• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    «Өзен жағалағанның…» …жеңісі қалтасында!

    Қытайдың Ханчжоу қаласында басталған XIX жазғы Азия ойындары ауыздығын сүзе тартқан сәйгүліктей заулап бір берді дейсің! Көзді ашып-жұмғанша көптеген жарыс мәреге жетіп,жеңімпаздар мен жүлдегерлер мәз-мәйрам болып,аспанға секіріп жатыр.

    Ойындардың командалық есептегі жеңімпазын ойлап бас қатырып керегі жоқ: ол — Қытай ұлттық құрама командасы!!! Алғашқы күнгі жарыстан соң-ақ 20-дан аса алтын жүлде алып қойған қытайлықтар,бүгін,дүйсенбінің күні жартыламай-ақ ол алтындарын отыздан асырды! Олардың қарасын алыстан болса да көріп отырған Жапония мен Оңтүстік Корея құрама командалары да осы орындарға сайланған командалар. Бұл тізімде дәл осы сәт кім таңқалдырып тұр десеңіздер — ӨЗБЕКСТАН спортшылары деймін мен. Олар қазірге дейін 3 бірдей алтын медаль жеңіп алып,әзірше төртінші командалық есепте орынға қонжия жайласып алыпты. Бұл таңданатын да, шіркін-ай деп таңдай қағатын да оқиға. Командасы алтын ала алған алғашқы жетілікте тағы үш қытай тектес командалар тұр қасқайып: олар — Гонконг, Тайпей мен Макао.

    … Мен жарыстың нәтижелерін айтып қара тер болудан аулақпын. Бір сәтте 30-40 жерде болып жатқан жарыстардан жаңалық іздеп жүгіру жынды адамның ісі. Бәрібір жаңалықты болған сәтінде хабарлай салатын интернеттен жылдам емеспін! Мен бір аренаға барып-келемін дегенше, жүз жаңалық болып үлгереді. Бұл Ойындар баяғыда біз спорт журналистикасына алғаш келгендегідей өгіз аяң журналистика емес: ол кезде біз, өз басымды айтайын, жарыстан елге хабар беру үшін редакциядағы телефонға заказ беріп, жарты-бір сағат күтіп отырып сөйлесетінбіз. Сонда телефонмен байланысу қандай қиын: иманды болғыр Бүбіхан апайымыз телефон трубкасын құлағына орамалымен байлап алып, менің телефонмен айтқан репортажымды мәшинкеге басып, «Лениншіл жас» газетіне шығарып отыратын. Кей күні газеттің бас редакторы, менің ұлы ұстазым, бүгінде 90 жасқа толып, ел болып атап өтетін датаны Алматы облысы ғана орташалап тойлап жатқан қазақ журналистикасының қайталанбас тұлғасы, Сейдахмет аға Бердіқұловтың өзі телефонға келіп, менің хал-жағдайымды білгеннен кейін, дауысы дірілдеп: «Несіп, сен қазақ журналистикасында соны із қалдырып жатқан қаламгерсің! Аман бол, елге аман орал!» деп, мені қырғын соғыста жүрген жауынгердей алыстан арқамнан сипап қоятын. Ой, асқартаудай ағатай-ай!!. …Е, Азия ойындарынан нәтиже қуып, оны хабарлаудан қашамын дедім ғой. Бірақ мұндай кешенді жарысқа жолым түсті ме, айналамды тырмалап, ертеңгі қазақ спортын дамытуға қажет ой-толғамдар жасамасам менің тәжірибелі журналистігім қайсы, көзкөргендігіме сын емес пе?! Біздің 20-ға таяу журналистеріміз жарыс өтетін жерлерге тарыдай шашылып шапқылайды таң ата. Негізіне бәрі де күрес, бокс, дзюдо, волейбол, футбол, тағы сол сияқты Қазақстан тәуір еді деген ареналарға шабатыны заңды. Айыбы жоқ. Жастау кезімізде біз де сөйтетінбіз.

    Мен бұл жолы ЕСКЕК ЕСУ спортын таңдадым. Бұл білген адамға медаль қоры мол спорт түрі. Мұнда ерлер мен әйедер арасындағы жекелей де, жұптасып есу де, төртік пен сегіздік те, сарқырамадан құлдилау да,қайшылап есу де бар. Біздің елімізден келген ескек есушілердің ұзын саны 36 адам. Аз емес! Әйтсе де санға емес сапаға қарайтын спорт жарыстарының заңы басқа. Бүгін таң атқаннан өтіп жатқан түрлі ескек есу жарыстарында әзірше біз құралақанбыз… Есесіне,әйелдер арасындағы 1000 метрге жекелей сында өзбекстандық спортшы Анна Прокатина алтын жүлде алды! Қытай мен Жапония ескекшілері Аннаның артына тізілді. Ерлер арасындағы 1500 метрге болған сынға біздің Вячеслав Яковлев қатысқан. Ол алты адамның арасында бесінші келді. Болды. Ә,әйелдер арасында 1500 метрге жарысқан төрттіктің арасында Қазақстан спортшылары бес команда ішінде …бесінші келді. Бұл нәтижелер ойландырмай қоймайды. Әрине, бар алтын жүлдені алып жатқан қытайлар! Олардың балалары анасынан Бразилиядағы доп ұстап туатын ұлдардай, қолына ескек ұстап туады деуге келмейді. Сонда бұл не! Сонда бұл қалай? Сонда бұл не құдірет? Себебін сұрастырып жүріп, біліп алдық: Қытайда біздегі секілді «Ұлттық спортымыз күрес, бокс, ауыр атлетика, тағы басқалар» деп сыңаржақтамай, медальды үйіп-төгіп беретін спорттың бәріне қамқорлық көрсетіп, өзгелермен тең дамытады екен! Біз қымс етсе «Су жоқ,  доп жоқ,шаңғы жоқ, мұз жоқ…» деп жоқтардың тізімін жерден айға жеткізіп қоямыз ғой. Оларда ондай «жоқтықты» айту атымен жоқ! Қытайды былай қояйық, қазақ «Аяғың жетпейтін жерге басыңды салма» дейді өзгелермен-ақ салыстырайық өзімізді.

    Көршілес Өзбекстан ескек есуден бір алтын алып үлгерді! Олардың 1000 метрге жарысқан қосақтап есуші қыздары Қытайдан кейін екінші келді! Сонда… Өзбекстанда су бар да Қазақстан тақыр жерде отыр ма?! Тартылса да Арал бар, шалқып жатқан Каспий бар, елдің тура ортасында мен туған Балқаш көлі бар, байлап ұстап, жайылым еткен Іленің саласы Қапшағай бар, одан өзге де өзен-көлдер, Құдайға шүкір, толып жатыр… Жоқ болса сол спорт түрін жақсылап қолға алып, тиісті дәрежеде өркендету жоқ болар! Ескек есу де тегін спорт емес. Бірақ ғұмыр бойы балықшы болған ата-ананың баласы ретінде мен білетін шындық: төзімділік, төзімділік және төзімділік!!! Қайық есуге одан өзге түк те керек емес!!! Сен толқынды теңізбен алысып жатқан жоқсың, ағысқа қарсы жүзіп, алқынып жатқан жоқсың… Балықшының баласы ретінде де, кейіннен өмір сүру үшін бірер жыл балықшы болған бала ретінде де бір білетінім: балықтан басқа күнкөріс көзі жоқ алыстағы балықшы ауылдардың балалары велосипедке мінуден бұрын ескек есіп үйренеді. Әттең, бүгінде еріншектік деген сұмырай шет жатқан елді мекенге дейін моторлы қайық жеткізіп берді ғой. Шіркін, біздің бала кезімізде «Көпбірлік» ауылына ескекшілер іздеп ғылыми-бапкерлер тобы келді ме, мына желқайық түгілі томардай ауыр қайықтарды үй құлататын дауылдарға қарсы есіп қозғалта беретін небір чемпион-баларды көзінен тізіп алып кетер еді-ау… Әлі де кеш емес: қайық есу атадан балаға мұра боп қалғанда олардың балалары ескекші боп тумай космонавт боп туып жатыр деймісіз?! Мен бапкерлерге мықты ескекшілерді қайдан іздеу керектігін айтып беріп қана жатырмын.

    …Ойындардағы ескек есу спортының барысын талдап отырып мен мынаған таң қалдым: ескекшілердің арасынан өзбектерден басқа Иран елінің, Вьетнам мен Ирактың, Пәкістанның,Таиландтың,  Шри-Ланка,Филлиппин, әсіресе, Үндістанның спортшылары таң қалдырды! Әрине, әлемде құрғақ жерден су басқан жерлер үш есе көп. Шөлдеміз деген жерлердің өзінде өзен-көлдер баршылық. Бірақ ЕСКЕК ЕСУ секілді медальдарды мол үлестіретін спорт түрімен мемлекеттік дәрежеде айналысу басқа мәселе. Сонау Бейжің Олимпиадасы кезінде осы елдегі даңқты бапкерлердің бірі боп үлгерген тұқымы қазақ Абдолла Қобдаұлы біздің жеңіп алған медальдарды азсынып, күйіп тұрғанда: «Сендер қызықсыңдар, бауырлар, мен осы Олимпиаданың басынан аяғына дейін байқап жүрмін, сендер сол баяғы бокс күрес, штанга деп қызылтанау боласыңдар да жүресіңдер. Ол спорт түрлерінің медальдарының бәрін қоссаңдар да бір ғана су спорты түрлеріне жетпейді: Оның үстіне ол спорттағы бар медальдарды сендерге бермейді ғой! Міне, су спортымен жақсылап тұрып шұғылданып, Қазақстанда кең көлемде дамыту керек. Байқайсыз ба, су спортында суға бір рет шолп ете қалдың — бір медаль, екі рет шолп ете қалдың — екі медаль! Жүзсең — медаль, секірсең — медаль, сүңгісең — медаль, суда билесең — медаль! Судың іші толған медаль!!!» деп еді. Мұны сол кезде қазақша да, орысша да айттық та, жаздық та… Өкінішке қарай, судан медальдарды сүзіп алатын спортшыларымыз сол күйі — аздан жоққа дейін ғана…

    …ЕСКЕК ЕСУ спорты жайлы айттық қой,сол спорт жайлы қояйық нүктені де: елімізде спорт өндірісін дұрыс жолға қоятын уақыт жетті. «Есектің еңбегі адал да еті арам!» дегендей, жеңісімізге халқымыз бен президентіміз қатар қуанатын спорт өнерін қағажу қалдырмай, бүгінгі өркениетті заман талап еткендей жаңаша өркендетуді шұғыл қолға алу қажет! Ол жайлы кеңінен әңгімелеудің кезегі де келер. Ескек есу де сол ұлы шауаның бір саласы боп атқарылса құба құп.

     

    Несіп ЖҮНІСБАЕВ,

    спорт журналисі, жазушы, спорт қайраткері

    ХАНЧЖОУ

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *