«Неғұрлым көбірек жұрттың бақытты болуына септігін тигізген адам ғана ең бақытты адам», деген екен Д.Дидро.
Расыменде кейбір адамдар өзінің өмірдегі ұстаған ұстанымымен, жүрген –тұрған тұрысымен, істеген ізгі әрекеттері, мінез-құлқымен қоршаған ортасына тәрбие дәнін егіп, нұрын шашып жүреді. Міне, осындай жандарды көріп жас ұрпақ үлкен-өнеге алып, сондай жандарға болмаса да ұқсап бағуға тырысады емеспе.
«Тұлғалар арқылы тәрбие», деген сол болар. Міне, сондай жанның бірі Жанболат Мұхтарұлы Құныпияевты айтса болады.
Жанболат Мұхтарұлы жасы алпысқа келсе де спортты әлі де тастамай өмірінің өзегі етіп алған ардагер. Бала күнінен спорт құмар азамат мектеп қабырғасында жүрген кезден бастап волейбол, баскетбол, үстел теннисі, футбол, күрестен аудандық және облыстық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып, мақтау қағаздарымен марапатталып, ауылының намысын қорғаған. Ағайынның аты озғанша «ауылдасымның аты озсын» деген қағиданы қаперіне ұстаған елжанды Жанболат туған жеріндегі жас спортшыларға бүгінгі күнгі дейін қолдау көрсетіп, жеңістеріне бірге қуанып, жеңіле қалса бірге уайымдап жүреді.
Салауатты өмір салтын өңірде дамытып жүрген Жанболат Мұхтарұлы Құныпияев Алматы облысы, Нарынқол ауылында дүниеге келген. Осы ауыл мектебінен бұғанасы бекіп, білімін шыңдаған ол 1983 жылы Талғар қаласындағы Дене шынықтыру және спорт училищесіне барып оқуға түседі. Бұл білім мекемесінде дәріс ала жүріп, еркін күрестен облыстық жарыстарға қатысып, облыс чемпионы атанады және жүлделі орындарға ие болып, спорт шеберлігіне үміткер атағын қорғайды.
Айтулы оқу ордасын ол 1985 жылы жақсы бағамен оқып бітіреді. Осы жылы Қарағанды қаласындағы Қарағанды Спорт және туризм техникумына оқуға түсіп, волейбол, баскетбол күрестен Республикалық чемпионаттарда жүлделі орындарға ие бола бастайды. Білім мен спортты түйенің ек өркешендей жалғастырып үлкен жетістіктерге жетеді. Сол жылы Қарағанды қаласында өткен Нүркен Әбдіров атындағы республикалық турнирде дзюдо күресінен жүлделі үшінші орынға ие болады.
Қарағанды Спорт және туризм техникумын 1988 жылы оқып бітіргеннен кейін арман қуып Алматыға келеді. Алатаудың баурайындағы Алматы қаласында орын алған елдегі сол кездегі жалғыз Спорт және туризм институтының табалдырығын аттап, жоғары білім алу үшін құжаттарын тапсырады. Сөйтіп, жолы болған Жанболат айтулы институттың студенті болып шыға келеді. Бұл оқу ордасын 1989-1993 жылдары тәмамдаған соң, Отан алдындағы әскери борышын Венгрия мемлекетінде атқаруға аттанып кетеді. Спорт саласындағы алған тәжірбиесі әскерде жүргенде игілігіне жарап, полк аралық аламан әскери қоян-қолтық ұрыс жарысында топ жарып, бірінші орынды жеңіп алады. «Туған жерге туыңды тік», демекші, 1988 жылы елге оралған соң спорттағы алған бай тәжірбиесін жастарға беруге барын салады. Алдымен Нарынқол орта мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, 1989-1990 жылдары балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде футболдан жаттықтырушы, 1991-1992 жылдары Б.Соқпақбаев атындағы орта мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеп жүріп, ауыл, аудан, облыстың спортын дамытуға барынша үлес қосқан.
2003 жылы отбасы жағдайына байланысты Алматы облысы Іле ауданына көшіп келіп, Ішкі істер бөліміне жұмысқа тұрады. Барған жерінде береке табатын ардақты азамат 2008 жылы «Үздік полиция», 2009жылы «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін» медальдарымен марапатталған. Қызмет пен спортты ұштастыра жүріп, волейбол мен футболдан облыста өткен жүлделі орындарды жеңіп алады.
2010 жылы Іле ауданы Ішкі істер басқармасы бастығының Қоғамдық қауіпсіздік бойынша орынбасары болып істеп жүріп, подолковник шенімен зейнеткерлікке шығады. Райымбек ауданы, Нарынқолдың футбол мен волейбол ардагерлер командасының құрамында ойнап, жүлделі орындардан бір төмен түспей ауыл-аймағының спортын көтеруге өлшеусіз үлес қосады. «Қарапйымдылық жасыл алқап, ал адамгершілік онда өскен гүл», деген екен Ахмед Югнаки, өзінің өмірдегі жемісті жетістіктерімен, кісілік қарпайымдылық, зор адамгершілік қасиеттерімен біздің кейіпкеріміз алпыстың асуына шығып отыр.
Жақында Іле ауданы Өтеген кентіндегі БЖСМ ойын алаңдарында алпыстың асқарына абырой құрметпен келіп жеткен ауыл спортының ардагері Жанболат Мұхтарұлына арналып волейбол мен футболдан дүбірлі Алматы облысы Райымбек ауданының жарысы ұйымдастырылды.
Бұл жарыстың ерекшелігі, сол жастар бір топта, 50-ден асқан ардагерлер бір топта жарыс жолына шығып, жеңіс үшін жан аямай ойын алаңдарында барын салды. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпейді», демекші, жасырақ кезде спортпен айналысқан ардагерлердің ала допты ұршықша иіріп алып барып қақпаға салған голдарына көрермен қауым ерекше қошемет көрсетіп қол соғумен болды.
Күн ұзақ волейбол мен футболдан өткен аламан ойындар күн ұясына батар кезде бір-ақ аяқталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Сонымен Райымбек ауданынан қатысқан 16 команданың ішінен топ жарған мықтылары белгілі болды.
40 жастан жоғары жастардың арасында өткен жарыста Алматы облысы Райымбек ауданының Қақпақ ауылының командасы бас жүлдені жеңіп алды. Ал 50 жастан жоғары ардагерелер арасындағы аламанда Сарыжаз ауылының командасы бірінші орынға ие болса, екінші және үшінші орындарды Талас пен Сарыбастау ауылдарының командалары иеленді. Ал волейболдан өткен бәсекеде Нарынқол ауылының командасы ешкімге дес бермей бас жүлдемен марапатталды.
Күміс жүлдені Текес ауылының командасы ие болса, үшінші орынды Жамбыл ауылының командасы жеңіп алды. Сонымен қатар үздік спортшылар номинациялары бойынша турнирдің үздіктері құрметпен марапатталды. Осылайша «Дені саудың жаны сау», демекші, бір жағынан салауатты өмірді дәріптеу екінші жағынан еңбегі сіңген ардагер спортшы Жанболат Мұхтарұлын ұлықтауға арналған байрақты жарыс өз мәресіне жетті.
«Еңбекпен арманыңды ардақтап, еңбегімен өміріңді өрнекте», демекші. Өмірін еңбекпен өрнектеп айналасына жақсылықтың нұрын себе білген жанның жарысы да жоғары деңгейде болып өтті. Жақсылықтың, ізгіліктің жолынан шықпай салуаттылық өмірді наситхаттап жүрген Жанболат Мұхтарұлы қазіргі кезде Нарынқол ауданының ардагер спортшыларынан құрылған футбол командасының белді ойыншысы. Әлі де болса жастарға үлгі-өнеге көрсетіп ауыл-аймағының спортын дамытуға үлесін қосып келеді. Жақсыдан шарапат-деген осы болар.
Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,
Алматы облысы