Бүгін Сербияның астанасы – Белград қаласында күрес түрлерінен әлем чемпионаты басталды, деп хабарлады ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Париж Олимпиадасының 90 жолдамасы сарапқа салынатын доданы еркін күрес шеберлері бастады. Алғашқы жарыс күні бозкілемге ұлттық құрама сапынан Өсімжан Дастанбек (61 кг), Санжар Досжанов (70 кг), Азамат Дәулетбеков пен аса ауыр салмақтағы Юсуп Батырмурзаев шықты.
Былтырғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Азамат Дәулетбековтің жолын жартылай финалда тағы Токио Олимпиадасының чемпионы, екі дүркін әлем чемпионы Давид Тейлор кесті. Қазақстандық палуан бүгін алғашқы айқаста литвалық Домантас Павлюченконы, 1/8 айналымда ресейлік Арслан Багаевты, сосын ширек финалда франциялық Рахим Магамадовты таза ұтты. Енді Азамат ертең жұбаныш белдесуінде жеңіске жеткен атлетпен қола медальді сарапқа салады.
Ұлттық құраманың басқа палуандары алғашқы айналымнан әрі аса алмады. Дегенмен бұл қатардағы Өсімжан Дастанбектің әлі жүлде және Олимпиада жолдамасы үшін таласатын мүмкіндігі бар. Ол үшін отандасымыз Стилиан Янчикті (Болгария), жапониялық Кодаи Огаваны, сосын қола жүлде үшін айқаста қырғыз Тайырбек Жумашбек уулын жеңуі керек.
Сондай-ақ ертең еркін күрес шеберлерінен Мейрамбек Қартбай (57 кг), Нұрқожа Қайпанов (74 кг), Болат Сақаев (79 кг) пен Ризабек Айтмұхан (92 кг) сынға түседі.
Жалпы Сербия астанасындағы палуандар додасы 24 қыркүйекте мәресіне жетеді. Осы аралықта 77 мемлекеттен жиналған 1000-ға тарта спортшы өзара мықтыны анықтайды.
Еске сала кетейік, былтыр 10-18 қыркүйек аралығында күрестен дүниежүзі чемпионаты Белградтағы дәл осы Štark Arena спорт кешенінде өтті. Ол кезде Қазақстан құрамасы сапынан Жәмила Бақбергенова күміс жүлде, Азамат Дәулетбеков қола медаль, Айдос Сұлтанғали қола жүлдені иеленді.
Шамкен БАЙЫРБЕК,
АСТАНА
ФОТО: Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясы