Алматыда қала әкімі Ерболат Досаевтың бастамасымен көктемгі студенттік іріктеу лигасы басталды. Бұл лига студенттік спортты дамыту мен жастардың салауатты өмір салтын арттыруға бағытталған. Жарысқа 35 жоғары оқу орны қатысады. Биыл алғаш рет жарыс үш спорт түрінен – футбол, волейбол және баскетболдан өткізіледі.
Турнирдің басты ерекшелігі – командалардың жарысқа тегін қатысуы, яғни ұйымдастыру жарнасы талап етілмейді.
Ұйымдастырушылар турнирдің жақсы өтуіне ерекше мән беріп отыр. Жергілікті федерациялармен бірлесіп, бекітілген стандарттар мен ережелерге сай білікті төрелік жасалады. Бұл ойындарды жоғары деңгейде өткізуге және әділ бәсекелестік орнатуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, тәртіп пен әділдікті сақтау мақсатында лига аясында даулы жағдайлар мен талапты бұзушыларды анықтап, «адал ойын» қағидасын қамтамасыз ететін Лиганың Тәртіптік комитеті құрылды.
Осы маусымдағы басты жаңалықтың бірі — ресми сайттар ашылды. Олар https://asvl.kz, https://asfl.kz, https://sblalmaty.mtgame.ru. деп аталады.
Бұл платформалар командаларды тіркеуге, ойын кестесін, құрамдарды және турнирлік кестелерді автоматты түрде құруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, алаңдағы барлық оқиғалар — голдар мен ұпайлардан бастап, әр ойыншының жеке статистикасына дейін — толықтай онлайн режимде көрсетіледі.
Барлық матчтар лиганың ресми YouTube арнасында тікелей эфирде көрсетіледі. Бұл турнирді үлкен аудитория үшін қолжетімді етіп, студенттік спортқа деген қызығушылықты арттыра түседі.
Алматы студенттер лигасы — бұл жай ғана жарыс емес. Бұл — студенттердің спорттық әлеуетін дамытуға, жастар арасында бұқаралық спортты насихаттауға және университеттік қауымдастықты нығайтуға арналған үлкен алаң.
Матчтардың 26–27 сәуір күндеріне арналған кестесі мен өтетін орындары туралы ақпарат:
Матчтар кестесі (26–27 сәуір)
Өтетін орны мен уақыты
Футбол
27 сәуір
Басталуы: 09:00 – 16:00
Мекенжайы: “ЦСКА” стадионы (Сатпаев көшесі, 6Б)
Волейбол
26–27 сәуір
Басталуы: 09:00 – 20:00
Мекенжайы: Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы (Абай даңғылы, 44)
Баскетбол
26 сәуір
Басталуы: 14:00 – 20:00
27 сәуір
Басталуы: 09:00 – 19:30
Мекенжайы: CK Champion (Қожабеков көшесі, 6)
Салтанат ҚАЖЫКЕН,
АЛМАТЫ