• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Торғай тарландары төс түйістіреді

    Қасиетті Торғай топырағы ешқашан талантты жастарға кенде болған емес.  Торғай сияқты қазақтың киелі жерінен халқымыздың көптеген беткеұстар ардақтылары шыққан. Олардың аттары қарт тарихтың қатпар-қатпар беттерінде алтын әріппен жазылған. Міне, осындай тектілер туған топырақтан спортта да талантты жастардың шығуы тегін емес деп ойлаймыз. Қазір олардың бәрі еліміздің намысы үшін спорттың барлық түрінен күш сынасып, көк байрағымызды желбіретіп келеді. Солардың бірі – спорт шеберлері, қазақ күресінің балуандары Ғабит БАЛҒЫНБАЕВ (127 кг) пен Асылбек ӘБДІРОВ (121кг).

    Ғабит Арқалық қаласында туған. Кейін Торғайға көшіп, сол жақта ер жеткенше тұрған. Ал Асылбек Сарыторғайда туып, сонда өскен. Бұл елді-мекен 1960 жылы жылқы совхозы болып құрылған. Қазір ол Арқалық қаласының құрамына кіреді.

    Бүгін біз осы жігіттермен кездесіп, ертең елордада өтетін қазақ күресінен Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін «Қазақстан барысы» республикалық турниріне дайындық барысын сұрадық. Бұл турнир осымен тоғызыншы рет өтеді. Оған еліміздің 14 облысынан, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан және күштік құрылымдар арасындағы турнирде іріктеуден өткен 36 үздік балуан қатысады.  Ал Ғабит БАЛҒЫНБАЕВ пен Асылбек ӘБДІРОВ Қостанай облысының атынан бозкілемге шығады.

    – «Қазақстан барысы» турниріне екеуіңіз де алғаш рет қатысып жатсыңдар ма, әлде бұған дейін бақ сынап көрдіңдер ме?

     Асылбек Әбдіров: Мен биыл бірінші рет қатысқалы тұрмын. «Қазақстан барысы» турнирі басталғанда 20 жастағы жігіт едім. «Барысқа» қатысып жатқан ағаларымды көріп, «Мен де осы турнирге өнер көрсетсем ғой» деген арман болатын. Міне, араға 8 жыл салып арманыма қол жеткіздім.

    Ғабит Балғынбаев: Биыл «Қазақстан барысы» турнирінде екінші рет өз бағымды сынайын деп тұрмын. Бұған дейін 2011 жылы өткен алғашқы додаға қатысқанмын. Өкінішке қарай, ол жылы жолым болмады. Кейінгі додаларға да қатысқым келген. Бірақ іріктеуден өте алмай жүрдім. Міне, биыл бағым жанып «Қазақстан барысына» екінші рет келіп тұрмын.

    – 2011 жылғы мен қазір ұйымдастырылып жатқан турнирдің айырмашылығы бар ма?

    Ғабит Балғынбаев: Әрине, айырмашылығы өте үлкен. Тіпті, салыстыруға да келмейді. 2011 жылы «Қазақстан барысы» біз үшін жай ғана кезекті бір жарыс ретінде сезілетін. Өйткені, ол уақытта турнирдің жарнамасы өте төмен, тіпті жоқ десе де болатын. Балуандарға турнирдің аса бір маңыздылығы сезілмейтін. Ал биыл өзім әлем чемпионатына қатысатындай сезімдемін. Іркетуден өткеннен бастап журналистер сұхбат алып, түрлі түсірілімдерге дейін қатысып жатырмыз. Көшелерде суреттеріміз ілініп, кәдімгі үлкен аламанға қатысайын деп жатқанымыз сезіледі. Елдің назары бізге ауып, барлығы қызығып жатқан соң іште аздап толқыныс бар екенін де жасырмаймын.

    – Турнирдің жарнамасынан бөлек, ережелері жыл сайын өзгеріп жатыр. Осы өзгерістерге қалай қарайсыңдар? Ереженің қатал болғаны балуандарға қиын емес пе?

    Ғабит Балғынбаев: Дұрыс айтасыз, жыл  сайын ережеге толықтырулар енгізіп жатыр. Заманмен қатар спорт, оның ішінде күрес түрлері дамыған сайын, ережелер де соған сай өзгеріп тұру керек деп есептеймін. Бұрын ата-бабаларымыз дала заңы бойынша күрескен ғой. Ол кезде заман солай еді. Ал қазір заман басқа. Соған сай ереже де болғаны дұрыс. Төрешілер де қазір жақсы жұмыс істеп жатыр.

    Асылбек Әбдіров: Естеріңізде болса, осыдан бірнеше жыл бұрын көрермендер жарыстың әділ болмауына байланысты өз наразылықтарын білдіріп, тіпті бозкілемге бөтелке лақтыруға дейін барған еді. Ал қазір ондай жоқ, төрешілер әділ түрде ережеге сай басқарып келеді. Сондай-ақ қазір балуан дұрыс әдіс жасамаса, ережеге сай күреспесе, төрешілер бәсекені бірден тоқтатып, бейне қайталауға жүгініп, әділ шешім шығарады. Сол кезде балуанның да, жаттықтырушының да, көрерменнің де көңілінде күдік қалмайды. Бұра тарту деген де атымен жоқ. Тәртіп, ереже қатал болған кезде ғана күресіміз алға қарай дамиды.

    – Биылғы турнирде өздеріңе қай балуанды қауіпті қарсылас деп санайсыңдар?

    Асылбек Әбдіров: Жарыстың алдында ешқандай балуанға баға беруге болмайды. Өйткені барлығы сайдың тасындай іріктелген мықты балуандар. Осал балуан «Қазақстан барысының» финалына қатыспайды ғой. Сондықтан барлық қатысушы – біздің ең басты қарсыластарымыз. Олар бізге қарсы дайындалды, біз оларға дегендей. Кімнің бағы жанып, айы оңынан туып тұр, сол жеңеді ғой.

    Ғабит Балғынбаев: Биылғы жарысқа жеңіл салмақтағы балуандар көптеп қатысуда. Сол балуандардан көп нәрсе күтуге болады. Көбісі кімнің салмағы ауыр сол балуан жеңеді деп ойлайды. Күресте салмаққа сенуге болмайды. Жеңіл салмақтағы спортшы өзінен салмағы ауыр балуандарды оңай жеңіп кетіп жатқанын көзіміз көрді. Теледидар арқылы өздеріңіздер де көріп, біліп жүрсіздер. Сондықтан түйе бойына сеніп жылдан құр қалғандай, ешкім салмағына сенбей, тек өзіне және күш пен айласына ғана сенуі керек.

    – Жалпы дайындықтарың қалай? Турнирге қанша уақыт дайындалдыңдар?

    Ғабит Балғынбаев: Шыны керек, биылғы жарысқа дайындығымыз аз болды. Өйткені, кестеміз өте тығыз болып, жаттығуға барынша көңіл бөле алмадық. Десе де, барымызды салып күресуге, жеңіске жетуге тырысамыз.

    Асылбек Әбдіров: Бұрындары турнирдің финалы шілде айында өтетін. Биыл бір ай артқа шегеріп тастады. Оның үстіне облыстың іріктеуі мамырдың басында ұйымдастырылды. Жалпы, жыл басындағы жоспарымыз бойынша мамырда іріктеуден өтсек, финалға дейін 1-2 ай дайындаламыз деп ойлағанбыз. Бірақ аяқ астынан өтетін мерзім өзгеріп, жоспарымыз орындалмай қалды.

    – «Қазақстан барысы» турниріне кімдер дайындады?

    Асылбек Әбдіров: Бұл жарысқа Ғабит екеуімізді де Азамат Ерәділов деген жаттықтырушы дайындады. Сол кісінің қол астында жаттығып, тәлім-тәрбиесін, ақыл-кеңесін алдық.

    Әңгімелескен

    Әли БИТӨРЕ,

    «Egemen Qazaqstan»

    (Қызыл күртешеде Асылбек Әбдіров, көк күртешеде Ғабит Балғынбаев )

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *