«Өлі риза болмай, тірі байымайды» – деген бабаларымыз. Артынан ізгілікті із қалдырып кеткен жандарға құран бағыштап, игілікті шаралармен еске алып отырудың үлкен мәні бар. Ең бастысы жастарға өткенді үлге етіп, тәрбие дәнін еге білу. Бүгін біздің еске алып отырған ардақты азаматымыз – 45 жыл бойы ауыл мектебінде бала оқытып, ұрпақ тәрбиелеуде өлшеусіз үлес қосқан аяулы ұстаз, Казақ КСР Оқу-ағарту ісінің үздік қайраткері,Ұлы Отан соғысының ардагері, Қордай ауданының құрметті азаматы, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің 1948-1951 жылдардағы түлегі Ордабай Сәдібеков.
Ұлағатты ұстаз биыл тірі болса 100 жасқа толмақ екен. Осыған орай, Ордабай ақсақалдың туған ұлы, белгілі спорт журналисі, Ақын Ордабайұлы шағын футболдан БАҚ өкілдері арасындағы республикалық ашық турнирді ұйымдастырыпты. Ол жайлы әңгіме барысында айта жатармыз. Ал қазір алдымен Ордабай Сәдібеков туралы аз-кем мағұлымат бере кетсек.
«Ұстаздық еткен жалықбас, үйретуден балаға», деп данышпан Абай айтқандай, ұстаз – аяулы жан, құрметті адам. Солардың бірі – Ордабай Сәдібеков. Қазақтың оқу ордаларының ішіндегі ең алғашқы киелі қара шаңырағы болып саналатын Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін тәмамдап бар ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған жандар жетеді. Ордабай Сәдібеков сондай адамдардың бірі еді. Ордабай атамыз Ұлы Отан соғысынан туған елге жеңіспен оралғаннан кейін, 1948-1951 жылдары Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне түсіп, білім алады. Содан кейін туған ауылы Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Ирсу, Ворошилов елді-мекендеріне барып, ауыл балаларын оқытып, сауатын ашады. Сөйтіп, ұстаздық жолға түседі. Содан табаны күректей 45 жыл мұғалім болып, ел қадірлеген ұлағатты ұстазға айналады. Ордабай ағайдан оқып, білім алған шәкірттер бүгінгі таңда еліміздің әр өңірінде түрлі қызметте, әр салада еңбек етіп жүр. Мәселен, бүгінде арамызда жоқ қоғам қайраткерлері Билібай Қашағанов, Шабан Бәзілов, сатирик Бектұрсын Мәдиев, ақын Рза Қунақова мен басқа да елге танымал адамдар сол кісінің бел шәкірттері. Тәжірибелі ұстаз жас буындарға білім беруде педагогиканың соңғы жаңалықтарын шебер пайдаланып, өз тәжірбиесін де ортаға салып ерінбей еңбек еткені елеусіз қалмаған. Қордай ауданы бойынша ең үздік мұғалім атанып, КСР Оқу ағарту ісінің үздік қайраткері деген атаққа ие болады. Сонымен қатар, Қордай ауданының құрметті азаматы атағымен де марапатталған.Ұлы Отан соғысында туған елді фашистерден азат етуде батырлығы үшін алған ордень-медальдардың орны бір төбе. Сонау 1932 жылдары ел басына төнген нәубет ашаршылықты көзбен көріп, Ұлы Отан соғысында майдан шебінде қантөгісті басынан кешірген ардақты ұстаз, 1939 жылдан әскерге алынып, 1946 жылы Жапон, Фин соғысына да қатысып, туған елге аман-есен оралады. Жыр алыбы Жамбылдың батасын алып, ақиық ақын-композитор, Алатаудың бұлбұлы атанған Кенен Әзірбаевпен бір ауылда бір ауаны жұтып, етене жақын туыс болған інісі Ордабай Сәдібеков міне, осындай адам болған. Ол кісі жеті баланы үлгілі етіп өсіріп қатарға қосыпты. Бәрі де қазақ қоғамының зиялы азаматтары. Ал, зайыбы Рәпия Халықова бүгінде сексеннің сеңгіріне келіп отыр. Ел анасы атанған апамыз қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш киномеханик – КСРО киномотографиясының үздігі. Жемісті еңбектің иесі. Бақытты апаның омырауында «Құрмет белгісі», «Октябрь революциясы» — ордендері жарқырайды.
Ордабай ақсақал жасы тоқсанға таяған шағына дейін өмірлік ұстанымы салауатты өмір сүру болған екен. Ендеше, ардақты ұстаздың атында ұйымдастырылған шараның өскелең ұрпақ үшін мәні айырықша деп білеміз. Республикалық басылымдарда қызмет ететін қаламгерлердің басын қосқан аламан жарыс Алматы қаласының М.Горький атындағы Орталық мәдениет және демалыс саябағында орналасқан «Спартак» стадионында болды.
Жарысқа түсіп бағын сынауға келген 10 команда екі топқа бөлініп таңазаннан алғашқы ойындарын бастап кетті. Турнирдің ашылу салтанатына Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеттің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Тахир Оспанұлы Балықбаев, Қазақ спорт журналистикасының ардагер майталмандары, белгілі комментаторлар Рабат Жәнібек, Диас Омаров, кикбоксингтен Еуропа чемпионы Елмұрат Қайыпжанов, Алматы облысы Талғар ауданы спорт мектебінің директоры Дәурен Үшкемпіров сынды қадірлі қонақтар келіп қатысты.
Рәсімде Ақын Ордабайұлы «Спорт жұлдыздары» республикалық журналының бас редакторы Мұсағали Тасқалиевтің құрметпен беріп жіберген «Патриоттық белсенділігі» үшін деген медалі мен Ордабай Сәдібековтің 100 жылдық мерейтойына арнайы жасап шығарылған төсбелгіні айтулы жарыстың өтуіне зор үлесін қосқан, салауатты өмір салтының жаршысы Қазақ ҰПУ ректоры Тахир Балықбаев мырзаға салтанатпен табыс етті. Елге белгілі құрметті қонақтар жарысқа ақ тілектерін айтып, қатысушыларға ақжол тілегеннен кейін, еліміздің әнұраны ойналып, жарыс шымылдығы ашылды. Сонан кейін, командалар жасыл алаңда ойындарын бастап кетті.
Иә, тарихы тереңнен тамыр алған «Спартак» стадионы көп жылдан бері тозығы жетіп, аянышты жағдай келген еді. Ол негізі Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық урниверситетінің иелігінде болатын. Сондықтан осы қазақтың алғашқы киелі білім шаңырағының ректоры Тахир Оспанұлы Балықбаев мырза бірден осы спорт кешенінің құрылысын жаңа заман ағымына сай жасап жаңғырту жолында белсене іске кірісіп, көне стадионды қарасаң көз тоймас кейіпке келтіруге барынша еңбек сіңірген екен. Осылайша, су жаңа стадионда ойын көрсету мәртебесіне ие болған қаламгер қауымы тартысты да тамаша өнер көрсету үшін бар шеберліктерін ортаға салды. Журналистер үшін шағын футболдан ұйымдастырылатын жарыстардың мәні ерекше. Өйткені, ақпарат айдынында жүрген қаламгерлер бірі-бірімен араласып, шер тарқасатын орындар әрине, осындай дүбірлі жарыстар екені рас. Міне, осындай аламан жарыстарды аңсап қалған қаламгерлер үшін айтулы доп додасының орны айырықша еді.
Хош, сонымен күн көтеріле басталған турнир кеш бата бірақ мәресіне жетті. Финалда жарыс иесінің туған ауылы Қордай ауданы Кененнен келген «Кенен-1» командасының ойыншылары мен «Қаламгер» журналистер құрамасы кездесті. Екі ұжым да финалға дейінгі кездесулерінің барлығын жеңіспен аяқтап, тартысты ойындарымен көрермендердің көзайымына айналған жұптар болатын. Сондықтан да финалдың өте шиеліністі өтетініне күмән болмады. Солай болып шықты да. Жанарбек Әшімжан, Жандос Айтбайұлы, Оңғар Қабденов сынды танымал журналистерден тұратын тісқаққан ойыншылар жеңіс үшін барын салды. Дегенмен де ауданаралық сайыстарда қарсыластарын сан соқтырып, жеңіспен желпініп жүрген Айдар Әуезтайұлы сынды ауыл спортының саңлақтары жұп құрған «Кенен-1» командасы 2:1 есебімен жеңіске жетіп, айтулы турнирдің бас кубогын жеңіп алды. Ойын соңында осындай керемет доданы ұйымдастыруға қолдан келгенше көмектерін жасаған, турнирге бас демеушілік еткен Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагоикалық университетінің ұжымына қатысушылардың да айтар алғыстары көп болды. Расымен де су жаңа стадиондағы жаңа заманауи технологиялық төселген төсеніштер үстінде доп тепкен журналистердің алған әсерелерін айтып жеткізу мүмкін емес еді.
Сонымен тартысқа толы өткен бұл турнир де мәресіне жетіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бас жүлдені Қордайдан Айдар Әуезтайұлы бастап келген «Кенен-1» командасы иеленсе, жүлделі екінші орынды Жанарбек Әшімжан бастаған «Қаламгер» командасы жеңіп алды. Ал қола жүлде алаң иелері «Абай атындағы «Қаз ҰПУ» командасына бұйырды. Келесі кезекте ойын барысында көрермендердің қошеметіне бөленген талантты ойыншыларды марапаттайтын сәт те келіп жетті. Турнирде «Ең үздік ойыншы» атағына «Қаламгер» командасының ойыншысы Диас Қапжаппаров ие болса, «Ең үздік шабуылшы» болып Нұрлан Ақынбеков танылды. Ал «Ең үздік қақпашы» номинациясы бойынша «Кенен-1» командасының ардагер қақпашысы Мұрат Кененов лайықты деп танылды. Сонымен қатар ойын алаңында белсендік танытқан ойыншыларға да назардан тыс қалмай мақтау грамоталары табыс етілді. Негізі турнирді ұйымдастырушы Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, С.Бердіқұлов сыйлығының лауреаты, турнир иесінің баласы Ақын Ордабайұылының мақсаты — осындай жарыс арқылы журналистер арасында салауатты өмір салтын дәріптеп, спортқа, соның ішінде футболға деген сүйспеншілікті арттыру болса, ол мақсат орындалды деп айтуға толық негіз бар. Жарыстан үлкен әсер алған қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын шексіз жеткізіп жатты.
Турнирдің жабылу салтанатынан кейін аспанда бұлт торлап, ақ жауын себелеп жауа бастады. Көңілді күймен тарап бара жатқан халық, табиғаттың бұл көрінісін нұр жауды деп жақсылыққа бағалады.
Қуаныш БАЖАҚ,
АЛМАТЫ