысқан жаттықтырушысы Болатжанның жігерін жаниды, қайраттандырады. Талмай жаттығудың нәтижесінде Болатжан садақ ату паралимпиадасының Алматы құрама командасына мүшелікке өткен. Екі-үш рет Қазақстан чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізген. Енді волейбол ойынына аңсары ауып, уақыт тауып кешкілік уақытта жаттығуға қатысып жүргені бізге аян болды. Болатжанның ұзақ сонар әңгімесін тыңдап отырып оның еңбекқорлығына таңқалумен болдым. Ұлдарының алды жоғары оқу орнын бітіріп, еңбекке араласыпты. Ең кішісі – мектепте.

    Бір аяқтан айрылдым, – деп қара аспанды төндіріп, уайым шекпей, қарекетке көшкен. Бір жылдары Алматыдан жер алып, өз қолымен үй салған. Қазіргі кезде ол үйді анасына беріп, өз еңбегімен ақша жинап Тұрғын үй бағдарламасы бойынша көп бөлмелі кең пәтерге де қол жеткізген. Бұндайда он екі мүшесі сау бола тұра зиянды істерге араласып, өз өмірлерін қор қылған жандар, ата-анасына масыл болғандар ойға оралады.

    Осыдан кейін Азамат, Әлішер, Елдос, Мадияр деген жігіттермен де сөйлестім. Алматы командасының алты жігіті өз өмірлері туралы айтудан бас тартты. –Көріп тұрсыз ғой жағдайымызды онсызда. Жарамызды тырнап қайтесіз, – дегендей көздері жылтырады. Солардың қасында отырған Алмагүл Көзіманқызы есімді анамен таныстым. 24 жасар Мадиярдың анасы екен.

    –Балам дүниеге келгеннен кейін-ақ сол аяғында ақау бар екені мәлім болды, – деп Алмагүл күрсініп қойып, сөзін жалғады. Он бір айлығында Сызғановта ота жасалынды. Еріксіз аяғын кесуге тура келді, онкологиялық ауру екен. Мектепте оқып жүргенінде үшінші топ мүгедектігі бар ұлымның штангі көтеруге бейімі болды. Жетпіс мыңға арнайы аяқкиім тіккізіп беретінмін. Он алты жасында Якутияда штангі көтеруден өткен жарыста екінші орын алды. Ал, қазіргі таңда Орбитадағы №68 мектепте отырып ойнайтын волейбол секциясына қатысуда. Өзі қатарлы достар тапты.

    Осыны айтқан Алмагүл Рысбаеваның өзі де спортқа жақын екен. Ұлын спорт залға әкеліп, кейде өзі де ойынға қатысып кететінін тілге тиек етті.

    Иә, одан әрі мен қызып жатқан ойынды қадағалаумен болдым. Отырып ойнайтындардың қолдары мықты ма деп қалдым, алты-алтыдан бөлінген екі командада аса ыждағатпен допты қағып, тордан асырып жатты. Жерге допты түсірмеуге атсалысып бақты. Тіпті, бір аяғы жоқ жігіттер доппен бірге домалап, аса ептілікпен допты соғып-қағып жатқандарына қайран қалдық.

    –Шіркін денсаулық, бар кезіңде қадіріңді білсек қой деген толғаммен біршама ой түйдім. Жарыс соңында федерация басшылары және Ситибанктің төрайымы командалардың ойынына ризашылықтарын білдірді. Ақшалай және заттай сыйлықтарын үлестірді.

     

    Салтанат ҚАЖЫКЕН,

    АЛМАТЫ

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *