9 маусым күні Қазақстан Республикасы Президенттігіне өтетін сайлауды ұлтымыздың тағдырын шешетін, еліміздегі тұрақтылықты сақтап, мемлекетіміздің бағыт-бағдарын, даму жолын одан әрі жалғастыру үшін жасалған үлкен саяси оқиға деп білемін.
Еліміз Кеңес Одағынан бөлініп шығып, өзінің ірге тасын қалап, егемендігін алған соң, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев күллі әлемге тарыдай шашылған қандастарымыздың Отанға оралуына Үндеу тастады. Сол кезден бастап шартарапқа шашылып кеткен ағайын өзенге құйылған тарау-тарау бұлақтай өздерінің тарихи Отанына ағыла бастады. Бүгінгі таңда 1 миллионнан аса қандасымыз елге оралып, еліміздің оқу-ағарту, әлеуметтік-экономикалық, ауылшаруашылық, мәдени-рухани дамуына өз үлесін қосуда.
Мен өзімді бақытты сезінемін. Өйткені, 1995 жылы ҚХР Құлжа қаласынан Іле-Қазақ автономиялы облысы әкімінің көмекшісі міндетін атқарып жүрсем де, тарихи Отаныма ойланбай, екіленбей бірден оралдым. Сол күннен бастап Қазақстанның әрбір қадамымен тең тағдырлас болдым. Көз алдымда жас мемлекет көркейіп, гүлденді, экономика жан-жақты дамыды. Әрине, бас кезінде тіл, салт-санада белгілі дәрежеде қиыншылықтар болды. Бірақ, «Көппен көрген ұлы той» демекші, қандай қиындық болса да, бәрін жеңе білдік, бәрі өте шықты, бәрі де ұмыт болды. Осы уақытта Қазақстан жер-жүзіне өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық ел ретінде танытты. Ал біздің балаларымыз бірден сіңісіп кетті. Қазір олар дүниенің қай бұрышына барса да, кеуделерін көтеріп, мақтаныш сезіммен жүреді. Өйткені төлқұжаттарында «Қазақстан азаматы» деген ата-бабаларымыздан қалған киелі жердің аты жазылған.
Мемлекеттің тағдырын, ұлтымыздың болашағын ойлайтын, әрбір Қазақстан азаматы үшін осындай үлкен саяси додада майдан айқын болып, көзқарасы қырағылықпен өз Президентін таңдау абзал.
Ағылшын және қытай тілдерін еркін меңгерген, басшылық лауазымдарда қызмет етіп, мол тәжірибе жинаған, ұлттың қамын ойлайтын, елін, жерін сүйетін Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кандидатурасын қолдап, Президентке ұсыну біздің барлық шетелден келген қандас бауырлардың ортақ талғамы болсын деп Үндеу жариялаймын.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев белгілі дипломат, сарабдал саясатшы. Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын, РФ Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын бітірген. Бейжің лингвистикалық институтында бір жылдық тағлымдамадан өткен. Халықаралық дәрежедегі дипломаттар А.А. Громыкомен, Э.А. Шеварднадземен қызметтес болды. КСРО Сыртқы істер министрлігінің орталық аппаратында, КСРО-ның Сингапур мен Қытайдағы елшіліктерінде қызмет етті.
Тәуелсіздік алған соң Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі, ҚР Премьер-Министрі, ҚР Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің бас директоры, БҰҰ-ның қарусыздану жөніндегі Женевадағы бас хатшысы қызметін атқарды. Ол БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің бас директоры қызметіне тағайындалған Азиядан шыққан алғашқы өкіл болды. 2013 жылы 16 қазанда ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы болып сайланды.
Құрметті Отандастар!
Күллі әлемде геосаясат шиеленісіп, ұлттар мен діндер арасындағы қақтығыстар толастамай отырған ірі мемлекеттердің күш-көрсетіп, аздар мен әлсіздерді жайпап өтуге дайын тұрған бүгінгі таңда елімізде кемелді де іскер, дипломаттық ғылымды толық игерген Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ағамызға бір кісідей дауыс беруге шақырамын.
Серік КЕНЕНБАЙ,
Дүниежүзілік қазақ күресі
федерациясының вице-президенті,
қазақ күресінен Азия
федерациясының президенті,
Қазақстан-Қытай Экономикалық
даму орталығының президенті