• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Азия чемпионаты: Астанада ұлттық ойындарымыз ұлықталды

    Екі күн бойы Астанадағы «Қазанат» атшабарын дүбірге бөлеген Теңге ілуден ІІ Азия чемпионаты, Аударыспақтан ІІІ Азия чемпионаты аяқталды. Теңге ілуден де, Аударыспақтан да алтын жүлделерді Қазақ Елінің спортшылары жеңіп алды. Ал, Теңге ілуден Қырғызстан командасының өкілі қола жүлде иеленсе, Аударыспақтың бес салмағы бойынша  Қытай, Моңғолия, Тәжікстан, Ауғанстан, Өзбекстан, Қырғызстан балуандары бірнеше күміс, қола жүлделерді жеңіп алды. Балуандар 250 мың (қола жүлде), 500 мың (күміс жүлде), 1 миллион (алтын жүлде) теңге сыйлықпен марапатталды.

    Аударыспақтан ІІІ Азия чемпионатының абсолютті салмақтағы жекпе-жегінде жаңа есім жарқырап шықты. Ақтөбелік жас балуан Арман Сағынбаев қарсыластарының барлығын бет қаратпай ұтып, ІІІ Азия чемпионатының түйе балуаны атанды.

    Қазақ спортшылары қалай құрмет тұғырына көтерілді?

    Біз оқырмандарымызға алғашқы күнгі Теңге ілудің ашылу салтанаты мен жеңімпаздары туралы жаңалықты кеше хабарлап қойдық. Сондықтан, бүгінгі айтпағымыз тек аударыспақ туралы.

    Ұлттық спортттың жанкүйерлері жақсы білсе керек, бұған дейін Аударыспақтан І Азия чемпионаты 2014 жылы Астанада, ІІ Азия чемпионаты 2016 жылы Қытай Халық Республикасының Іле-Қазақ  автономиялы облысында өткен еді. Екі  чемпионатта да барлық салмақтың бас жүлделерін қазақ балуандары иеленген болатын. ІІІ Азия чемпионатында да біздің жігіттер бес салмақ бойынша тағы да алтын медальды кеуделерінде жарқыратты. Ұлттық құрама командасының бас бапкері Қуанышбек Құрамаевтың, аға жаттықтырушы Жанбатыр Бекмұсаевтың,  жаттықтырушы Абат Аймағанбетовтың баптаған шәкірттері нағыз бабында екендігін тағы бір дәлелдеп берді. Аса ауыр салмақтағы Біржан Қосалиев, ауыр салмақтағы Сырым Ізбасаров, 80 килодағы Есімхан Рахматілла, 70 килодағы Шыңғысхан Ержанов, 60 килодағы Азамат Серғазин ел сенімін ақтап шықты. Бесеуі де өз салмақтарында қарсыластарын қапы қалдырып, Азия чемпиондары атанды.

     

    Фотода: (оңнан солға қарай) ІІІ Азия чемпионаттарының жеңімпаздары Қазақстан құрама командасы —  Шыңғысхан Ержанов, Біржан Қосалиев, Сырым Ізбасаров, абсолютты салмақтағы чемпион Арман Сағынбаев, Есімхан Рахматілла және  Азамат Серғазин

    Әрине, басқа мемлекет балуандарының да осалы болған жоқ.  Әсіресе, финалда күміс жүлдеге қол жеткізген моңғолиялық Матей Базарбай (60 кг), ауғанстандық Ахмаджан Мохаммад Исхад (70 кг), қырғызстандық Амантур Минуруулу (80 кг), тәжікстандық Фарход Холов (90 кг), өзбекстандық Ихтяер Толипов (+90 кг) біздің балуандармен арыстандай айқасып бақты. Бірақ, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының ұйымдастыруымен Азия чемпионаты алдында екі мәрте оқу-жаттығу жиынында шыныққан. Қапысыз даярлықтан өткен қазақ балуандары әр  жекпе-жекті даусыз ұтып отырды.

    Оқу-жаттығу жиыны туралы сөз қозғалған соң, мына бір ойымызды осы тұста айтып өткен орынды сияқты. Алдыңғы хабарымызда айттық, Теңге ілуден ІІ, Аударыспақтан ІІІ Азия чемпионатының жүлделерін сарапқа салу тоғыз мемлекет командасының арасында өтті. Соның ішінде, Теңге ілуде тек қырғызстандық шебер ғана қола жүлдеге қол жеткізді. Оның өзі, екінші күні аударыспақта 80 кг салмақта күміс жүлдегер атанған Амантур Минуруулу. Яғни, Қырғызстан командасында өз елінде теңге ілуден үздік атанған, арнайы даярланған спортшы болған жоқ. Бәсеке барысында байқалып тұрды, біздің Мағжан Сапарбек пен Ғалымжан Ізжановтан басқа 150 метрді 13-14 секундта жұлдыздай ағып өтіп, 4-5 теңгені аспанға лақтырып, жанкүйер айызын қандырған спортшы мүлде болған жоқ. Тіпті, теңге ілу былай тұрсын, көпшілігінің қолдары қара жерге жетпей жұртты күлдірді. Икемсіздіктен еңкейе бере аттан аунап түсіп те қалды. Құйғыта шабудың орнына шоқытып келіп теңге іліп, уақыттан ұтылып жатты. 150 метрді шауып өтудің шегі 19 секунд болса, кейбіреулері бірер теңгені ілуін ілгенімен, мәреге 20-22 секундтан аса жетіп, ұпайлары есепке алынбай қалды.

    Ал, аударыспақ сайысында жеті команда  спортшылары ғана жүлделі болды. Бас жүлдеге бес салмақ бойынша Қазақстан балуандарынан басқасы қол жеткізе алмады. Түркия мен Ресей балуандары елдеріне жүлдесіз оралды. Неге? Неге бас жүлденің барлығы Қазақстанда қалды? Өйткені, Азия чемпионаттарына өзге мемлекеттер Қазақстан командасы сияқты тыңғылықты даярлық жасаған жоқ. Бірер ай бұрын өткізілуге тиіс жүйелі оқу-жаттығу жиынын өткізбеді.

    Оның үстіне, Теңге ілуге де, аударыспақ сайысына да арнайы үйретілген ат қажет. Ал, Азия чемпионаттарына сегіз мемлекет те атсыз келіп қатысты. Сондықтан, шетелдік спортшылар аударыспақ пен теңге ілуге еш бейімі жоқ, тақымдары үйренбеген ат үстінде қайдан табысты өнер көрсетсін? Міне, «Неге бас жүлденің барлығы Қазақстанда қалды?» деген жоғарыдағы сауалдың бір жауабы осы. Біздің білуімізше, Азия елдерінің ұлттық спортты дамытуға құлшыныстары күшті болғанымен, осы теңдесі жоқ ұлттық ойындарды нағыз спорттық бәсекеге айналдыруға әлі немқұрайлы қараумен жүр. Спортшыларын жарыс басталар қарсаңда ғана жинайды. Айналып келгенде, апыл-ғұпыл іріктеудің,  болар-болмас даярлықтың нәтижесі осы Азия чемпионатындағыдай көзге ұрып тұрады. Кілең икемсіз теңге ілуші, батылдықтан гөрі жасқаншақтығы көп байқалып қалатын бос тақым аударыспақшы.

    Ал, егер өзге мемлекеттер де Қазақстан командасы сияқты чемпионат алдында жүйелі оқу-жаттығу жиынын өткізіп, өздері үйреткен есті аттарымен сайысқа түсер болса, мұндай халықаралық жарыста бас жүлделерді уыстап алмас па еді.

    Бір емес, міне, қалың жанкүйер бүгін үшінші Азия чемпионатын тамашалады. Ұйымдастыруда еш мін жоқ. Қалың көпшілік екі күн бойы ұлттық спортқа жанкүйерлік танытты. Бірақ, арада өткен төрт-бес жылда еш өзгеріс жоқ сияқты. Шетелдік ұлттық ойын спортшыларының деңгейі әлі бір қалыпта тұр. Қазақстандық командаға шынайы лайық қарсылас байқалар емес. Мүмкін осы жолғы жеңілістің ащы дәмі көпшілігіне ой салар деп үміттенеміз. Әйтпесе, мұндай баяу қарқын ұлттық ойын бәсекелерінің  қадамына тұсау болуы да мүмкін ғой…

     Ақ жауын астындағы айқас

    Сонымен, Аударыспақтан ІІІ Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Оңтүстіктің оғландары Біржан Қосалиев пен Сырым Ізбасаров үш дүркін Азия чемпионы атанды. Біржан балуан 2014 жылғы Азия чемпионатының, ал, Сырым балуан 2016 жылғы Азия чемпионатының абсолютті чемпиондары.

    Оңтүстіктің тағы бір саңлақ ұлы Есімхан Рахматілла 80 кг салмақта Азия чемпиондығына қол жеткізді. Есімхан Астанада өткен 2017 жылғы І халықаралық турнирде алғаш рет топ жарған болатын.

    Сондай-ақ, ақтөбелік бапкер Абат Аймағанбетовтың   үш шәкірті қатарынан жеңімпаз атанды. Атап айтқанда,  60 кг салмақта Азамат Серғазин, 70 кг салмақта Шыңғысхан Ержанов халықаралық додаға алғаш рет қатысқандарына қарамастан, қарсыластарын айқын басымдылықпен ұтып, Азия чемпионатының алтын медалін иеленді.

    Аударыспақтан ІІІ Азия чемпионатының жаңалығы – Арман Сағынбаев болды.  Азияның абсолютті салмақтағы бәсекесінде ақтөбелік бапкер Абат Аймағанбетовтың шәкірті Арман Сағымбаев түйе балуан атанды.

    Арманның абсолютті салмақтағы айқастарына қарап, атамыз қазақтың «Күш атасын танымас» деген мәтелі ойымызға орала берді. Бұл сайысқа 80 килодан жоғары салмақтағы он балуан білек сыбанып шыққан. Арман алғашқы айналымда өз тобындағы ең мықты қарсылас, «аударыспақтың арыстаны»  атана бастаған Сырым Ізбасаровтан айласын асырып кетті. Жанкүйер мұны кездейсоқтыққа балаған. Бірақ, екінші топтағы қарсыластарын қирата жеңіп шыққан Біржанмен ақтық кезеңде қаймықпай ұстаса кеткенінде Арманның осы сайысқа қапысыз даярлықпен келгені айқын аңғарылды.

     

    Фотода: Финалдағы Арман Сағынбаевтың жеңісті сәті

    Біржан мен Арманның айқасы кезінде ақ жауын құйып тұр еді. Екеуі ұстасып тартысқанда Біржанның «Қаратөбелі» мен Арманның «Нұрқасқасы» тұрған жерінен тапжыла алмады. Төрт аяқтары шашаларынан топыраққа батып, тұралады да қалды. Біржанның салмағы 110 килоға жуық. Ал, Арман болса 80 кг салмақтың балуаны ғой. Сөйте тұра,  Арман талай додада олжа салған тәжірибелі Біржанға 5 минут ішінде бір ұпай ұстатпады, өзі де ұпай ала алмады. Біржан жасы отызды орталаған, қақпақ жауырынды, ет-жеңді, жуан мойын, қол-аяғы балғадай сақа балуан. Ал, жасы жиырмадан енді асқан бозбала Арман болса оның қасында тым талдырмаш денелі көрінеді.  Екеуінің жекпе-жегі жанкүйерге арыстан мен қабыланның айқасындай болды.

    Ереже бойынша екі спортшының бірі  5 минутта еш ұпай алмаса, төрешілердің қадағалауымен екеуі күресті белбеуден ұстасып бастайды. Кімнің қолы белбеуден бұрын босаса, сол жеңіліс табады. Бұл  белдесу уақыты да бес минут.  Төреші ысқырығы шалынысымен қос балуан қапысыз ұстасып, шірене тартысты бастап кетті. Алғашқыда алып денелі Біржан дүлей күшпен  ырғай тартқанында Арманды ат үстінен жұлып алардай көрінген. Алайда, тақымы тастай Арман ат қапталына тез ойысып, шіреп тартып жата алды. Біржан балуан бар күшімен сілкіп те тартты, жұлқып та тартты. Иесі өкшесін қанша қадай тебінгенімен тұлғасы нардай «Жындықараның» жалғыз аттауға мұршасы болмады. Сондай дүлей күшке еш сыр бермеген Арманның шыдамдылығына жанкүйер біткен тік тұрып қол соқты.  Екеуі де сол сіресе ұстасқан қалпы 5 бес минутты өткізді. Мұндайда, ережеге сәйкес жеңіс салмағы жеңіл балуанға беріледі.

    Сөйтіп, үш дүркін Азия чемпионы, 2013 жылдан бері ешкімнен ұтылмаған Біржан Қосалиевтен Арман Сағынбаев осылайша басым түсті. Бағы жанған балуан Арман ІІІ Азия чемпионатының абсолютті салмақтағы чемпионы атанып, 2 миллион теңге сыйлықты қанжығасына байлады.

    Фотода: ІІІ Азия чемпионатының абсолютті салмақтағы чемпионы Арман Сағынбаев

    Астананың 20 жылдығы мерекесіне орай ұйымдастырылған Аударыспақтан ІІІ Азия чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің толық тізімі төмендегідей:

    60 кг салмақ бойынша:

    Алтын медаль – Азамат Серғазин (Қазақстан Республикасы)

    Күміс медаль – Матей Базарбай (Моңғолия)

    Қола медаль – Акыл Саганбеков (Қырғызстан Республикасы)

    70 кг салмақ бойынша:

    Алтын медаль – Шыңғысхан Ержанов  (Қазақстан Республикасы)

    Күміс медаль – Ахмаджан Мохаммад Исхад (Ауғанстан)

    Қола медаль – Азирет Бакболотулуу (Қырғызстан Республикасы)

    80 кг салмақ бойынша:

    Алтын медаль – Есімхан Рахматілла (Қазақстан Республикасы)

    Күміс медаль – Амантур Минуруулу  (Қырғызстан Республикасы)

    Қола медаль – Серік Жеңісбек  (Монғолия)

    90 кг салмақ бойынша:

    Алтын медаль – Сырым Ізбасаров (Қазақстан Республикасы)

    Күміс медаль – Фарход Холов  (Тәжікстан Республикасы)

    Қола медаль – Байысғалан Досжан  (Монғолия)

    + 90 кг салмақ бойынша:

    Алтын медаль – Біржан Қосалиев (Қазақстан Республикасы)

    Күміс медаль – Ихтяер Толипов  (Өзбекстан Республикасы)

    Қола медаль – Думан Жұмабайұлы  (Қытай Халық Республикасы)

     

    Төлеген ЖӘКІТАЙ

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *