24 қазан мен 1 қараша аралығында Астанадағы «Барыс Арена» спорт кешенінде грек-рим, еркін және әйелдер күресінен ересектер арасындағы әлем чемпионаты өтеді. Жылдың басты додаларының біріне 135 елден 900-ден астам спортшы қатысады, деп хабарлады Қазақстан күрес федерациясының баспасөз қызметі.
Тоғыз күнге созылатын жарыста күрестің үш түрі бойынша 30 салмақ дәрежесінің чемпиондары анықталады. Астана бозкілемінде Олимпиада және әлем чемпиондары, халықаралық рейтингтегі көшбасшылар мен ұлттық құрамалардың үздік балуандары бас қосады. Сондықтан биылғы чемпионат тек балуандар саны жағынан ғана емес, спортшылар құрамының деңгейі бойынша да ерекше болады.
«Грек-рим күресінде көрерменнің назары бірнеше салмаққа ауады. 97 келіде Париж Олимпиадасының чемпионы, әлем чемпионы Мохаммадхади Сарави сынға түседі. Ауыр салмақта Олимпиада және әлем чемпионаттарының бірнеше дүркін жүлдегері Рыза Каяалп та Астана бозкілеміне шығады. Бұл санаттарда әлемдік күрестің тәжірибелі көшбасшылары мен жаңа буын өкілдері кілемге шығады деп жоспарланып отыр.
Еркін күрестегі ең үлкен қызығушылықтың бірі 97 келі салмаққа байланысты болады деп күтілуде. Бұл салмақта Кайл Снайдер, Абдулрашид Садулаев, Ахмед Тажудинов пен Хасан Яздани белдеседі. Осы төрт балуанның еншісінде Олимпиаданың бес алтын жүлдесі мен 14 әлем чемпионы атағы бар. Сондықтан 97 келідегі бәсеке биылғы чемпионаттың басты тартыстарының біріне айналуы мүмкін», делінген хабарламада.
Әйелдер күресінде де әлемдік деңгейдегі мықты құрам жиналады. 200-ден астам спортшының арасында қазіргі әлем чемпиондары мен ірі халықаралық жарыстардың жүлдегерлері бар. Бұл бағытта да бірнеше салмақта чемпиондық атақ үшін тартысты күрес болады.
Қазақстан құрамасы өз жеріндегі әлем чемпионатына толық құраммен қатысады. Ел намысын соңғы жылдары халықаралық аренада тұрақты нәтиже көрсетіп жүрген балуандар қорғайды. Олардың қатарында әлем чемпиондары әрі жүлдегерлері Ризабек Айтмұқан, Нұрқожа Қайпанов, Жәмила Бақбергенова мен басқа да тәжірибелі балуандар бар.
Грек-рим күресі
55 кг – Исхар Курбаев
60 кг – Айдос Сұлтанғали
63 кг – Мейрамбек Айнағұлов
67 кг – Бағдат Сабаз
72 кг – Алматбек Аманбек
77 кг – Мерей Мәулітқанов
82 кг – Ибрагим Магомадов
87 кг – Нұрсұлтан Тұрсынов
97 кг – Ислам Евлоев
130 кг – Олжас Сырлыбай
Еркін күрес
57 кг – Мейрамбек Қартбай
61 кг – Асыл Айтақын
65 кг – Дастанбек Өсімжан
70 кг – Санжар Досжанов
74 кг – Нұрқожа Қайпанов
79 кг – Шамсат Тайр
86 кг – Болат Сақаев
92 кг – Азамат Дәулетбеков
97 кг – Ризабек Айтмұқан
125 кг – Едіге Қасымбек
Әйелдер күресі
50 кг – Зейнеп Баянова
53 кг – Айнұр Ашимова
55 кг – Лаура Алмағамбетова
57 кг – Алтын Шағаева
59 кг – Нилуфар Раймова
62 кг – Ирина Кузнетцова
65 кг – Бейбіт Сейдуалы
68 кг – Ирина Казюлина
72 кг – Жәмила Бақбергенова
76 кг – Гүлмарал Еркебаева
Әлем чемпионаты ертең, 24 қазанда сағат 17:30-де Астанадағы «Барыс Арена» спорт кешенінде басталады.
Бүгін сағат 16:30-да «Барыс Аренаның» алтыншы қабатындағы конференц-залда ересектер арасындағы күрестен әлем чемпионатына арналған ресми баспасөз мәслихаты өтеді.
Әлем чемпионатының бағдарламасы

SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары