• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Алматыдағы Әуезов стадионында студенттердің сайысы аяқталды

    Алматыдағы М.Горький атындағы Орталық мәдениет және демалыс саябағындағы «Спартак» стадионында шағын футболдан жоғары оқу орындары арасында Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде 26 жыл ректор болған, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ғылым мен техника саласына еңбегі сіңген қайраткер, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Тоқмұхамет Сәлменұлы Садықовты еске алуаға арналған жарыс өтті. Сонымен бірге тағы бір жар салап жария етер жаңалық, «Спартак» стадионы  Мұхтар Әуезовтің атымен аталатын болды.

    Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің ұйытқы болуымен  көп жылдар бойы өткізіліп келе жатқан айтулы доп додасы студенттердің футболға деген құлшынысын дамыту жолындағы дәстүрлі жарыстың біріне айналған. «Дені саудың жаны сау», демекші жоғары оқу орындарында дені сау ұрпақ тәрибелеу егеменді еліміз үшін маңызы зор деп білеміз. Сондықтан да  Садықтовты еске алуға арналған турнирді ұйымдастырушылардың  негізі мақсаты – жастарды  спорт арқылы  баулап, салауатты өмір салтын қалыптастыру.

    Биылғы жарысқа қатысуға  Алматы қаласы бойынша онға жуық жоғары оқу орындарының командалары сайланып келген екен. Ойын алаңына  шыққан жалынды жастар жеңіс үшін бар шеберліктерін салды. Көп жылдық тарихы бар стадионда кезінде қаншама дүбірлі жарыстар өтті десеңші. Дегенмен де «елу жылда ел жаңа», демекші, жаңа заман ағымына сай жаңару, өрлеу, өркендеу ол уақыттың басты талабы. Бұл стадион Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеттің қарамағында болғандықтан, айтулы оқу орнының студенттері осы спорт алаңында дене шынықтуру және спорт сабақтарын өткізеді. Жылдар бойы уақыты жетіп тозығы келген бұл стадион, биыл білім ордасы ұжымының белсенді жұмысының нәтижесінде күрделі жөндеуден өтіп, тамаша көрініске ие болған екен. Осындай жаңа күйге енген жаңарған жаңа алаңға жаңа ат беруді де дұрыс деп білген Абай атындағы ҚҰП университетінің басшылық ұжымы қазақтың аты әйгілі жазушысы Мұхтар Әуезовтың есімін беруді жөн санаған екен. Иә, ақиық жазушының есімін беру де жайдан-жай емес. Өйткені, аты қазақ қана емес әлем әдебиетіне белгілі жазушы Мұхтар Әуезов жас кезінде яғни, 1914 жылдары Семейде тұңғыш рет құрылған «Ярыш» футбол командасының құрамында ойнағанын біреу білсе біреу білмес. Сонымен қатар ҚҰП университеті ұлы Абайдың есімімен аталатын болса, ақынды әлемге танытқан Мұхтар Әуезов екенін жақсы білеміз. Сондықтан да бұл стадионға жаңадан берілген Мұхтар Әуезовтің есімін үлкен қуанышпен мақтана айтуға лайықты екенін сүйіншілеп айтамыз. Мұндайда «Қуан қазақ, қуана бер», десек жараспай ма.

    Сонымен, айтулы жарыстың финалдық ойындарында топжарып шыққан командалар да белгілі болып, жаңа есімге ие болған су жаңа стадионда құрметпен марпатталды. Бірінші орынды Тұран университеті жеңіп алды. Екінші күміс жүлде алаң иелері Абай атындағы Қаз ҰПУ табыс етілсе, жарыстың қола жүлдесіне Сүлеймен Демирел атындағы университеттің командасы ие болды.

    Ал турнирдің ең үздік қақпашысы атағына ие болған Абай атындағы Қаз ҰПУ ойыншысы Ерлан Қойшыбай құрметті марапатты атақты қақпашы Құралбек Ордабаевтың қолынан алды. Жарыс соңында жүлдегерлер қомақты қаржылай және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бұл жарыс дәстүрлі сипат алған соң, келер жылы дәл осы су жаңа футбол алаңында жалғасын табатын болады.

     

    Амантай ҚАРАҚОВ,

    Мира ИРАЛИНА,

    Сәлима ӘЖІБАЕВА

     

    АЛМАТЫ

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *