19 қыркүйекте Жапонияның Аичи префектурасы мен оның орталығы Нагоя қаласында ХХ жазғы Азия ойындарының жалауы көтеріледі.
Жарыстар Токио қаласы мен Сидзуока, Осака және Гифу префектураларындағы ареналарды қоса алғанда, 50-ден астам спорт нысанында болады.
Азиаданың бағдарламасына 43 спорт түрі мен 71 дисциплина енгізілді. Жалпы 469 жүлде жиынтығы сарапқа салынады.
Азиаданың бағдарламасына 43 спорт түрі енгізілсе, соның 35-інде отандастарымыз медаль үшін таласады. Оның ішінде Қазақстан сполртшылары биыл алғаш рет ресми бағдарламаға қосылған MMA (аралас жекпе-жек), падел және виртуалды таеквондо сияқты ерекше спорт түрлерінен болатын жекпе-жек түрлеріне де қатысады.
Еліміз Азия ойындарына дербес мемлекет ретінде 1994 жылдан бастап қатысып келеді. Осы уақытқа дейін Қазақстан спортшылары 8 жазғы (1994 —2022) және 7 қысқы (1996—2025) Азия ойындарына қатысты.
Жазғы Азия ойындарының қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы барлығы 637 медаль (165 алтын, 180 күміс және 292 қола) иеленді. Оның ішінде ең көп 25 алтын жүлдені каноэ мен байдаркада ескек есушілер алса, одан кейін жеңіл атлетикадан 23, бокстан 16, нысана көздеуден 14 (оқ ату мен стенд атудан), ауыр атлетикадан 12, тас жолдағы велоспорттан 12 алтын медальді жеңіп алған болатын. Ал Қазақстан үшін жазғы Азия ойындарының ішінде ең сәтті болған жарыс 2014 жылғы Инчхонда болды. Кореядағы жарыста отандастарымыз 28 алтын, 23 күміс, 33 қола жүлдемен жалпы есепте 37 елдің арасынан төртінші орынға тұрақтады.
Жалпы еліміз командалық есепте ең жақсы көрсеткіш ретінде төртінші орыннан төрт рет (1994, 2002, 2006, 2014) көрінген.
Қазақстан ұлттық құрамасы үшін биылғы доданың бір ерекшелігі, ол отандастарымыздың саны жағынан ең көп қатысатын Азия ойындары болады.
Ұлттық Олимпиада комитетінің хабарлауынша, өтінімдерге сәйкес Азиадаға қатысу үшін 559 спортшы тіркелген. Ұлттық Олимпиада комитетіне спортшыларды жарыстан шығару туралы ешқандай өтініш түскен жоқ. Осыған байланысты Азия Олимпиадалық кеңесі шешім қабылдағанға дейін 559 спортшының барлығы жарысқа қатысатын спортшылар құрамында қалады.
«Спортшыны жарыстан шығару туралы шешімді Ұлттық Олимпиада комитетінің өтініші негізінде Азия Олимпиадалық кеңесі (АОК) мен AINAGOC (ұйымдастыру комитеті) қабылдайды», деп хабарлады Ұлттық Олимпиада комитеті.
Олар жарыстың 35 түрінен бақ сынайды.
Бұл өткен Азиадамен салыстырғанда едәуір көп. 2023 жылы Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен сындарға 523 спортшы қатысқан еді.
2023 жылы отандастарымыз 10 алтын, 22 күміс, 48 қола жүлдемен жалпы есепте 11-орынға шығып, төменгі көрсеткішін көрсетті. Сондықтан осы жолы саңлақтарымыз алтын жүлдені барынша жеңіп алып, құрмет тұғырының ең биік сатысынан көрінсе деген тілегіміз бар. Ең көп жүлде жиынтығы жеңіл атлетика (50 жүлде жиынтығы), жүзу (41 жүлде жиынтығы), байдарка және каноэде ескек есуде (24 жүлде жиынтығы) үлестіріледі. Отандастарымыздың спорттың бұл түрлерінен жүлдені жеңіп алуға мүмкіндігі зор. Сонымен бірге Азиаданың бағдарламасына алғаш рет қосылған ММА, падел, BMX фристайл, серфинг пен текболдан да нәтиже көрсетуге болады.
Азия ойындары – спортшылар үшін Олимпиададан кейінгі ең маңызды жарыс. Сондықтан төрт жылда бір өтетін додаға дайындық Олимпиада алауы сөнгеннен кейін-ақ басталып кетеді. Биылғы бәсекеге де споршыларымыз тыңғылықты дайындықпен аттанып кетті.
Жақында Астанада Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Азиадаға қатысатын бір топ спортшымен кездескенде де осынау ойындардың жылдың басты спорттық додаларының бірі және еліміз үшін маңызды жарыс екенін, ұлттық құраманы жақсы даяйындау үшін мемлекет тарапынан қажетті жағдайлар жасалғанын атап өтті. Сонымен бірге қорытынды дайындық кезеңінде спортшылардың физикалық жағдайына, қалпына келуіне және жарыс күндеріне тікелей дайындығына ерекше назар аударылғанын айтты.
«Азия ойындары – жылдың басты спорттық додаларының бірі және еліміз үшін маңызды жарыс. Команданың негізгі бөлігі қазірдің өзінде Жапонияда қорытынды дайындық кезеңінен өтіп жатыр. Спортшылардың климатқа, ауа райына, уақыт белдеуіне алдын ала бейімделіп, өз жарыстарына оңтайлы дайындықпен келуі үшін барлық жағдайды жасауға тырыстық. Сіздер Азиадаға жылдар бойғы қажырлы еңбекті, жаттықтырушылардың еңбегі мен миллиондаған отандасымыздың қолдауын арқалап бара жатсыздар. Сіздерге өз күштеріңізге сенімділік, сәттілік және үздік нәтижелер тілеймін», деді ол.
Кездесуде Ойындардың ашылу салтанатындағы спортшылар шеруінде Қазақстанның атынан шығатын спортшылар да таныстырылды. Олар – дзюдодан Олимпиада чемпионы Елдос Сметов пен үстел теннисінен ұлттық құраманың спортшысы Сарвиноз Миркадирова.
Осы кездесуде дзюдодан Олимпиада чемпионы Елдос Сметов министрдің қолынан салтанатты жағдайда мемлекеттік туды алған соң, ұлттық құраманың Азиадаға дайындығы туралы айтып, көпшілікке ел намысын қорғау үшін қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасайтынын жеткізді.
«Бүгін мен үшін тарихи күн. ХХ Жазғы Азия ойындарында көк туды ұстап шығу мәртебесі маған бұйырып тұр. Мұндай сәт менде бірінші рет. Бұл шешімді қабылдау оңайға соққан жоқ. Себебі, мұның артында қаншама жауапкершілік, елдің, мемлекеттің сенімі бар. Осы ойында бар күшімді салуға уәде беремін. Еліміздің көк туын ұстап шығу үлкен мәртебе», деді Олимпиада чемпионы.
Сондай-ақ, ол қазіргі кезде мемлекет тарапынан спортшыға барлық жағдай жасалғанын, жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарында қажетті медициналық көмек, дәрі-дәрмек, сауықтыру шаралары мен спортшының қайта қалпына келуі үшін барлық жағдайдың ұсынылып отырғанын атап өтті.
Елдос айтса, расын айтады. Оған әр жарыс сайын мемлекет мүмкіндіктің бәрін беріп отыр. Сол мүмкіндікті ол дүбірлі додада тарихи жеңіске айналдырып келеді. 2024 жылғы Олимпиаданың алтын жүлдесі – осы жүйелі қолдау мен спортшының маңдай тері, қажыр-қайраты мен табандылығының нәтижесі.
Табанбылық дегеннен шығады, дзюдоист Париж Олимпиадасына дейін екі рет Олимпиялық ойындарға қатысып, екеуінен алтын медаль болмаса да жүлдесіз қайтпады.
2016 жылы Олимпиаданың күміс, 2020 жылы қола жүлдесін алды. Содан кейін ол арман-мақсатына жету үшін «Алтын жүлде аламын», деп жаттығуын жалғастырып, дайындала берді. Міне, сол табандылықтың арқасында ол 2024 жылы Олимпиаданың құрмет тұғырының ең биік сатысына көтерілді.
Бүгінде Қазақстан делегациясы толығымен Күн шығыс еліне жетті. Биыл ұлттық құраманы даярлау жүйесіне жаңа тәсіл енгізілді. Қорытынды оқу-жаттығу жиындарының едәуір бөлігі тікелей Азия ойындары өтетін елде ұйымдастырылды.
Бұл шешім спортшылардың жарыс басталғанға дейін алдын ала жергілікті жағдайға бейімделуі, уақыт белдеуіне, климаттық жағдайларға және жарыс ортасының ерекшеліктеріне үйренуі үшін қабылданды. Сонымен қатар Жапонияда спортшылардың дайындығы тексеріліп, жарыстар алдындағы жаттығу жүктемелеріне қажетті түзетулер енгізіледі.
Енді Қазақстан құрамасы қатысатын спорт түрлеріне келсек, біздің саңлақтар жарыстың 35 түріне қатысады. Соның ішінде Елдос Сметов бастаған дзюдошыларымыз жүлдеге үміттілердің бірі болып отыр.
Дегенмен дзюдода Жапонияның мысы басым болатын сияқты. Алтын жүлдеге басты үміткер ретінде жапон Рюдзю Нагаяманың аты аталып жүр. Қазақстан құрамасында Елдос Сметов, әлем чемпионатының финалисі Әбиба Әбужақынова мен Азия чемпионы Алмат Әділетке үміт артамыз. Қазір Әбиба әлемдік рейтингте 19-орында тұр. Дзюдо күресінде Лос-Анджелес Олимпиадасына баруға мүмкіндік беретін ұпай үлестіріледі.
Боксшыларға келсек, Азиадаға Қазақстан сапынан 9 әлем чемпионы мен 2 әлем чемпионатының финалисі қатысады. Бұл додада 11 жүлде жиынтығы үлестіріледі. Шынын айтқанда, былғары қолғап иелерінің қай-қайсысы болсын алтын жүлдені жеңіп алуға үміткер. Бұған дейін Қазақстан ұлттық құрамасы Англияның Ливерпуль қаласында өткен әлем чемпионаты мен Моңғолияда жалауы желбіреген Азия чемпионатында жалпы есепте топ жарған еді. Соған қарап ұлттық құрама тағы да биіктен көрінуі әбден мүмкін. Дегенмен, Азияда елімізге Өзбекстан, Үндістан, Моңғолия, Пәкістан, Қытай, Жапония сияқты елдердің өкілдері де бәсекелес бола алады. Олар жақында Нагоя қаласында өткен соңғы халықаралық оқу-жаттығу жиынында Қазақстан құрамасымен бірге бір залда жаттықты.
Велоспорттан Алексей Луценконың топ жаруы әбден мүмкін. Ол 2014, 2018, 2023 жылдары жазғы Азия ойындарында жеке сайыста чемпион атанған. Алексей жақында Испанияда өткен «Вуэльта» көпкүндігінің кезеңінде төртінші орынға тұрақтап, жақсы қырынан көрінді.
Қазіргі кезде ол Азия ойындарында ең көп алтын медаль жеңіп алған спортшылардың қатарына кіреді. Биылғы бәсекеде ол 160 шақырымға топтық жарыста және уақыт үшін өтетін жекелей сайыста бақ сынайды.
Топтық жаттығуда Алексей Луценкодан бөлек, биылғы Азия чемпионы Евгений Федоров пен Николя Винокуров сынға түседі. Олар 2018 жылдан бері жазғы Азия ойындарында тұрақты түрде 2 алтын жүлде алып келеді. Осы жолы да сол жетістігін қайталса нұр үстіне нұр болар еді.
Тректегі және тасжолдағы велоспортқа маманданған велошабандоз Рината Сұлтанова биыл Азия ойындарына екінші рет қатысады. Бұған дейін ол Ханчжоуда өткен Азия ойындарында сынға түскен.
Сол жылы Рината құрлықтың басты додасында алғашқы медалін жеңіп алған еді. Енді осы жолы да оның жүлдегерлердің қатарынан көрінетініне сенгіміз келеді.
Ауыр атлетикада бірнеше спортшымыз 12 жылдан кейін ғана жазғы Азия ойындарына қатысуға мүмкіндік алды. Бұл спорт түрінен 2014 жылы Маргарита Елисеева чемпион болған еді. 2018 жылы жарысқа бірде-бір спортшымыз қатыспады. Ал 2023 жылы допинг дауына байланысты спортшыларымыз сенімді ақтамады. Александр Уваров қана қола жүлдеге ие болды. Ал биылғы Азия ойындарында Қазақстан атынан он ауыр атлет бақ сынайды.
Бір өкініштісі, құрама тізіміне команданың кейбір көшбасшылары кірмей қалды. Тіпті, әлем чемпионы Артем Антропов пен жасөспірімдер арасында екі дүркін әлем чемпионы Едіге Емберді де бұл бәсекеден тыс қалады. Өйткені, 27 қазанда Нинбода 2028 жылғы Олимпиялық ойындарға жолдама беретін әлем чемпионаты басталады. Сондықтан Азия ойындарына қатысатын спортшылардың арасында ересектер арасындағы халықаралық жарыстарда ең елеулі нәтижеге жеткен Нұрғиса Әділетұлы мен Любовь Ковальчукті ғана айтуға болады.
Нұрғиса 95 келіге дейінгі салмақта бақ сынайды. Ол жарысқа әлем чемпионы ретінде қатысады. Алайда оның жүлделер қоржынында Азия ойындарының медалі әзірге жоқ.
85 келіде Алексей Чуркиннің де жүлде алуға мүмкіндігі бар. Любовь Ковальчук болса, 86 келіден аса салмақта Азия ойындарына ірі халықаралық жарыстарда жүлде алған тәжірибелі спортшы ретінде күш сынасады.
Азия ойындарында ауыр атлетика жарыстары 23-29 қыркүйек аралығында болады. Нұрғиса Әділетұлы 28 қыркүйекте сынға түссе, Любовь Ковальчук 29 қыркүйекте отандастарымыздың арасында соңғы болып жарыс жолына шығады.
Семсерлесуден ерлер құрамасы биылғы жылды өте жақсы бастады. Қазір де жарыстарда жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Маусым айында сапы сайысынан ерлер құрамасы Жапонияны жеңіп, Азия чемпионы атанса, шілде айында өз тарихында алғаш рет әлем чемпионы атағына ие болды.
Спорттың бұл түрінен ел құрамасын Украинадан келген Александр Горбачук жаттықтырады. Ол 2024 жылға дейін 15 жыл Жапонияны жаттықтырған болатын. Әйелдер арасындағы сапы сайысында Ирина Бакалдина да жеңіске деген жігерін көрсетіп келеді. Ол Ресейден келіп, Қазақстан құрамасына тез сіңісіп, Азия чемпионатында жарыстың басты фавориті саналған әлем чемпионы Оңтүстік Кореяның өкілі Сон Сен Сараны жеңген еді. Сонымен бірге Париж Олимпиадасында ширек финалға жеткен Әйгерім Сарыбайдың кезегі келсе деп те отырмыз. Одан да үмітіміз жоқ емес.
Көркем гимнастикада Ақмарал Ерекешева мен Айбота Ертайқызына үміт артамыз.
Тамыз айында Германияның Франкфурт қаласында өткен әлем чемпионатында Ақмарал Ерекешева 115.800 ұпаймен Азия құрлығы бойынша ең жоғарғы алтыншы орынды қанағат тұтты. Ақмарал — көпсайыс қорытындысы бойынша жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы. Солай десек те оның қарсыластары да қара жаяу спортшылар емес. Осы додада 10-орынға Жи Ванг (Қытай) тұрақтаса, биылғы Азия чемпионы Тахмина Икромова (Өзбекстан) 13-орынды иеленді. Десек те оларға қарағанда Ақмарал Ерекешеваның мүмкіндігі жақсырақ. Ақмарал жақында Чехияның Брно қаласында өткен Гран-при кезеңін бес медальді жеңіп алды.
Отандасымыз жекелей көпсайыста екінші орын алған еді. Сондай-ақ жекелей жаттығулар бойынша төрт финалға шықты. Нәтижесінде Ақмарал шығыршықпен орындалатын жаттығуда 29.150 ұпай жинап, алтын медальді иеленді. Ал доппен орындалатын жаттығуда 28.000 ұпай, ұршықтар бәсекесінде 29.050 ұпай және таспамен орындалатын жаттығуда 27.600 ұпай еншілеп, үш күміс медальға ие болды.
Осылайша, Ақмарал Ерекешева бір алтын және төрт күміс медальмен жарысты аяқтады.
Айбота Ертайқызына келсек, ол мамыр айында өткен Азия чемпионатында 113.650 ұпаймен күміс жүлдегер атанған. Сондықтан Азия ойындарында чемпиондық атаққа басты талас осы 3 елдің арасында болуы мүмкін.
Спорттық гимнастикадан биыл Әлем кубогы үшін өткен турнирдің бес кезеңінде отандастарымыз 7 күміс, 3 қола жүлдені иеленді. Сол кездегі нәтижеге қарап, ат снаряды бойынша Зейнолла Ыдырысов, Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нариман Құрбанов, кермедегі жаттығудан Милад Каримидің жүлде алуға мүмкіндігі жақсырақ деп айтуға болады.
Күрес түрлерінен бірнеше балуанның жүлдеге ілігуге мүмкіндігі бар. Мысалы, әлем чемпиондары Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Демеу Жадыраев, Ризабек Айтмұхан, Олимпиадалық салмаққа көтерілген Нұрқожа Қайпанов, әлем чемпионатының бірнеше мәрте жүлдегері Азамат Дәулетбеков, Жәмила Бақбергенова, Эльмира Сыздықова, U20 санатында әлем чемпионы Едіге Қасымбек пен U23 санатында әлем чемпионы Шұғыла Өмірбекті құрмет тұғырынан көріп қалуымыз ғажап емес.
Азиадада күрестен құрама команда Нұрмахан Тыналиевтен кейін 2014 жылдан бері жүлде ала алмай келеді. Осы олқылықтың орнын балуандарымыз толтырады деп ойлаймыз.
Стенд атудан Әсем Орынбайға, жалпы әйелдер командасына үміт артамыз. Ол биылғы Әлем кубогында скит жаттығуы бойынша Алматыдағы кезеңде топ жарды. Ал командалық сайыста әйелдер құрамасы жылдың басында Қатардың астанасы Дохада Азия чемпионы атағын жеңіп алды.
Жазғы Азиадада садақ атудан жүлде 2002 жылдан бері бұйырмай келеді. Бірақ былтыр Оңтүстік Кореяда өткен әлем чемпионатында компаунд бағдарламасы бойынша садақ атудан командалық сынға қатысқан бұрымдыларымыз қола жүлдені жеңіп алды. Бангладеште өткен Азия чемпионатында ерлер құрамасы бірінші орынды иеленді. Сондықтан биылғы сарықұрлық бәсекесінде де отандастарымыз жүлде алуы әбден мүмкін. Өйткені, Азиаданың чемпионына Лос-Анджелес Олимпиадасының жолдамасы беріледі.
Нысана көздеуде көрпеге қарай көсілетін шығармыз. Спорттың осы түрінен құраманы атақты Ольга Довгун жаттықтырады. Жақында ол команданың алдына мақсат қойып отырғанын айтты. Бірақ та команлданың қарсыластары да оңай шағылатын жаңғақ емес. Мысалы, бір |Қытайдың өзін алсақ, бұл елдің мергендері биылғы Әлем кубогы үшін жарыста жақсы нәтиже көрсетті.
Үндістан құрамасы да мықтылардың қатарында. Бұл мемлекеттің өкілдері үздік үштікте келеді.
Азиадада барлық елдер үшін каноэ мен байдаркада ескек есу жүлде көп әкелетін спорт түрі болып саналады. 2023 жылы Ханчжоуда өткен Азиададан сабақ алсақ, биылғы додада осынау су спортынан медаль алуымыз керек. Сонымен бірге су добы, таеквондо, теннис, жеңіл атлетикадан, Олимпиада бағдарламасына кірмейтін каратэ, джиу-джитсу, ММА-дан чемпиондар шығып, алтын жүлде алуымыз мүмкін. Бұл тек болжам, жорамал ғана. Алда не болатынын жарыстың өзі көрсетеді.
Биылғы доданың тағы бір ерекше тұсы, желкенді спорт, триатлон, теннис, көгалдағы хоккей, серфинг пен сквошдан жеңімпаз атанғандар 2028 жылы Лос-Анджелес Олимпиадасының лицензиясын алады.
Жалпы, қолда бар мәліметке қарағанда, Қазақстан құрамасының осы Азиадада 100-ге жуық медальді жеңіп алу жоспары бар.
P.S. Сонымен бүгін Күн шығыс елінде ХХ жазғы Азия ойындарының жалауы көтеріледі. Бұл жарыстар 4 қазанға дейін созылады. Біздің елден 559 спортшы ел намысын қорғауға аттанды. Әрине, олардың бәрі жарысқа жолдама-лицензия жеңіп алған спортшылар. Дегенмен жолдама жеңіп алу басқа да ел атынан намысқа тырысып, жарысқа түсу бір басқа.
Әрине, жас, талантты жолдама жеңіп алған жастарды да Ойындарға тәжірибе жинақтау мақсатында апару керек. Ол жағынан дау жоқ. Мысалы, 2023 жылы Қытайдың Ханчжоу қаласына 524 спортшы барып, 10 алтын, 22 күміс, 48 қола жүлде алып, жалпыкомандалық есепте 11-орынды қанағат тұтып қайтты. Енді биылғы бәсекеге 571 спортшы қатысады делініп отыр. Бұған дейін елімізден Азиадаға осыншама спортшы қатысқан емес. Бұл бір жағынан жолдама-лицензияны жеңіп алған жастарымыздың қатары көбейіп келе жатқанын білдіреді. Ал медальдің екінші жағына қарасақ, осыншама отандасымыз Азиадаға барса, барынша тырысып, алтын жүлдені көптеп алып келсе дегіміз келеді. Өйткені, мемлекет тарапынан спортшыларды қолдау үшін жағдайдың бәрі жасалып жатыр. Бәрі де енді адамның өз қолында.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА
SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары