• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Ұлттық Олимпиада комитеті

    Сайыпқыран: Олимпиаданың төрінен көрінген Әнел Тәшбай

    Велошабандоз Әнел Тәшбай Сенегалдың астанасы Дакарда өткен жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы атанды. Ол жекелей уақытқа жарысу сайысында ең жақын қарсыласынан бес секундтан астам уақытқа озып кетті. Бұл жеңіс – Әнел Тәшбайдың халықаралық аренадағы табысты өнерінің жалғасы. Бұған дейін ол жасөспірімдер арасында Азия ойындары мен Азия чемпионаттарында топ жарған еді. Енді спортшы ересектер санатына өтуді көздеп отыр.

    Бүгін біз «Сайыпқыран» айдарын одан әрі жалғастырып, оқырман назарына спортшының Olympic.kz сайтына сұхбатын ұсынуды жөн көріп отырмыз.

    Әнел Тәшбай Олимпиадаға қалай дайындалғанын, Олимпиялық жарыстардың ерекшелігін, велоспортқа қалай келгенін және кәсіби команда сапында өнер көрсету жоспарын айтып берді.

    – Әнел, жасөспірімдер Олимпиадасында үлкен жетістікке жеттіңіз. Осы белеске жетуіңізге не себеп болды деп ойлайсыз?

    – Ең алдымен, ұзақ әрі тыңғылықты дайындықтың арқасы деп ойлаймын. Біз бұл нәтижеге бір айда жеткен жоқпыз. Соңғы айларда жұбыммен бірге жаттығу жасадық. Бірлескен жұмыстың арқасында екеуміз де шыңдала түстік. Мен одан көп нәрсе үйрендім. Ол да менің деңгейімді көтеруге көмектесті. Әрине, бапкердің еңбегі, қолдауы және жарысқа дұрыс дайындауы да үлкен рөл атқарды.

    – Жекелей уақытқа жарысу сайысына психологиялық тұрғыдан қалай дайындалдыңыз? Жаттықтырушыңыз сөреге шығар алдында қандай кеңес берді?

    – Жаттықтырушым үнемі жекелей сында жеңіске жету үшін ең алдымен психологиялық тұрғыдан мықты болу керектігін айтатын. 8,5 шақырым қашықтықты жалғыз өзім бағындыруым керек болғандықтан, бар назарымды жарысқа аудардым. Жаттықтырушым жол бойында күшімді қалай тиімді жұмсау керектігін, нені ескеру қажеттігін түсіндірді. Сондай-ақ маған үнемі қолдау көрсетіп, жеңіске жететініме сенім білдірді. Сондықтан жарыс алдындағы басты міндетім – өзімді жігерлендіріп, өз күшіме сену керек болды.

    – Дакардағы жолдың техникалық ерекшелігі қандай? Қай тұстарына ерекше назар аудару қажет болды?

    – Техникалық жағынан бұл жолды қиын деп айта алмаймын. Жолдың беті тегіс, шұңқырлар мен кедергілер болған жоқ. Жалпы, жарысқа қолайлы жағдай жасалған. Ал мен үшін ең үлкен қиындық – аптап ыстық болды. Себебі Дакардың ауа райы біз үйренген климаттан мүлде өзгеше. Ауа райының салдарынан жарысу қиындай түсті.

    – Жеңісіңізден екі күн бұрын топтық жарыста жетінші орын алдыңыз. Алғашқы 20 спортшы мәреге бірдей уақытта жетті. Сол жарыстағы өнеріңізді қалай бағалайсыз? Жоғары орынға көтерілу үшін не жетіспеді деп ойлайсыз?

    – Топтық жарыстың нәтижесін алдын ала болжау қиын. Көп нәрсе жарыстың қалай өрбитініне байланысты. Жарыста алты спортшы болып негізгі топтан бөлініп шықтық. Алайда басқа командалардың өкілдері бізбен бірге жұмыс істеуге құлық танытпады. Жетінші орын алсам да, бұл жарыс мен үшін пайдалы болды деп есептеймін. Мықты қарсыластармен иық тірестіре алатыныма және жүлделі орындар үшін күресуге шамам жететініне көзім жетті.

    – Топтық жарыс пен жекелей уақытқа жарысу сайыстарына психологиялық тұрғыдан қалай дайындалдыңыз?

    – Бұл – бір-біріне мүлде ұқсамайтын екі бөлек сайыс. Сондықтан әрқайсысына жеке-жеке дайындалдық. Топтық жарыста үнемі жағдайды бағалап, шабуылға шығатын сәтті дұрыс таңдау, күшті үнемдеу және оны орынсыз жұмсамау маңызды. Ал жекелей жарыста бәрі өз қолыңда. Көрсеткен нәтижеңе тек өзің жауап бересің. Сондықтан сөре сызығынан бастап мәреге жеткенше бар күшіңді салуың керек.

    – Бұған дейін де көптеген халықаралық жарыстарға қатыстыңыз. Сол тәжірибе Олимпиададағы толқуды жеңуге көмектесті ме?

    – Әрине көмектесті. Бұған дейін Әлем кубогы кезеңдерінде, әлем және Азия чемпионаттарында өнер көрсеттім. Әр халықаралық жарыста тәжірибе жинап, өзіңе деген сенімің арта түседі. Сонымен қатар қарсыластарыңның деңгейін де бағамдай аласың. Әсіресе, топтық жарыстарда мұның маңызы зор. Өйткені онда өз орныңды дұрыс таңдап, жарысты сезіне білу қажет. Жинаған тәжірибемнің барлығы жасөспірімдер Олимпиадасында көп көмегін тигізді деп ойлаймын.

    – Жасөспірімдер Олимпиадасында жеңістен бөлек, есте қалған ерекше сәт болды ма?

    – Жарыстан кейін қорытынды нәтиженің жариялануын күткен сәт ерекше есте қалды. Сол 30-40 минута өте қатты толқыдым. Сонымен қатар командамның, жаттықтырушыларымның және мен үшін жанкүйер болған барша адамның қолдауын ұмытпаймын. Әрине, осы жарысқа дайындалған кезең де есімде қалады. Өйткені біз бұл додаға ұзақ уақыт дайындалдық.

    – 2025 жылы Манамада өткен жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында сәтті өнер көрсеттіңіз. Бұл жеңістер алдағы спорттық жолыңызға қаншалықты ықпал етті?

    – Бахрейнде өткен жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында жеңіп алған медалім мен үшін өте маңызды болды. Осы жарыстан кейін жасөспірімдер Олимпиадасына тыңғылықты дайындала бастадық. Сол кезде алдыма тағы бір мақсат қойдым. Ол — Олимпиада чемпионы атану еді. Азия ойындарындағы жеңісім маған жігер беріп, өз күшіме деген сенімімді нығайтты.

    – Манамада өткен Азия ойындары мен Дакардағы Олимпиаданы салыстырсақ, бір жылдың ішінде қай жағынан шыңдалдыңыз?

    – Осы уақытта ең алдымен психологиялық тұрғыдан шыңдалдым деп ойлаймын. Әсіресе, Еуропада өткен жарыстардың пайдасы зор болды. Өйткені ондағы бәсекенің деңгейі биік әрі жарыс жағдайы да өзгеше. Мұның бәрі маған мол тәжірибе жинауға көмектесті. Қазір жарысқа қалай дайындалу керектігін, қандай қиындықтарға тап болуым мүмкін екенін және мықты қарсыластармен қалай күресу қажеттігін білемін.

    – Жекелей және топтық жарыстарда жақсы нәтиже көрсетіп жүрсіз. Қай сайыс түрі өзіңізге жақынырақ? Неліктен?

    – Жарыстың екі түрі де ұнайды. Топтық жарысты да, жекелей уақытқа жарысуды да жақсы көремін. Бірақ жекелей жарысқа көбірек көңілім ауады. Себебі мұнда бәрі өзіңе байланысты. Қандай нәтиже көрсететінің дайындық деңгейіңе, күшіңді қаншалықты үнемдей алатыныңа және жарыс кезіндегі төзімділігіңе тікелей байланысты.

    – Мансабыңызда бірнеше халықаралық жарыста өнер көрсеттіңіз. Олимпиададан бөлек, сіз үшін ең күрделі болған жарысты атап өтсеңіз?

    – Мен үшін ең қиын сындардың бірі Канадада өткен әлем чемпионаты болды. Оған 150-ден астам спортшы қатысты. Бәсекенің деңгейі де өте биік еді. Оның үстіне, жарыс жолы техникалық жағынан қиын болды. Сондықтан қиын бөліктерден сүрінбей өту үшін шеберлік пен төзімділікті талап етті.

    – Спорттық жолыңыз маунтинбайктан басталған. Бұл дисциплинада Қазақстан чемпионы атандыңыз. Маунтинбайк сізге не үйретті? Қазір жинаған тәжірибеңіз көмектесе ме?

    – Маунтинбайк техникалық жағынан көп көмегін тигізді. Осы сайыстың арқасында велосипедті еркін меңгеріп, оның жүрісін жақсы сезінуді және жолдың қиын тұстарынан қиналмай өтуді үйрендім. Бұл дағдылар қазір де көмектеседі. Әсіресе, техникалық жағынан күрделі жолдарда жарысқанда пайдасы зор.

    – Алғашқы маңызды жаттығуыңыз есіңізде ме? Болашағыңызды дәл осы спорт түрімен байланыстырғыңыз келетінін қашан түсіндіңіз?

    – Велосипедке арналған арнайы аяқ киіммен жүруді алғаш рет үйренген кезім есімде. Сол кезде бірінші рет оқу-жаттығу жиынына қатыстым. Әрбір жаңа қимылды дұрыс меңгерген сайын ерекше қуанатынмын. Кейін алғашқы жүлделеріме қол жеткізген кезде велоспортқа деген қызығушылығым арта түсті. Жаттығуға барып, алдыма мақсат қойып, сол белеске жету жолында еңбектенген ұнай бастады. Уақыт өте келе болашағымды осы спортпен байланыстырғым келетінін түсіндім.

    – Велошабандоз ретінде басты артықшылығыңыз қандай? Ал жаттығуда қай тұсыңызды әлі де жетілдіру қажет деп санайсыз?

    – Менің басты артықшылығымның бірі – жарыстың ең қиын сәттерінде де төзімділік танытып, жақсы қарқынды сақтай білуім. Басқаларға жылдамдықты ұстап тұру қиындаған кезде де мен қарқынымды бәсеңдетпеймін. Сонымен қатар өзім шабуылға шыға аламын әрі қарсыластардың шабуылына жауап беріп, жарыс бойы  жылдамдықты сақтауға тырысамын.

    Алдағы уақытта халықаралық жарыстарға көбірек қатысып, тәжірибе жинағым келеді. Шетелдегі оқу-жаттығу жиындарына да жиі барсам деймін. Әсіресе, өзіңнен мықты спортшылармен бірге жаттығып, бақ сынаудың пайдасы зор деп ойлаймын. Мұндай ортада үнемі ізденіп, шеберлігіңді шыңдай түсесің.

    –Жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында, Азия чемпионаттарында және Олимпиадада топ жардыңыз. Осындай биік белестерді бағындырғаннан кейін алға қандай мақсат қоясыз?

    – Әрине, осындай ірі жарыстарда жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын. Дегенмен бұл әзірге жасөспірімдер деңгейіндегі жетістіктер екенін жақсы түсінемін. Алда бұдан да қызу бәсеке күтіп тұр. Ересектер арасындағы велоспортта қойылатын талап та, спортшылардың деңгейі де мүлде басқа.

    Жетістіктеріме тоқмейілсіп, тоқтап қалғым келмейді. Алда бағындырар белестерім әлі көп. Ең алдымен, ересектер спортына ойдағыдай бейімделіп, мықты команданың сапында өнер көрсетіп, жүлде үшін күрескім келеді. Мені алға жетелейтін де осы армандар мен мақсаттар.

    – Алда сізді қиын бәсеке күтіп тұр. Ересек спортшылармен тең дәрежеде бәсекелесу үшін дайындыққа қандай өзгерістер қажет деп ойлайсыз?

    – Келер жыл мен үшін жаңа кезең басталады. Сондықтан дайындыққа бұрынғыдан да көп көңіл бөліп, шеберлігімді шыңдауым керек. Ең алдымен, Еуропада өтетін жарыстарға жиі қатысып, сол жақтағы оқу-жаттығу жиындарында шыныққым келеді. Өйткені мықты спортшылармен бірге жаттығып, жоғары деңгейдегі бәсекеге бейімделу қажет.

    Сонымен қатар жыл бойы жаттығып, түрлі жарыстарда өнер көрсетуге мүмкіндік беретін шетелдік клубқа қосылғым келеді. Бұл ретте Федерациямыздың қолдауы маңызды. Жаттықтырушыларым мен Федерация басшылығы осы ойымды жүзеге асыруға көмектеседі деп сенемін.

    – Осы мақсатқа жету үшін қазірдің өзінде қандай қадамдар жасап жатырсыз?

    – Бұл – алдағы уақыттағы басты мақсаттарымның бірі. Сондықтан келесі жылдан бастап өнер көрсете алатын кәсіби халықаралық команда іздестіріп жүрмін. Мұны өз бетімше жүзеге асыру оңай емес екенін түсінемін. Сол себепті Федерация мен бапкерлердің көмегіне сенім артамын. Бұл менің спорттық мансабымдағы маңызды қадам әрі жаңа деңгейде өзімді сынап көруге берілетін мүмкіндік. Қазір осы бағытта келіссөздер жүргізіп, бірнеше мүмкіндікті қарастырып жатырмыз. Яғни жұмыс жүріп жатыр.

    – Бірнеше жылдан кейінгі спорттық мансабыңызды қалай елестетесіз? Басты арманыңыз қандай?

    – Алдағы бірнеше жылда мықты команданың сапына қосылып, әлемдік деңгейдегі жарыстарда бақ сынап, көпкүндік ірі жарыстарға қатысқым келеді.

    Ал спорттағы ең үлкен арманым – ересектер арасындағы Олимпиада ойындарына қатысып, алтын медаль иелену. Бұл мақсатқа жету үшін әлі талай тер төгу керектігін жақсы түсінемін. Сол жолда бар күшімді салуға дайынмын.

    -Әңгімеңізге рахмет!

     

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *