Ақтауда «Каспий» клубын бопсалаған Маңғыстау облысы мәслихатының депутаты Ахмет Салманов сотталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомствоның хабарлауынша, 25 қарашада Ақтау қалалық сотының үкімімен Маңғыстау облысы мәслихатының депутаты Ахмет Салманов алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылған.
Оған заңсыз жолмен алынған қаражат сомасынан он есе көп айыппұл салынды.
Сондай-ақ ол өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайтын болды.
Ахмет Салманов 2021 жылдың мамыр айынан бастап 2022 жылдың шілдесіне дейін алаяқтық жолмен «Каспий» футбол клубына жалпы қамқорлық көрсетемін және футбол клубын қаржыландыпуға облыстық бюджеттен қаражат бөлуге жәрдемдесемін деген желеумен клуб директорынан 766 000 теңге ақша алған», — делінген хабарламада.
Осылайша, сотталған адам 7 млн 660 мың теңге төлеуі тиіс. Үкім заңды күшіне енді.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА