Кең байтақ Қазақ елінің әрбір жері қасиетті мекен. Қазақтың сайын даласында еліміздің осындай қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заманда өмір сүріп жатқандығы, қазақтың кең пейіліне қарай Алла тағаланың беріп отырған сыйы ма деп ойлаймын. «Тасы да алтын Қордайдың, тауы да алтын. Басы да алтын Қордайдың, бауыры да алтын» – деп кезінде қырғыз-қазаққа аты мәшһүр, ақын композитор Кенен Әзірбаев атамыз жырлағандай, расымен де қойны-бауыры құт-берекеге толы Қордай туралы қанша жазып-жырласақ та артық болмас.
Бүгінгі әңгіме желісін қазіргі заман ағымына сай дамып, өсіп келе жатқан жаңаша жарқырай түскен жасампаз жас Қордай елді-мекені мен осы өңірде тұрып жатқан адамдар туралы сөз еткелі отырмыз. Сонымен бірге, айтулы өңірден аттары елге танылған азаматтар туралы да тілге тиек етеміз. Қордай көршілес жатқан қырғыз ағайындармен қойы-қоралас, төскейді малы, төсекте басы қосылып жатқан еліміздің оңтүстік өңірінде орналасқан елді мекен. Сондықтан ол елімізге кеден арқылы табыс әкеліп жатқан берекелі кіріс көзінің бірі. Кезінде айтулы өлкеден қазақ еліне танылған бірқатар тұлғалы адамдар шықты. Олардың арасында ертеректе Кебекбай шешен, Еркебай Қашағанов, Сарбас ақын, Кенен Әзірбаев, Әлмен ақын, Ноғайбай шешен, Жолбарыс, Қыбырай мен Қордай секілді батырлардың кіндік қаны тамып, жүріп өткен іздері қалған болса, Кеңес дәуірі тұсында ақын Рза Қунақова, қоғам қайраткерлері Өмірбек Бәйгелді, Құрманғали Уалиев, әнші композитор, халық сүйіп тыңдайтын «Дос Мұқасан» ВИА құрушысының бірі Мұрат Құсайынов сынды көптеген елге танымал әр саланың саңлақтары бар. Құнанбайдың көп келіндерінің бірі, күйеуі ерте қайтыс болған Ақмай сұлу Қордайдағы Сұлутөр жерінде тұратын, ел басқарып, қырғыз-қазаққа бірдей аты шығып, патшадан шен алған, Жетісу жеріне аты кеңінен танылған Ноғайбайға екінші әйел болып күйеуге шыққанда, артынан Ұлы Абай іздеп келіп, бірнеше күн Сұлутөрде қонақ болып кеткен екен. Ақылына көркі сай Ақмай сұлуды ел ішінде «Арғын апа» — деп атап кетсе керек. Сонда Сұлутөрге келіп, Ноғайбайдың ел болып қошаметпен күтіп алған сән-салтанатты қонақжайлығына зор алғысын білдірген хәкім Абай: «Алатау асқар бел екен, Үйсін атты ел екен. Етек-жеңі кең екен. Сұлутөр құтты жер екен. Елден-елдің кемі жоқ, төрт Дулаттың пейілі Тобықтыдай кең екен. Ерден-ердің кемі жоқ, Ноғайбайдай ұлыңыз қыдыр қонған ер екен. Бақытты болсын Ақмайым, келген жерің құт екен. Қош аман бол ер Ноқа, арта берсін берекең» — деп өлеңдетіп, қимай қоштасқан екен.
Міне, қазақтың ғасырда біртуар ұлы, данагөй Абайдың — құтты қоныс Қордай жерін, Сұлутөрді осылай сипаттап кеткен.
Сонымен қатар Қордай жері қазақ еліне аттары мәлім жұлдызды спортшылармен де белгілі. Айталық, кәсіпқой бокстан кезінде алдына жан салмаған былғары қолғап шебері Марат Мәзімбаев, Ушу-сандо жекпе-жегінен әлем чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы Диас Жамаш, еркін күрестен 1998 жылы Ұлыбританияда жасөпірімдер арасында өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Төлеген Ақылбеков сынды спорт саңлақтары осы Қордай өлкесінен өсіп өнген азаматтар.
Бүгінгі таңда Қордай ауданы жаңа заман ағымына сай жаңаша серпіліспен биік жетістіктерге жетіп келеді. Оған себеп алдымен бұқара халықтың спортқа деген жақсы көзқарасы болса, екінші жағынан жаңадан тұрғызылып, халықтың игілігіне беріліп жатқан спорт нысандары. Мысалы, су жаңа соғылған 320 көрерменге арналған дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешенін айтсақ, бұл зәулім спорт ордасында волейбол, баскетбол, үлкен теннис, жеңіл атлетика, кіші футбол, дзюдо, қазақ күресі және еркін күресі түрлерінен жасөрендер жаттығып, үлкен спортқа қадам басуда.
Қордай ауданында спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар саны — 42110 адамға немесе 29,3 пайызға жетті. Аудан тұрғындарының бос уақыттарын тиімді өткізу және бұқаралық спортпен шұғылданушыларға жалпы білім беретін мектептердің спорт залдары мен спорт нысандары кешкі мезгілде аудан тұрғындарына есігін айқара ашқан, бәріне қолжетімді. Жыл қорытындысы бойынша 216 спорттық іс-шара өткізіліп, оған 23050 адам қамтылу деген үлкен көрсеткіш. Негізі аудандағы үш спорт мектебінде спорттың 18 түрінен 126 топта 1694 оқушы 48 жаттықтырушының қол астында шеберліктерін шыңдайды. Ал бұған аула клубтарын да қоссақ болады.
Қордай ауданы әсіресе, ұлттық спортқа баса назар аударған. Кезінде бұл өңірде Талисман, Қаратөбел, Даяр секілді аузыменен құс тістеген, жал құйрығы төгілген жүзден жүйрік тұлпарлар талай аламан жарыстың алдын бермей, Қордай жерін Қазақстанға танытқаны белгілі. Қордайлықтар ат спортымен бірге басқа да ұлттық ойындарды жаңғыртып келеді. Айталық, 2018 жылдың наурыз айынан бастап ұлттық спорт түрлері бойынша тоғызқұмалақ, асық ату, аударыспақ, қазақ күресі, құсбегілік, қыз қуу, теңге ілу, көкпар тарту ойындарын дамыту мақсатында №3 балалар – жасөспірімдер спорт мектебі өз алдына шаңырақ көтерсе, бүгінгі таңда ұлттық спорт түрлерінен аудандық деңгейде 4 бірдей дүбірлі жарыс өткізіліп, облыс бойынша екі бірдей аламан жарысқа қатысып қанжығалары майлана түскен екен.
Қазақстан Республикасы дамуының Стратегиялық жоспарында Елбасы 2020 жылға дейін республикамызда дене шынықтырумен шұғылданатын халықтың пайыздық көрсеткіші 30% жеткізуді тапсырған болатын. Осы мақсатта Қордай ауылында 320 көрерменге арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешенің құрылысы аяқталып, Астана қаласының 20 жылдығына орай салтанатты түрде ашылуы өтіп, тұрғылықты ел бір қуанып қалды. Спорт кешенінде аудандық, облыстық, халықаралық турнирлер өткізілетін болғандықтан, жобаға сай ол бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығы болып құрылды. Айтулы спорт комплексі бір жағынан қаншама талантты жас спортшылардың томағысын сыпыруға себеп болатын болса, екінші жағынан қаншама адамға жұмыс орны табылып күрмеуі қиын жұмыссыздықтың түйіні шешілуде. Бүгінгі таңда бұл спорт орнында 24 штаттық бірлік және 19 ауылдық округтерде спорт әдіскерлері жұмыс істейді.
Сондай-ақ, спорт кешенінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың және ардагер спортшылардың спортпен шұғылдануларына жағдай жасалып, арнайы кесте бекітіліп, спорт залдармен қамтамасыз етілген екен. Бұл да көңілге қуаныш сыйлайтын игілікті қадам деп білеміз.
Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы тарапынан облыстық бюджеттен 2019-2021 жылдар аралығында Қордай ауданындағы 5 ауылдық округке кезең-кезеңімен спорт кешенін салу жоспарға алынып бектіліпті. Отар ауылына 2019 жылы, Қордай, Бетқайнар ауылдарына 2020 жылдары, Сортөбе, Аухатты ауылдарына 2021 жылдарында салу жоспарда бар екен. Ендеше, Қордай өңірі спортқа, салауатты өмір сүру бағытында берекелі істермен болашаққа беттеп келеді.
Ал енді осы Құтты Қордай жерінде туып өсіп, еліміздің намысын әлемдік, халықаралық жарыстарда абыроймен қорғап жүрген жалынды жастардың есімдерінде айтпай кету мүмкін емес.
Өткен жылы 1-3 ақпан аралығында Иран мемлекетінде Тегеран қаласында өткен жеңіл атлетикадан XXIIІ Азия чемпионатында Светлана Голендова 4х100 метр эстафеталық жүгіруден және жекелей жүгіруден бірінші орын және тамыз айында Индонезия мемлекетінің Джакарта қаласында өткен жеңіл атлетикадан Азия ойындарында жүлделі үшінші орынды иеленген.
Сонымен қатар Ресей Федерациясы Анапа қаласында кикбоксингтан өткен Әлем кубогы жарысында Бейсенбек Мақсат күміс жүлдені, Айдын Тұрдыбеков қола медальді жеңіп алып, Қордай ғана емес Қазақстанның мәртебесін көтеріп тастаса, 2018 жылдың сәуір айында аула ойындарынан Тараз қаласында өткен ІІІ кезең облыстық фестивалінде Қордай ауданы жалпы командалық есепте бірінші орынға ие болыпты.
Өткен жылдағы аудан үшін тағы мақтана айтар жаңалық, Тараз қаласында өткен көше ойындарынан ІІІ кезең облыстық чемпионатында Қордай ауданы 16-21 жас аралығында командалық есепте бірінші орынды алса, Тараз қаласында алаңдағы тоғызқұмалақтан Жамбыл облысының чемпионатында Қордай ауданы жалпы командалық есепте бірінші орынға иеленді.
Сонымен бірге маусым айында облыс орталығында өткен тірек-қимыл аппараты зақымданған және көру қабілеті төмен мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында Қазақстанның бесінші Спартакиадасына Жамбыл облысының іріктеу жарысында тоғызқұмалақтан Шамил Ришат бас жүлдені жеңіп алған. Ал жалпы аудан бойынша жекелей тұрғыдағы жетістіктер туралы сөз еткенде төмендегі спортшылардың аты-жөндерін алға тартуға болады. Қазақстаның жепке-жек спорт түрінен бес дүркін чемпионы, панкратионнан әлем чемпионы, ONE FC жекпе-жегінен әлем чемпионы, көптеген халықаралық жарыстардың жеңімпазы, Қордай ауданы Қарасу ауылында дүниеге келген Игорь Свирид, панкратионнан әлем чемпионы, кикбоксингтан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстаның панкратионан үш дүркін чемпионы, қолмен күрес спорт түрінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қордай ауданы Қордай ауылында туған Сағын Қазбек, Әлем кубогының иегері, панкратионнан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, алты дүркін Қазақстан чемпионы, қазіргі таңда кәсіпқой бокста үш кездесу өткізіп, үшеуінде де жеңіске жеткен, Қордай ауданы Аухатты ауылының тумасы Асхат Жантұрсынов, кикбоксингтан әлем чемпионы, спорттың осы түрінен Қазақстан чемпионы, кикбоксингтен спорт шебері, Қордай ауданы Булар батыр ауылында дүниеге келген Рашид Дауров, әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Қазақстаның еркін күрестен үш дүркін чемпионы, көптеген халықаралық жарыстардың жеңімпазы, еркін күрестен спорт шебері, жекпе-жек спорт түрінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қордай ауданы Қордай ауылында туған Төлеген Ақылбеков, Азия ойындарының эстафеталық жүгіруден күміс жүлдегері, Қордай ауылының тумасы Светлана Ивачукова және кәсіпқой бокстан IBА чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Шығыс Азия ойындарының жеңімпазы, Қарулы Күштер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия ойындарының қола жүлдегері, Қордай ауданы Қордай ауылында дүниеге келген Марат Мәзімбаевтарды жергілікті жұрт мақтанышпен айтады.
«Бітер істің қасына жақсы келер қасына» — демекші, Қордай ауданының осындай қарқынды дами түсуіне жоғары басшылықтың да үлесі бір түйеге жүк артқандай. Айталық, аудан әкімі Байтөле Болатбек Байқонысұлының біліктілігінің арқасында көптеген іргелі жаңа жобалар дүниеге келіп іске асуда.
Жуырда ғана Қазақтың Спорт және туризм академиясының қара шаңырағында айтулы оқу орны мен Республикалық «Спорт жұлдыздары» редакциясы бірігіп, жыл үздіктерін анықтаған болатын. Сол шара барысында еліміз бойынша «Үздік аудан әкімі» жүлдесі Қордай ауданының әкімі Байтөле Болатбек Байқонысұлына берілген еді. Сонымен қатар Жамбыл облысы бойынша «Ең үздік спорт бөлімі» — деген құрметті марапатты Қордай ауданы әкімдігінің Денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы, жасөспірімдер арасында самбодан әлем чемпионы, ерсектер арасында күміс жүлдегер Дидар Молдағалиевтің ерен еңбегі еленіп, осындай мақтан болар жетістіктерге жетіп отыр екен. Бұл еңбектің жемісінің бағалануы деп білеміз. Осындай спорт саласындағы серпінді қозғалыстың байқалуы, табанды жұмыстың нәтижесі екенін баса айтқан жөн. Яғни, «қарға сойса да қасапшы сойсын» — деген ұғым бар. Әр салада өз маманы ғана болып қоймай, инновациялық жаңа ой-идеяларды іске асыруда Қордай өңірі міне, осындай іргелі істермен облыс бойынша қамшы салдырмай алда келеді.
«Асыл тастар асқар тауда туады» — деген қанатты сөз бар. Қойыны құт-берекеге тұнған Қордай жерінде экономикалық өрлеу мен бірге үлкен спорттың да дамып бара жатқанының осылайша күәсі болып отырмыз. «Бүгінгі күн-кешегі күннің көлеңкесі» — деп бабаларымыз тегін айтпаса керек. Бүгінгі күні Қордай өңірінің күннен күнге жасара-жақсара түсуі, кешегі өткен алтын ізді бабаларымыздың қалдырған мұраларын жаңғырта отырып, заман ағымынан қалыспай жанжақты дамуды мақсат ету деп ойлаймыз.
Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,
Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі, Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты