Өзбекстанның Олимпиада құрамасы футболдан Катарда 23 жасқа дейінгі жастар арасында өтіп жатқан Азия кубогының жартылай финалында Индонезияны жеңіп, өз тарихында тұңғыш рет Олимпиадаға жолдама алды.
Енді Темур Кападзенің ойыншылары Парижде өтетін төрт жылдықтың ең танымал спорт жарысына қатысады.
Матчтың бірінші таймында Өзбекстан құрамасында бірнеше мүмкіндік болғанымен, есеп ашылмаған еді. Ал екінщі таймның 68-минутында Хусайн Норчаев пен 86-минутта Абдуқодир Хусановтың голдары Өзбекстан құрамасына жеңіс әкелді.
Осылайша, Өзбекстанның Олимпиада құрамасы алғаш рет Францияда жалауы желбірейтін Олимпиаданың жолдамасын жеңіп алды.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев футболдан жастар құрамасын құттықтады.
Қымбатты балаларым!
Сіздерді осы күндері футболдан жасөспірімдер арасындағы Катарда өтіп жатқан Азия кубогына қатысып, финалға шыққанларыңызбен және жартылай финалда жеңіске жетіп, биыл жазда Парижде өтетін Олимпиялық ойындарға жолдама алуларыңызбен шын жүректен құттықтаймын!
Өзбекстанның футбол тарихындағы мұндай жарқын жеңісті еліміздің барша спортсүйер қауымы, барша көп ұлтты халқымыз шексіз қуаныш, мақтанышпен қарсы алғаны сөзсіз. Өйткені, бұл еліміздің көп жылғы ұлы арманы еді.
Армандар орындалады. Осы жеңіс Жаңа Өзбекстанның перзенттеріне нәсіп етті. Онымен қаншалықты мақтансаңыздар да жарасады.
Әрине, бұл тарихи жеңіс шындап келгенде соңғы жылдары елімізде спорт саласын, оның ішінде футболды дамытуға зор көңіл бөлініп, атқарылған ауқымды тәжірибелік жұмыстармен байланысты болып отырғаны сөзсіз.
Сонымен қатар, жеңіс тәжірибелі бапкерлер мен сарапшылардың сіздер сияқты жігерлі жастарымызды жарысқа тыңғылықты дайындағанымен байланысты болса, екінші жағынан, әрбір ойында нағыз шеберлік, батылдық пен табандылық танытқандарыңыздың арқасында келіп отыр.
Азия құрлығының мықты командаларымен өткен бес матчта құрамамыздың қақпасына гол салдырмай, қақпаның торына 14 жауапсыз допты тоғытқандарыңыз – футбол тарихындағы бұрын-соңды болмаған нәтиже.
Бұл жетістікке жігерленіп, финалда «Азия чемпионы» деген құрметті атақ үшін лайықты ойын өрнегін көрсететіндеріңізге сенімдімін.
Осы сәтті пайдалана отырып, баршаңызға, аяулы ата-аналарыңызға, ұстаз-бапкерлеріңізге шын жүректен алғысымды білдіремін.
Барша Өзбекстан халқы сіздерге бақыт пен сәттілік, жарқын жеңістер тілейді, қымбатты балаларым!, — деді ол.
3 мамырда Азия кубогы үшін финал болады. Енді грузиялық жаттықтырушы Темур Кападзенің ойнышылары финалда Ирак пен Жапония матчының жеңімпазымен күш сынасады.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА